Медиация – мәмілеге келу жолы

mediaciya3Медиация деген терминнің біздің өмірімізге енгеніне де біраз уақыт болды. Ең алғаш 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген қағидадан аттап кетуге бәлендей құлшынбайтын біздің ел үшін кереметтей жаңалық емес еді. Жер дауы мен жесір дауын бір ауыз сөзбен-ақ тоқтатуға құдыреті жеткен атақты билерді ендігі заманда медиаторлар, қазақи тілмен айтсақ бітімгерлер алмастыра бастады.
Негізінен азаматтық істерге қолданылатын медиацияның көздеген мақсаты – «аянбаған жауды алар, абайлаған дауды алар» деген сөздің түпқазығын бекіте түсу. Мына жалғанда дүние мен мүлікке таласып немесе абайламай ақ жолдан тайып аяқ астынан жазалы болғандардың басын даудан арашалап, екі жақты бітімгершілікке шақыруды көздейтін заңның тұғыры күн өткен сайын бекіп келеді.Бір тауық үшін тағдырын темір тор талқандағандар қоғамның бітеу жарасына айналып отырған заманда бітімгершіліктің маңызы зор екені даусыз. Билік айтудың оңай, бірақ біліп айтудың қиын екенін ұрпағына ұғындырып кеткен Шақшақ Жәнібек бабамыздың өсиеті қазір де жадымызда ұстар асыл сөзге айналып отыр. Заң талабына сәйкес жоғары білімімен қатар тәжірибесі де бар әрі жасы 25-тен асқан азаматтар, бұрынғы судьялар мен прокурорлар медиатор бола алады. Сонымен қатар, медиаторларға қойылатын басты талап – олар дауласушы екі жақтың да тілін таба алатын психолог болуы керек десек, дәл мұндай жан-жақты медиаторларды көбейту бүгінгі күннің талабы болып отыр. Елімізде неғұрлым білікті медиаторлар көбейген сайын азаматтық істерді қарайтын судьялардың жүктемесі азаятыны анық. Жуырда Мәжіліс депутаттары азаматтардың медиация институтын белсенді қолдануын және сот процесін неғұрлым ерте сатыда аяқтау үшін азаматтарды қаржылай ынталандыруды көздейтін жаңа «Азаматтық іс жүргізу кодексін» бірінші оқылымда қабылдады. Яғни, кодекстегі тың қадамдардың бірі – медиация институты кеңінен қолданылмақ. Тараптарды татуласуға қосымша ынталандыру үшін оларға сотқа шағымданған кезде төлеген мемлекеттік баж қайтарылады. Ал, егер аталған заң талаптары сақталмаған жағдайда, арыз қаралмай кері қайтарылады және дауды бітімгершілік тәртібімен реттеуге кедергі келтірген тараптан сот шығыстары өндіріліп алынады. Бұл ретте дауларды сотқа дейін реттеу мәселесіне де тоқтала кеткен жөн. Жаңа кодексте егер белгілі бір істердің санаты үшін заңдар және шарттар бойынша талап қою немесе өзге де сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделсе, онда тек осы талап сақталған жағдайға ғана сотқа жүгінуге болатыны да баяндалған. Бұл жобада азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сот ісін жүргізуде бітістіру рәсімдерін қолдану мәселесімен қатар, соттар қызметінде ақпараттық технологияны кеңінен пайдалану мәселесі де көзделген. Бір сөзбен айтқанда медиацияны кеңінен қолданысқа енгізудің тағы бір тиімділігі – дауласушы тараптар уақыттан да ұтады. Мысалы, сот шешіміне қанағаттанбаған тараптың өтініші апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қайта қаралып, уақыт созылады. Ал, медиация әдісі кезінде істі қарау уақыты екі жақтың бітімге келуіне байланысты. Егер бітімгершілікке келе алмаған жағдайда сотқа жүгінуіне де болады. Депутаттар алдында Жоғарғы соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменова медиациямен тек медиаторлар ғана емес, тараптардың өтініші бойынша судьялар да айналыса алатынын айтты.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*