Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

IMG_3268Биыл еліміздің құқық қорғау жүйесінде үш бірдей жаңа кодекс қолданысқа енді. Саптағы сақшылардың қызметі бұрынғыдан анағұрлым қауырт, жауапкершілік жүгі әлдеқайда жоғарылады. ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінде өткен Қоғамдық кеңесте көлік полицейлері олқылықтардың орнын толтырып, алда атқарар шаруаның шаш етектен екенін баса айтты. Кеңес жұмысына Мәжіліс депутаты Серік Оспанов, Көліктегі Ішкі істер департаментінің бастығы Ержан Саденов және теміржол мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Көліктегі Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Арғынбаев жаңа заңға үйрету ғана емес, сондай-ақ, барлық қызметкерлерді «Казтокен» персоналды электрондық сандық қолтаңбамен қамтамасыз ету қажеттігі алға қойылғанына тоқталды. Екі ай ішінде көлік полицейлері Бас прокуратурамен бірге апта сайын саладағы сан түрлі көкейкесті мәселелерді қаузап, ортақ тәжірибені жүзеге асыру үшін видеоселекторлық жиналыстар ұйымдастырған. «Жасыратыны жоқ, талқылау барысында кейбір нормаларға байланысты прокурор, тергеушілер мен судьялар арасында әртүрлі ойлар айтылды. Алайда, барлығы өз шешімін тапты», – дейді Бауыржан Арғынбаев. Сондай-ақ, ол «Қылмыстық кудалауды жүзеге асыру кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау» тақырыбында жасаған баяндамасы барысында жыл басынан бері қолданысқа енгізілген жаңа заңнамалардың тиімділігіне қысқаша тоқталды. Айталық, осы жылдың екі айында ғана департементтің желілік бөліністерінде 1080 арыз-шағым тіркелген. Қазіргі таңда департаменттің қызмет көрсету аумағында келіп түскен арыз шағымдарды тіркеу 100 пайыз қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, анықтау басқармасы былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе артық (425 тен 796 іске дейін) іс тергепті. Бұл орайда жаңа үлгідегі тергеу мен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген көші-қон, әкімшілік, криминалдық полиция қызметкерлеріне тергеуді жүргізу құқығының берілуі септігін тигізгенін айтып өткен абзал. Теміржол вокзалдары мен әуе көлігі нысандарында орын алған қылмыстық істерді тергеу барысында орын алатын кемшіліктердің себеп-салдары да кеңестің күр тәртібіне айналды. Мәселен, өткен жылы тергеушілер мен анықтаушылар сотқа жолдаған қылмыстық істердің жартысы жеңілдетілген өндіріспен аяқталған. Оның 39-ы ауыр қылмыстар санатында болыпты. Бұл істерді тергеу барысында бірде бір заң бұзушылық фактілеріне жол берілген жоқ. «Біз заң бұзушылармен қатаң жұмыс жүргізе бастадық. Өткен жылы азаматтардың конституциялық құқығының бұзылуы бойынша 5 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3-уі басшы лауазымында болған. Сонымен бірге, былтыр алдын ала тергеу өндірісінде азаматтардың конституциялық құқығының бұзылуы бойынша 8 факті тіркелген. Біз әрбір істі егжей-тегжейлі тексере келе, қорытынды заң талаптарының бұзылуы көп жағдайда есірткі заттарының заңсыз айналымы қылмыстары кезіндегі қылмыстық істерді тергеу барысында орын алатынын көрсетіп отыр. Сондай-ақ, жиналған дәлелдемелердің дұрыс бағаланбауынан да заңсыздықтар туындайды. Сонымен бірге,мұндай қателіктер Ішкі істер органдарында ғана емес, прокурормен де орын алып жатады», – деп атап өтті Бауыржан Арғынбаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, мемлекет тұрақтылығын сақтауда полицияның халық алдындағы жауапкершілігі мен беделін көтеру керек екендігін баса айтып жүр. Соның ішінде, халықтың арыз-шағымына дер кезінде ден қойып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қадағалау басты міндет. Елбасы айтқан осы ескертпе Қоғамдық кеңесте басты тақырыпқа айналып, алда атқарылар шаруа пысықталды. Ол үшін қызметкерлердің жаңа заңнамаларды терең зерттеп, білімдерін ұдайы жетілдіріп отыру қажеттілігін Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Оспанов қадап айтты. «Заң бұзушылықтардың алдын алу және де халықтың сақшыларға деген сенімін нығайту үшін жауапкершілікті арттырып, қызметкерлердің кәсіби білімдерін жетілдіру, азаматтардан келіп түскен арыз-шағымға уақтылы және объективті түрде шара қолдану мәселелерін жандандырайық», – дейді жиынды қорытындылаған кеңес мүшелері.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*