Қырағы курсанттар

DSC_3383Таяуда Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің курсанттары өз-өзіне қол салмақ болған адамды ажалдан аман алып қалды. Бұл оқиға 5 наурыз күні кешкі сағат 7-лер шамасында болған.
Департаменттің «Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Кәсіби даярлық мектебінің алғашқы дайындықтан өтіп жүрген курсанттары – Қордай ауданы №9 Өрт сөндіру бөлімінің өртке қарсы қызмет кіші сержанттары Қайсар Алмасбек, Қордай аудандық №4 Өрт сөндіру бекетінің өртке қарсы қызмет кіші сержанты Еркебұлан Шарипбаев пен өртке қарсы қызмет сержанты Медет Тлемисов осы кезде кезекті сабақтан үйлеріне бет алады.
Жол жөнекей Тараз қаласының 8-шағын ауданындағы 3-үйдің жанына өтіп бара жатқан олар 5-қабаттан төменге секірмекші болып жатқан бейтаныс адамға қарап қаумалап тұрған көпшілікті көздері шалады. Шамасы бейтаныс өз-өзіне қол жұмсамақшы болған сыңайлы. Жұмысқа жаңадан қабылданған курсанттар шұғыл түрде жоғарғы қабатқа жүгіре көтеріледі де шатырға шығады. Ал біреуі бесінші қабаттағы тепкішек торында қалады. Биіктен еш қорықпаған олар әлгі кісіні райынан қайтару мақсатында басу сөздер айтуды тоқтатпайды. Осылайша олар мас күйдегі адамды тұғын үйдің шатырынан тепкішек арқылы аман-есен түсіріп алады. Мұның бәрін көршілері мен оқиға куәгерлері фото және бейнетаспаға түсіріп алған болатын. Осындай қырағы курсанттар келешекте де әлі талай тағдырларға араша болары анық.

Нұрболат ӨМІРЗАКОВ, Жамбыл облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*