Туған күнінде жеңісті тойлаған жауынгер

Жұмаш қарияСонау 1926 жылдың 9 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы Жамбасарық ауылында Қадырбайдың қара шаңырағында дүниеге балпанақтай ұл келді. Қадырбай ұлын қолына алып, азан шақырып «сенің атың – Жұмаш, Жұмаш, Жұмаш» деп үш рет құлағына айқайлады. Алатау сілемдері оның дауысын жаңғыртып тұрды. Дәмегөй әке ұлының ертеңінен үлкен үмітті еді. Бірақ, әз әке ұлының туған күнін әрдайым мақтаныш тұтып өтерін білген жоқ. Сезгенде бар ғой, Жұмаш деген жақсы есімді Жеңіс деп өзгерте салуға әбден-ақ болар еді. Жұма күні жарық дүниенің есігінен сығалаған Жұмаш атайдың күндей күркіреген сұрапыл соғыстың от-жалынын кешіп, Жеңіс күнін Эльбада қарсы аларын кім болжапты?!
Ол 1940 жылы жетінші сыныпты бітіріп шықты. Одан әрі оқуға қауқары болмады. Бұл оқуға деген құлықсыздықтан емес-ті. Қарт әке мен шешесінің ахуалына алаңдағандықтан колхоздың күні-түні бір бітпейтін күйбеңіне кірікті де кетті. Ол әлі белі қатпаған шағында еңбекке осылай араласты.
Бір жылдан соң Батыстан бұрқасын бұлт көтерілді. Ауылдың бас көтерер ер-азаматтары түндей түнеріп, кеуделеріне кек қатып, эшалон-эшалонымен қан майданға аттанып жатты. Жасы кәмелетке толмағандықтан әрі колхозда жұмыс істейтін адам қалмағандықтан Жұмаш қара жұмысқа жегіліп, ауылда қала берді. Көп ұзамай ауылға қара құзғындардай таптап «қара қағаз» деген қасірет келе бастады. Күні кеше ырдуан арбаға өз қолымен отырғызып, соңынан қол бұлғап шығарып салған бауырлары енді қайтып оралмайды дегенге сенгісі келмеді. Жауды жер жастандырып, Жеңіс жалауын желбіретіп, туған жерге аман-есен оралу оның да бала жүрегіне берік орнықты.
Ақыры бұл күнге де жетті. 1944 жылдың басында әскери комиссариаттан оған да шақырту қағазы келді. Жұмаш қолындағы күрегін осылай қаруға айырбастады. Семейдегі №209 жаяу әскер полкінде әскери даярлықтан өтті. Арнайы дайындықтан өткен жас жауынгерлерді Польшаға жеткізді. Көп ұзамай олар бірінші Беларусь майданы, үшінші екпінді армия 175 дивизиясының №282 жаяу әскер полкі құрамында Қасым Аманжолов: «Майдан етіп дүние төрін, Темір гүрзі қақтап отқа, Жекпе-жек кеп өмір-өлім, Соққыласып жатқан жоқ па» деп жырлағандай, өмір мен өліммен бетпе-бет кездесті. Аты жаман соғыстың салмағын сонда сезінді. Жамбасарықтың жотасында тұрып: «Немістерді былай ұрар едім» дегені әншейін ғана далбаса екен. Жауды жеңу үшін қайраттылық, ерлік, өжеттілікпен бірге айла да керек болып шықты. «Айласы басым алып та жығады, шалып та жығады» дегенді бабаларымыз қалай тауып айтқан десеңізші. Ол – мерген еді. Дұшпанның небір сұр мергендері қылт еткенді қағып түсіп жатқан қарбалас шақ. Айлаңды асырмасаң аңдыған жау қиып түседі. Мерген қарсыластың қапы қалған жерін дәл болжауы тиіс. Әйтпесе нысанаға өзің ілігесің. Жұмаш Қадырбаев құралайды көзге ататын нағыз сұр мерген болып қалыптасты. Аңдысқан жауды талай рет қапы қалдырды. Сондықтан командирлер оны үнемі жауапты жерлерге жұмсайтын. Әсіресе, қарсы шабуылға шыққанда қолбасшылардың өміріне қауіп төнбес үшін дұшпандардың мергендерін жусандай жапырып отыруы керек еді. Ол бұл міндетті бірсыпыра мінсіз атқарды. Әсіресе, Подсдам қаласын алуда күшті қарсылыққа тап болды. Міне, сонда Жұмаш немістердің көптеген солдаттарын баудай түсірді. Осылайша ол жауынгер жолдастары алдында «сұр мерген» атанып қана қоймай, қаруластарының құрметіне бөленді. Қиян-кескі майданның бірінде байланыс үзіліп қалды. Қалың орманның арғы бетіндегі полкпен хабарласып, «шабуылды белгілі бір уақытта бастаймыз» деген командир бұйрығын жеткізуге екі жауынгерді шұғыл аттандыру керек болғанда таңдаудың бірі Жұмашқа түсті. Олар тапсырманы орындау үшін жолға екі жауынгер болып аттанды. Бірақ, тапсырманы орындауға енді аттанғаны сол, серігінің дәл маңдайына оқ тиді. Демек, неміс мергендері де мүлт кетпейді. Осыны ойлағанда Жұмаштың өне бойы дір етті. Бірақ, кері шегінуге жол жоқ. Тек алға жылжуы керек. Ол мергендердің нысанаға дөп тию амалын жақсы білетін. Сондықтан ол түрлі маневрге салып, орынын жиі өзгерте отырып алға жылжыды. Алдында ну орман. Бірақ, сол орманға жету мұң болды. Қарыс қадам алға жылжу ақырет еді. Сонда да ол бар екпінімен ілгері ұмтылды. «Өлдім, талдым» дегенде орман шетіне де ілікті-ау, ақыры. Одан әрі әр ағашты паналап, алға жүгіре жөнелді. Қойнындағы аса құпия хатты түсіріп алмауға тырысты. Егер жараланып немесе алдынан жау шыға келсе пакеттің көзін жойып жіберуі тиіс еді. Абырой болғанда ол өзіміздің әскерлерге аман-есен жетіп, құпия хатты командирдің қолына табыс етті. Қайтар жолдағы азапты да адамның басына бермесін. Осы ерлігі үшін ол омырауына «Қызыл Жұлдыз» орденін тақты. Мақтаулы мерген мұнан кейін де неміс басқыншыларының құрсауында қалған көптеген ауыл, поселке, село, қалаларды азат етуге қатысты. Берлин көшелерінде алшаңдап жүрді. Сол 9 мамыр – Жеңіс күні бұлардың полкі Эльба өзенінің бойында еді.
– Жеңіс! Жеңіс! – деп атой салды кеңес әскерлері.
Жауынгерлердің шаттығында шек болмады. Көздеріне жас алды. Бірін-бірі құшақтап төс түйістіріп, беттерінен сүйді. Бұл Жеңіс қаншама қаруластардың қанымен, азап пен ауыр бейнетпен келген еді.
– Бүгін менің туған күнім! – деді Жұмаш қаруластарына.
– Қандай бақыттысың! Бүгін екі бірдей қуанышқа бөленіп отырсын, – деп оны жерден көтеріп алып, әуеге бірнеше рет атты. Осылайша 9 мамыр оған қос қуанышын сыйлаған еді. Соғыс біткеннен соң Жұмаш Қадырбаев бірден елге қайтарылған жоқ. Ол Германия жерінде әскери қызметке қалдырылды. Шекара күзетінде болды. Жеңіс жауынгері Жұмаш жәкеміз «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Үздік әскери қызметі үшін», «К.Жуков», сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30, 60, 65 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Жұмаш Қадырбаев туған елге тек 1950 жылдың маусымында ғана оралды. «Әскерден келдім» деп әлпеш көретін заман ба, келе еңбек майданына сүңгіді де кетті. Колхозда бригадир болып орналасты. Бір жылдан соң комсомолдық жолдамамен оны ішкі істер органына қызметке жіберді. Майдангер Түлкібас стансасындағы желілік Ішкі істер бөлімшесінде зейнеткерлікке шыққанға дейін, яғни 1978 жылға дейін үздіксіз әрі мінсіз қызмет етті. Осы уақыт аралығында қадірменді Қадырбаев «Кеңес милициясындағы мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Жеңіс мерекесі қарсаңында милиция старшинасы, еңбек ардагері Жұмаш Қадырбаевты Шымкент стансасындағы желілік Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Тіленшиев, орынбасарлары Руслан Ендібаев, Сәкен Рақымов арнайы барып құттықтады. Тоқсанның төріне шыққан қарт ширақ, сұрапыл соғыс жылдарындағы суреттер жадынан әлі шықпапты. Басқарма басшылары қарт майдангерді құттықтай отырып, «Жеңіс күнімен тұспа-тұс келетін туған күніңіз құтты болсын! Балаларыңыздың, немерелеріңіздің ортасында бақытты ғұмыр кеше беріңіз!» – деген тілек айтты.
«Бақыт дегеннің өзі бейбіт өмір ғой», – деді көпті көрген көшелі қария. Бұл сөз біздің де жүрегімізге ұялады.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облысы.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*