Қос майданда күрескен ер

Даниярбек ИсагалиевҰлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алтындардың қатарында қарт майдангер, ішкі істер органдарының арадагері, милиция полковнигі, өнегелі өмір иесі, абзал азамат Даниярбек Исағалиев те бар. Биыл ардагер мерейлі 90 жастан асып отыр.
Тағлымды ғұмыр иесі Даниярбек Исағалиев 1925 жылы қаңтарда Талдықорған облысының Ақсу ауданына қарасты Басқан ауылы, Жаңалық колхозы, Жайпақ деген жерде дүниеге келген. Елге сыйлы азамат әкесі Исағали колхозда тоған басы болған. Исағали ел басына күн туған сол бір сындарлы шақта 1942 жылы көктемде Ұлы Отан соғысының қан майданына аттанып, 1943 жылы 10 наурызда неміс-фашистерімен болған ауыр шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапқан. Орел облысына қарасты Красногорье деревнясының түбінде жерленген. Анасы Сейсембике Жексембайқызы ел қатарлы тыл ауыртпалығын көтере жүріп, 1946 жылы ауыр сырқаттан қайтыс болған. Даниярбек аға да жастайынан ел басына түскен қиын кезеңдерді бастан өткерген. Соның ішінде 1932-1933 жылдардағы ашаршылық. Мұны да бастан кеше жүріп, 1934 жылы құрбылары қатарында 1-сыныпқа оқуға барды. Бастапқыда латын, одан соң 1939 жылы кириллицамен оқыды. Содан 1940 жылы комсомолға өтті. Ал 1943 жылы 8-сыныпты бітірмей жатып, қаңтар айында Отан қорғауға қан майданға аттанды. Запастағы 153-атқыштар дивизиясы құрамында Чехословакияны азат етуге қатысып, бір ұрыста ауыр жараланады. Далалық госпитальда емделіп, қайта қатарға қосылып, Приморьск әскери округінің 300-атқыштар дивизиясында қатардағы жауынгер Даниярбек Исағалиев Жапониямен соғысқа қатысады. Соғыс Жеңіспен аяқталған соң 1945-1948 жылдары Сов.гавань қаласындағы Ішкі істер министрлігінің №1 әскерінің лагерь басқармасында, 1948-49 жылдары Қарағандыдағы №99 әскери лагерінде, 1949-1950 жылдары Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы 415-атты әскери полкінде әскери тұтқындарды күзету қызметінде болды. 1950 жылы елге оралады. Содан 1950 жылы мамырда Ақсу аудандық Ішкі істер бөліміне милиционер болып қызметке келеді. Милицияның учаскелік инспекторы қызметін атқара жүріп, 12 колхозда қоғамдық тәртіп сақшысы болады. 1952 жылы ғұмырлық серігі болған марқұм Күлдәрия Жақыпқызы апайымызбен шаңырақ көтеріп отбасын құрды. 1953 жылдан Панфилов, Қапал аудандарында учаскелік инспектор, социалистік меншікті қорғау бөлімінде, күзет бөлімінде абыройлы еңбек етті. 1976 жылы Ақсу аудандық Ішкі істер бөлімінен подполковник шенінде құрметті зейнеткерлікке шықты. Осы ұзақ жылғы ел тыныштығын қорғау қызметінде де Даниярбек Исағалиев қылмыскелерді ұстауда талай қауіп-қатерді бастан өткерді. Ал 1965 жылы Панфилов ауданында Даниярбек Исағалиев қылмысты жедел іздестіру тобын басқарады. Аға лейтенант Даниярбек Исағалиев үш рет сотталған, түрмеден қашып шыққан аса қауіпті қарулы қылмыстыны Көктал елді мекенінен асып, Іле өзенінің жағалауында қалың қамыс ішінде тығылып жатқан жерінен қолға түсірді. Батыл, жедел қимылдың нәтижесінде қылмыскердің қолынан бір мылтық, 80-ге жуық оқ, бір аңшы пышағы тәркіленіп Жаркентке жеткізіледі. Облыстық Ішкі істер басқармасының сол кездегі бұйрығымен осы операцияны жүзеге асырған Даниярбек Исағалиев Құрмет грамотасымен әрі оған көмектескен халық жасақшылары А.Апариев, Ю.Синицин, Н.Попов, М.Далаев бағалы сыйлықтармен марапатталды. Даниярбек Исағалиевтың есебінде кезінде Одаққа мәлім болған аса күрделі «Жүн ұрлығы» және басқа ашылған әртүрлі қылмыстар аз емес.
Тағылымды ғұмыр иесі қарт майдангер, Кеңес милициясының үздігі, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген үздік қызметкері Даниярбек Исағалиев 40 жыл ұстаздық еткен марқұм Күлдария Жақыпқызымен 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Гүлнары Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ұстаз, Гүлжаны облыстық білім сапасын қадағалау департаментінде жауапты қызметте, Талғаты мен Болаты педагогтар, Табысы мен Қайраты техника мамандары. Немерелері Ерлан, Роза, Шахизада, Наргиз, Анель, Динара, Мақсат та атасының үкілеген үміттері, алды жоғары оқу орындарын бітіріп, ел Тәуелсіздігін нығайтудағы игілікті қызметте. Алматы облыстық Ішкі істер және ішкі әскерлер ардагерлері кеңесінің президиум мүшесі ұдайы қоғамдық жұмыстарға, жас полиция қызметкерлеріне тәлім-тәрбие жұмыстарына атсалысып келеді.Тек соңғы кезде денсаулығы сыр беріп ұлы Болаттың қамқорында отыр.
Даниярбек ағамыздың қан майдандағы және бейбіт өмірдегі ерен ерлігі мен еңбегі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50 жылдығы, КСРО Қарулы Күштерінің 30, 60, 70 жылдығы медальдары, Ішкі істер министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін», «Кеңес милициясының 50 жылдығы», «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдарымен қатар, «Милиция үздігі», «Ұлы Отан соғысына – 55 жыл» төсбелгілері және көптеген Құрмет грамоталары, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, министрлік, облыстық департамент, облыс, қала әкімдерінің алғыс хаттарымен бағаланған. «Енді қайтып мұндай елге қасірет әкелетін сұм соғыс болмасын. Тәуелсіз Қазақ елі гүлдеп, көркейе берсін. Ұрпақтарымыздың өмірі мәңгілік мәнді де сәнді бола берсін», – дейді майдангер абзал азамат Даниярбек Исағалиев.

Болат ЖҰМАТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*