Жүйрік журналист немесе Ғазағаңның шеберлік шеберханасы

Резервная_копия_маленький шаблонҒазағаңның есімі бізге бала кезімізден жақсы таныс. Баспасөз беттерінде жарық көрген дүниелерін сүйсіне де қызыға оқып жүретінбіз. Сөйтіп, «шіркін, біз де осы кісілердей журналист болсақ» деп армандайтынбыз. Оның үстіне бүгінде марқұм болған журналист нағашым Мылтықбай Ысмағұл да басқа әріптестерімен қатар оның да есімін атап, қимас студенттік шақтарын еске алып жүретін. Бүгінгі ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 80-жылдары бірге оқыған екен… Есімі де елеңдетеді. Ғабдул-Ғазиз Есембаев. «Ғазағаң» деп отырғанымыз осы кісі.
Кейін, есейе келе біз де журналистиканың жалына жармасып, бұрын газет-журнал беттерінен есіміне ғана қанық болып жүрген кейбір майталман журналистермен бірге қызмет істеу бақыты бұйырды. «Нұр Астана» республикалық жастар газетінде істеген үлкен-кішінің бәрі «Ғазаға» дейтін журналист Ғабдул-Ғазиз Есембаевпен де осы газетте қызметтес болғанымыз бар. Сол кезеңдерде оның мамандығына шын берілген жүйрік журналист екеніне көз жеткізгенбіз. Ізденімпаздығы, байқағыштығы, тақырып қою шеберлігі… біз секілді жас журналистерді қызықтыратын…
Журналист өз ісіне адал маман болуы тиіс дейміз. Өз қызметін жемісті атқаруы үшін интеллектуалдық, психологиялық, шығармашылық қабілетін толық пайдаланып, сонымен бірге, табанды, әділ, батыл қасиетімен де танылғаны жөн дейміз. Мұның бәрі бүгінгі кейіпкеріміздің өн-бойынан іздетпей-ақ табылатын қасиеттер. Ғазағаң тез ойлап, тез жазады. Өз жұмыс істеу тәсілі, өз ерекшелігі және бар. Бүгінде өз стилін қалыптастырған қаламгер: «Мамандық таңдаудан қателеспеген адам өмір бойы сол жолда шаршамайды, – дейді. – Қайта істеген ісінен ләззат алады. Сол тұрғыдан келгенде журналистік жолды дұрыс таңдаған сияқтымын. Өйткені, қайнаған өмірдің ішінде жүресің, жаңалықты алдымен көріп, барша жұртқа жария етуге құлшынып тұрасың. Осы сезім шаршатпайды ғой деймін. Жазушылар, мәселен, белгілі бір шығармасының кейіпкерлерімен сырласып, солардың ішіне басы бүтін кіріп алып, өз қазанында өзі қайнап, жазудан еш жалықпайды ғой. Соларға қарағанда журналистердің шығармашылығы күнделікті өмір тынысымен қабаттасып, үнемі «ұйқыңнан» оятып тұратын қоңырау сияқты ма деймін…» Бұл сөздерінен соң Ғабдул-Ғазиз Есембаевты өзі сүйіп таңдаған мамандығына адал емес деп көріңіз. Табаны күректей қырық жылға жуық журналистиканың ауыр жүгін арқалап жүрген журналистің қаламынан сан алуан мақала туды. Олар көзіқарақты оқырманды бірден баурап, сүйсіндіре түсті. Тақырыптарының өзі менмұндалап тұрады. Мәселен, жанкешті мүгедек жандар туралы «Қайсарлық қағидасы», «Тасқайрақ», «Классиктерді нотасыз игерген», ерлік үлгісін көрсеткен ерлер жөнінде «Қазақтың Қайыргелдісі», «Нағыз қаһарман» сынды мақалалары оқырманның көңілінен шыққан сәтті туындылар болды. Сондай-ақ ұлт зиялыларының болмысы хақында қалам тербеген журналистің «Парасат парадигмасы», «Қылқаламға құмартқан актер» деп аталған мақалаларының атауы айтып тұрғандай, оның нендей тақырып болса да жатсынбайтыны көрініп тұр. Ғазағаңа спорт тақырыбы да бөтен емес. Сенбесеңіз, спорт саңлақтары туралы «Толағай Толя», «Ала допты сиқырлаған ару»… секілді мақалаларын тауып, оқып көріңіз. Тақырып таңдамайтынын өзі де айтады: «Белгілі бір тақырып соншалықты тартып тұрады дей алмаймын. Кәсіби іс барысында кез келген тақырып бойынша мақала жазуға тура келеді. Ал кездесіп қалатын ерекше қызық оқиғалар, қызықты адамдар тағдыры назар аудартады. Журналистиканың бір қызығы осында. Кездейсоқ, жұмбақ, ерекше тақырыптар өзіне тартып әкетеді. Бұл су түбінен інжу іздегенмен бірдей нәрсе. Тарихи тақырыпқа ептеп бүйрегім бұрады. Спорт тақырыбы да, мәдениет пен өнер де жақын…» Кейде Ғазағаңның жазғандарына үнемі қызығып жүретін біздер түскі үзілісте: «Мақаланы қалай жазасыз? Әуелі тақырып қойып аласыз ба, әлде тақырып соңынан қойыла ма?» деп сұраймыз ғой. Ол кісі қою мұртын сипап қойып: «Алдымен идея туады, – дейді. – Белгілі бір тақырыпты қаузап жазу үшін алдымен іштей даярланып, сол мәселе жөнінде неден бастап, немен аяқтау керек деген тұрғыда ой қорытамын. Көңілге мақаланың сұлбасы, контуры келеді. Осыны тап бассам ойлаған жерден шығамын-ау деген түйсік қоса қылаң береді. Көбінесе мақаланың тақырыбын іштей қойып аламын да, осы төңіректе туындайтын сауалдарға жауап беруге тырысамын. Былайша айтқанда, тақырыпты ашуға ұмтыласың. Ал кей жағдайда көңілде жүрген ойларды қапсыз қағаз бетіне түсіріп, содан кейін барып лайықты тақырып іздеуге тура келеді. Негізі бұл журналистің алып отырған объектіні қаншалықты түсініп, жүрек сүзгісінен өткізуіне, қалай игеруіне байланысты…»
Бұл айтқандарын да санамызға сақтап қоямыз. Содан соң жарты ғасырға жуық бойы қолынан қаламын тастамаған қаламгердің кейіпкерлері, олардың тағдырлары қызықтырады бізді.
«1985 жылы Киевке іссапарға баруға тура келді. Оның себебі дәл қаланың іргесіндегі Конча заспа деген елді мекеннен соғыс кезінде шейіт болған қазақ жауынгері Төлеухан Ахмедияровтың сүйегі табылған еді. Киевтің маңайы күшейтілген қорғаныс ауданы болғаны белгілі. Сол жерде қарағайлы жотада орналасқан ДОТ (ұзақ мерзімді атыс ұясы) маңайынан жергілікті із кесушілер 19 кеңес жауынгерінің сүйегін тапқан екен. ДОТ-тың тесігінен ішке снаряд тиген, темір-бетон қарайып күйіп кеткен. Атыс ұясына ең жақын жатқан сарбаз Төлеухан болып шықты. Жергілікті жұрт үстін топырақпен жасыра салған ғой. Қабырғаларының арасында неміс офицерінің тапаншасының құмалақтай қорғасыны жүр. Бір жылдары Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауданында тұратын Жылқышы деген ардагер туралы жазғаным бар. Сонда ол кісі соғыста болған бір оқиғаны былайша әңгімелеп берген еді: «Майданда жүргенде жанымда өзіміздің ауылдан мосқал тартқан бір ағамыз жүрді. Орысша білмейді, сондықтан қасымнан қалмайды. Олай-бұлай болып кетсек, бір-бірімізді тастамайық дейтін. Бір күні біздің бөлімше жаудың қыспағында қалды. Төбеден бомбаларын жаудырып, зеңбірекпен атқылап, әбден сілікпемізді шығарды. Бір қарасақ, неміс танкілері қаптап келіп қалыпты, олардың артында қараң-құраң еткен жаяу әскер. Жанымыз мұрнымыздың ұшына келіп, артқа – тоғайға қарай қаштық. Гүрс-гүрс еткен жарылыс… Бір кезде ауылдас ағама оқ тиіп, құлап түсті. Көз қиығыммен байқап қалдым, ұмтылып еді, орнынан тұра алмады. Мен зуылдап қашып келемін. Оның оң қолын көтеріп, жерде сұлап жатып «Жылқышы, Жылқышы!» деп жан дәрмен шақырған дауысы естілді. Оған бұрылуға шама бар ма, бас сауғалап кеттік»… Осыны айтып отырып, қарттың көзіне бір тамшы жас іркілгені есімде. Кейіпкерімнің сол кейпі күні бүгінге дейін көз алдымда», – дейді Ғазағаң. Ғазиз ағаның тағы бір кейіпкері – Біләл Мұқашев кәдімгі атом сүңгуір қайығының апатты жағдайын басынан кешкен адам екен. 1960 жылы 13 қазанда ол қызмет ететін К-8 атом сүңгуір қайығында апат орын алып, Норвегия теңізінде мұз астында қалып қою қаупі төнеді. Өйткені, бу генераторы жарылып, радиациялық жағдай орын алған екен. Мұхит түбінде өлім мен өмір үшін болған арпалысты журналистке баяндап бергенде ақсақал ерекше толқыпты. «Қайсыбірін айтамыз, басшы да, қосшы да, жазушы да, ақын да, әртіс те, құрылысшы да, шетелдік қонақтар да, қарапайым еңбек адамдары да кейіпкерім болды. Қазақтың біраз біртуар азаматымен тілдестім. Әкім Тарази, Ақселеу Сейдімбек, Кеңес Юсуп, Қажығали Мұхамбетқалиев, Нұрмахан Оразбеков, Досхан Жолжақсынов… Тізе берсем созыла береді» дейді Ғабдул-Ғазиз Есембаев. «Есіңізде ерекше сақталып қалған кейіпкеріңіз бар ма?» деп сұраймыз Ғазағаңнан одан әрі ынтығып. Ол кісі әдеттегідей шашын артқа қарай сілкіп тастап, әңгімесін жалғастырады: «Қаламыма арқау болған кейіпкерлерімнің қай-қайсысы да өзіндік қадір-қасиетімен, мінез-құлқымен есімде қалады. Солардан кейде керегіңді сүзіп алғың келеді. Дегенмен, белгілі журналист Нұрмахан Оразбековтің турашыл өткір мінезін үлгі етер едім. Өте білімді, айтарын бүкпесіз ашық айтатын адам. Сұхбат алу барысында ол кісінің: «Партия деген сөздің өзі жік дегенді білдіреді. Ендеше, партия қалай халықтық болады?» деген сөзі жадымда жатталып қалыпты.
Ақселеу Сейдібековті барша қазақ жақсы біледі. Бір өзі бір энциклопедия болды. «Көркем әдебиет – авторы бар ертегі. Сондықтан мен деректі дүниелер жазуға бет бұрдым» дегені есімде. Әкім Тарази ағамыз ешкімді бөліп жармайтын, қысқа, нұсқа нақты пікір білдіретін кісі. Сондай адамдармен сұхбат жүргізіп, әңгімелескеніме ризамын», – дейді Ғазағаң жымиып. Журналистердің жазу стилі жүре-жүре қалыптасатыны анық. Жақсыны көру, қарымды журналистердің лабораторияларына үңілу, жазғандарына қызығу, біртіндеп жас журналистің өзіндік қолтаңбасын қалыптастыратыны және белгілі. Әрине, бұл өзіңе ұнаған шетелдік, отандық мықты журналистердің стилін айна-қатесіз көшіріп алу деген сөз емес. Соларға еліктеп, өзіндік із жасайсың. Олардың тақырыпты қалай жіліктеп шағып, оқырманды қалай тартатынын, мақаланы қандай формада, қандай тілмен жеткізетінін саралайсың. Ғабдул-Ғазиз Есембаев та жас кезінде осындай жолдан өткенін айтады. Өзі қызмет істеген басылым редакторларының шеберліктерін сүйсіне баяндайды. «Редакторлардың шеберлігі дегенде алдымен олардың журналистермен жұмыс істеу тәсілін айтар едім. Студент кезімізде танымал журналист Абдолла Сүлейменов марқұм екеуміз «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Сапар Байжановтың тәжірибесінен өттік. Өте биязы, байсалды адам еді. Күліп отырып екеуміздің мақаламызды талдайды, мақала туралы өз пікірімізді тыңдайды. Сосын қайта жазып көруімізді өтінеді. Шын мәнінде ұстаздық тәлімді сезіндік, – деп еске алады Ғазағаң өткен күндерді. – Кейін республикалық «Қайнар» баспасында жұмыс істеп жүргенде белгілі қаламгер, баспа директоры Қайдолла Тілемісов ағамыздың қатал сынынан өтуге тура келді. Талапшыл, қызметкерлеріне сын көзбен қарайтын адам еді. Ал «Ана тілінде» қызмет етіп жүргенде Жарлығап Бейсенбаевтың редакторлық қызметі мен шығармашылық алымдылығын үлгі тұттық. Дәл осы кезеңде жазушы Марат Қабанбаев публицист ретінде жарқырай көрінді…» Әңгімелеріне елтіген біздер Ғазиз ағаны сөйлету үшін тағы бір сұрақтың басын қылтитамыз. «Қаламыңыздың шығармашылықтан бөлек жеке басыңызға тигізген пайдасы болды ма?» дейміз ғой. Ол кісі бұ жолы жадырап отырған кейпінен айнып: «Қалам – журналистің бес қаруы. Бірақ оны жеке бас мүддесіне пайдалану этикаға жатпайды! – дейді нық сөйлеп. – Мұндай қадамға барып көрмеппін. Ал баспасөздегі қызметіңе, жазған мақалаларыңа қарап, сыртыңнан танып, азаматтардың өздері пейіл танытып жатса, бұл – бөлек әңгіме». Мінезсіз қаламгерден мінезді дүние шықпайды деп есептейтін журналист бұл, әсіресе, сын мақала жазғанда, бір мәселе туралы, біреу пікір айтқанда керек дейді. Әлдеқалай болады деп аяғын абайлап басатын журналистің материалы да сипай қамшылаудан әрі аспайды. Дегенмен, қазақ журналистикасында кейде ағайыншылық, көңілжықпастық сияқты пендешілік қоса жүретінін жасырмайды. Мұны сипай қамшылаумен, жасықтықпен шатастырмау керек деп және ескертеді. «Тағы бір мәселе бар, – дейді біздерге, жас журналистерге қарай ұмсына түсіп. – Оқырмандар арасында билікке қарсы мақала жазған, белгілі бір шенеунікті «сойып салған» оппозициялық көзқарастағы журналистерді мықты, мінезді деп бағалап, көтермелейтін әдет қалыптасқан. Меніңше, кез келген тақырыпты жеріне жеткізіп, ақтың ақ, қараның қара екенін дәлелдеп, бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, түпкі нәтижеге жеткен журналист мінезді журналист!»
Әрине, тасқа басылған сөз сол қалпында оқырман санасына әсер етеді. Сондықтан қазақ тілінің құнарын, мәні мен мазмұнын жоғалтпай қолдану, қолданып қана қоймай, байыта түсу қалам ұстаған ағайындардың басты міндеттерінің бірі. Бұл қағида Ғазағаңның да тәжірибесінде бұрыннан қалыптасқан талап. «Өткенде бір жиналыста белгілі тіл жанашыры, медицина ғылымының докторы Мұхамедия Ахмет-Төре мынадай бір мысал келтірді: «Қазір жастар бірінен бірі «неше рет екіқабат болдың?» деп сұрайды. Қазақтың «қанша құрсақ көтердің?» деген сөзі ойларына кіріп шықпайды».
БАҚ тіл мәселесінде осындай орашолақтыққа жол бермеуі керек. Негізі баспасөз беттерінде мұндай қателіктер көп кездесе қоймайды. Ал телевидениеде, күнделікті экранға шығатын журналистердің, тележүргізушілердің жұпыны тілін естіп, сөйлемнің басын аяғына, аяғын басына келтірген қойыртпақ сөйлемдерін тыңдап отырып қарның ашады. Қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамау әдетке айналып кеткен. «Айта бастады» деудің орнына «айтып бастады» дейді. Қақаған қыста ауа райына байланысты «жауын-шашын болмайды» деп жатады. Жауын-шашын жылдың қалған үш мезгіліне тән ұғым ғой. «Қар жаумайды, боран соқпайды» десе болды ғой» дейді тәжірибелі журналист . Міне, Ғазағаңның шеберлік шеберханасынан біз осындай ой түйген едік…

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*