Қашқын

astynomia_dolofonia_sliderТегінде бұл азамат «ауызы күйген үріп ішеді» деген тәмсілді терең түсінбейтін еді. Аяғын бір рет шала басып, тағдырдың тепкісін көргенімен, түзелу жолына түсе қоймады. «Тепкі» демекші, бұл «батырың» көргенде де өз пиғылынан тапты. Мұндайларды қазақ «қаны бұзық» деп атайды. Сол қаны бұзықтықтан да шығар-ау, бір ретінде полицейді пышақтап кетті. Екіншісінде зорлау дәйегі бойынша сотты болды. Екі рет түрме дәмін татып келген пақырың ендігі жерде «ешкіні тәте, текені аға» деп арбаны да сындырмаудың, өгізді де өлтірмеудің жолымен жүруі керек-ақ еді. Қалған өміріне береке тілеп, тазарудың жолын таңдағаны дұрыс болар еді.
Бастапқыда солай да көрінген. Түрмеден «түлеп» шыққан соң ол еңбекке араласты. Араласқанда да аудан орталығының бір шетінен «Олжа» дәмханасын жалға алды. Сөйтіп, дәмхананың шынайы қожайыны болып шыға келді. Енді дәмхана қожайыны болған соң шаруаны дөңгелетіп жүргізуі керек. Бұл үшін дәмханада дәмді тағамдар дайындау, тазалық сақтау, сауда мәдениетін көтеру сияқты толып жатқан жұмыстар атқарылуы тиіс. Ол дәмханаға екі жұмысшы қабылдады. Бірі палау пісіруші, екіншісі аспаз еді. Бұдан бөлек даяшы, ыдыс жуушы сияқты жұмысшылар да пайда бола кетті. Расында, ол қолы жүріп тұрған шынайы қожайынға айнала бастады. Қарамағындағы жұмысшыларға қырғидай тиетін болды. Оның көңілінен шықпағандар небір ауыр сөз еститін, тіпті, таяқ та жеп қалатын. Ол дәмханада өзін дүниенің төрт бұрышын ұстап тұрған ерекше күш иесіндей сезіне бастады. Мұнда жұмысқа қабылданғандар қожайынның қас-қабағын бағып отыратын болды. Ашуы мұрынының ұшында тұратын одан жұмысшылары ықтап жүретін. Ебін тауып оның көзіне көрінбеуге тырысатын. Енді қожайын болған соң құдіретті де көрсетіп қою керек қой. Ол бірде таныс-білістерін шақырып, түрмеден соңғы тірлігінің түтіні түзу ұшып жатқанын көрсеткісі келіп кетті. Сосын аспазшы Диқанбайға түске қатырып тұрып палау жасауды тапсырды. Аспазшы Барноға дәмді тағамдар істеуді жүктеді. Сөйтіп, оларға түсте қонақ келетінін ескертті.
«Қонақ келсе – құт келер» дейді халық даналығы. Бірақ, бұл жолғы қонақтардың аяғы құтты бола қоймады. Жо-жоқ, кінә меймандарда емес-ті. Қодыраңдаған қожайынның қыңыр мінезі бұл жолы да қырсыққа ұрындырды. Сол күні Ертай алақұйындай ұйытқып жүрді. Әрі-бері теңселіп жүріп алды. Дәмхана күтушілерін зыр жүгіртті. Кейбір ұнамағандарын балағаттап та тастады.
Аспазшы Барно оның балағаттағанын көтере алмады.
– Сіз неге мені балағаттайсыз? Мен сіздің құлақкесті құлыңыз емеспін ғой, – деп қалды.
– Көзіңе шел бітейін деген екен. Маған қарап сөйлейтін сен кім едің өзі? – деп Ертай ежірейіп шыға келді.
– Сіз мені бұлай басынбаңыз. Айтсам, жөнін айттым, – деді Барно.
– Е, маған жөн айтатындай сен кімсің өзі?
– Осы елдің тең құқылы адамымын.
– Мен саған тең құқылы адам екеніңді танытайын.
Осылай деген Ертай аспазшыны салып қалды. Мұнымен де қоймай әйел заты деместен ұрып-соқты. Барно кәдімгідей зәбір көрді. Сосын қожайынының қоқан-соққысынан әзер құтылған келіншек жылап, үйіне кетіп қалды.
Ашуға булығып, ұрынарға қара таппай долданған Ертай енді палау жасаушы Диқанбайға соқтықты. Ол далада пеш жанында жүрген-ді.
– Қане, палауың дайын ба? – деп зілденді қожайын аспазға.
– Дайын.
– Онда тарелкаға салып әкеліп бер.
– Құп, басеке!
Елірген Ертай сәкінің ернеуіне барып отырды. Диқанбай оның алдына палау әкеліп берді. «Қожайын» тарелкенің шетінен бір қасық палауды ауызына салды.
– Мынау не?
– Палау.
– Қайдағы палау? Мұнауың мипалау. Өзің милаусың.
– Милау екеніме дау жоқ. Бірақ, алдыңыздағы нағыз палау.
– Әй, сен менімен неге жағаласасың? Сен ана Барнодан артық емессің. Оның да сазайын бердім. Соның аяғын құшқың келіп тұр ма?
– Әйелге қол көтеріп батыр болмақсыз ба? Ер екеніңізді білейік, еркекпен төбелесіп көріңізші.
– Сен бе еркек?
– Иә, мен.
– Мә, саған еркек? Ей, мынау өзің еркекпін дейді ғой. Түрмеде «пахан» болған менімен тәжікелеспек. Көрсетейін, саған еркек болғанды.
Ащы судан біраз тартыңқырап алған Ертай аспазшыны ұрып жықты. Диқанбай қарсыласпақ болып еді, құтырынып кетті. Ашу үстінде қарамағындағы аспазды қолымен буындырды. Онымен де қоймай, балғамен соққылады. Әлден соң аспаздың қолы сылқ ете түсті. Оның өліп қалғанын білген Ертай аулада тұрған «БМВ» автокөлігіне мініп, беті ауған жаққа қаша жөнелді.
Аспазшының өліп жатқанын көрген келушілер үрпиісіп қалды. Артынша естерін жиып, Сайрам аудандық Ішкі істер бөліміне қоңырау шалды.
***
Шұғыл хабар жетісімен оқиға болған жерге Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Н.Дауылбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД КПБ бастығы, полиция полковнигі К.Оңдасынов, Сайрам ауданының прокуроры С.Орманов, Сайрам аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Н.Қарабаев, орынбасарлары, полиция полковниктері А.Әмірбеков, А.Алекешов, Б.Есенов, тағы басқалар шұғыл жетті. Жедел іздестіру тобы жасақталды. Оның құрамына Сайрам аудандық Ішкі істер бөлімі Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ердәулет Қарымсақов, оның орынбасары, полиция майоры Садыбек Әлиханов, жедел уәкіл, полиция майоры Мейрахмет Бердиев, жедел уәкіл, полиция капитаны Қуаныш Сарманов, жәдел уәкіл, полиция капитаны Ержан Халықбергенов, учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Өткір Шадиев енді. Жедел іздестіру тобы шұғыл іске кірісті. «Олжа» дәмханасына сол күні кімдер келгенін, оқиғаны кімдердің көргенін, тағы басқа да мән-жайларды сұрастырды. Мәйіт жатқан жерден бір балта мен балға табылды. Марқұмның қыстық курткасына қан жұғыпты. Балғадағы саусақ іздері, одрологиялық иіс алынды. Көп ұзамай куәлер де кезікті. Олар аспазды Ертайдың ұрып жатқанын, бірақ Диқанбайдың өліп қалғанын білмейтіндерін, дәмхана иесінің мас болып жүргенін көрген соң мұнда көп кідірмегендерін айтып берді. Бір куә күдіктінің «БМВ» автокөлігіне отырып, асығыс Сайрам бағытына кеткенін көрген екен.
Ізшілер жедел жолға шықты. Көлкент ауылы маңында жүйіткіп бара жатқан күдікті көлік із кесушілердің көзіне түсті. Жүргізуші соңына түскен полицейлерді байқап жылдамдығын арттыра түсті. Мұндайда ол жол бойындағы басқа да жүргізушілер үшін қауіпті. Өйткені, полицейлерден қашамын деп жүріп сасқалақтап қарсы алдындағы көлікті қағып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, қуғыншылар сақтық шарасын қарастырды. «БМВ» кетіп бара жатқан жолға айналып барып қосылатын тағы бір сүрлеу бар еді. Ізшілер соған түсті. Соңындағы полицейлер мінген көлік көрінбей кеткеннен кейін қашқын жүрегі орынына түскендей болып автокөлікті дұрыс басқарып келе жатты. Бірақ, ол алдында құрулы тор тұрғанын білген жоқ. Қыр басына қойқаң етіп шыға келген автокөлік иесі алдында тұрған полицейлерді көргенде сасқалақтап қалды. Енді кері шегінуге негіз де жоқ еді. Алайда, автокөлік инспекторлардың тоқта деген белгісіне қайырылып та қарамады. Сосын полицейлер оның ізіне қайта түсті. Бірақ, бұл жолы қашқын ұзай алмады. Ізбе-із келген автокөлік алдыңғы машинаны бір бүйірге ығыстырды. Жолдан шығып кеткен «БМВ» автокөлігі одан әрі жүре алмай қалды.
– Мені не үшін тоқтаттыңдар? – деп Ертай полицейлерге күш көрсете көлігінен түсті.
– Көлікке арақ ішіп алып отыруға болмайды, – деді Ержан.
– Тексермей жатып менің арақ ішкенімді қайдан біле қойдыңдар? – деп Ертай қасарысты.
– Оны арнайы мекемеге барғанда анықтаймыз, – деді Ердәулет.
Ұсталғанды өзі қанға бояған дәмханаға әкелді. Ертайдың жүзі құп-қу болып кетті.
– Жолдас бастық, бәрін де мойындаймын, – деді тілі күрмеленіп.
– Бір отбасы қара жамылып қалды. Түрмеден соң бұралаң жолға түспеуің керек еді. Бірақ, «қасқырды қанша асырасаң да орманға қашады» деген бар. Сағынғаның түрме болса, бар. Алайда, енді одан шығуың қиын болар, – деді аудандық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Қарабаев. Қандықол қашқын не істеп қойғанын енді ғана түсінгендей жер тоқпақтады. Иесіз қалған дәмхана ішінен қабан күркірегендей үн естілді. Жиналғандардың өң бойы қалтырады. Ымырт түсіп келе жатыр еді. Қараңғылықпен бірге қорқыныш та қабаттасып келе жатқандай, беймаза сезім полицейлерді де жолға жедел аттандырды…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*