Әйел теңдігі – әлемдік проблема

DSC_3139Жахилия дәуіріндегі жабайы түсінік келмеске кетті. Қазіргі таңда нәзік жандардың қоғамдық мәселелерді шешуге белсене араласып, өз құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері молынан туған заман. Дегенмен, гендерлік теңдікке келгенде таразы басы ерлердің әлі де салмағы басым екенін аңғартып отыр.
Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны ратификациялады. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Еліміз Әйелдерге қатысты барлық кемсітушілік көріністерін жою туралы конвенцияға 1998 жылы қосылды. Бұл конвенцияның 18-ші бабында оған қатысушы мемлекеттер 4 жылда бір рет БҰҰ-ға конвенцияның жүзеге асыру барысы туралы баяндап отырады. Ал өткен жылы еліміз жасаған баяндама ұйым тарапынан жоғары бағаланғанымен, әлі де болса әйелдердің мәселесі шешімін таппай отырғандығы ескертіліпті. Сондықтан қазақстандық әйелдер алда атқарылар шаруаны пысықтау үшін Астанада бас қосты. Жиынға төрағалық еткен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктерді жою жөніндегі комитетінің қорытынды ұсыныстарын жүзеге асыруға арналған бұл жолғы кездесуге әйелдер қоғамдастығы мен үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері келгенін айтты. Келесі айда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтетін Әйелдердің мәртебесі жөніндегі комиссияның 59-шы сессиясына әзірлік жасау, қорытынды ұсынысты орындау – шараның негізгі мақсаты. «Ұлттық комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, соның ішінде, отбасылық-демографиялық және гендерлік саясатқа байланысты тапсырманы жоспарлы және жүйелі түрде қолға алды. Ең алдымен қоғамдағы әйелдердің мәртебесін анықтау, отбасы-демографиялық және гендерлік саясат, тіпті, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан нәзік жандарды қорғау – басты міндет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік тепе-теңдік стратегиясын жүзеге асыру мақсатында осы сан сұрақтарды қайтадан сарапқа салып отырмыз. Қазақстан халықаралық қауымдастықтағы міндетін ала отырып, әйелдерді кемсітушілікке қарсы негізгі жұмыстарды жоспарлы түрде орындап келеді. Өткен жылы еліміз жасаған кезекті баяндамамыз ұйым тарапынан жоғары бағаланды. Ең бастысы, енді осы жұмыстарды ары қарай жалғастыру қажет. Түрлі қауымдастықтар және үкіметтік емес ұйымдармен бірге осы уақытқа дейін атқарылған шаруаларды сараптап, алдағы күнге жоспарлы жұмыс жасамақпыз. Олардың да кемшіліктерді жою төңірегіндегі пікірлерін тыңдап, тиімді тұстары болса тағы да көрсек дейміз. Ұлттық комиссия халықаралық қауымдастықтармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеудің механизмдерін қарастыруға мүдделі. Өйткені, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана іс оңға баспақ. Ал ескертпенің бірі, елімізде әйел мен ерлер арасында тепе-теңдіктің жоқтығы болып отыр. Сондай-ақ, ерлер мен әйелдердің еңбекақыларының арасындағы жер мен көктей айырмашылық, тұрмыстағы кемсітушілік бойынша әлі күрес жүргізуге тиіспіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты біраз жұмыс атқарғанымызды айта кеткен жөн. Мәселен, еліміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдады. Өткен жылы ғана Парламент пен Үкімет бірлесіп осы қарым-қатынасқа байланысты бірқатар түзетулер жасап, жаңа талаптар күшіне енді. Жекелей айтқанда, дағдарыс орталықтарымен жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, мемлекет тарапынан қолдау жасалуы тиіс. Қазіргі күні дағдарыс орталықтарының санын арттыру жайы ойластырылуда. Елдегі алғашқы дағдарыс орталығы үкіметтік емес ұйым тарапынан ашылған болатын. Бүгінгі күні тұрмыста зорлық-зомбылық көрген ер азаматтар да орталықтан пана сұрай келеді. Сондықтан еңсесі езіліп, дағдарысты ахуалда жүргендердің жаңа өмірге бет бұрып, бақытты болу үшін күресуге шақыратын жеріне айналуы тиіс. Қазір әрбір облыс орталықтарында осындай орталықтар қызмет етеді. Дегенмен, дағдарыс орталықтарды облыста ғана емес, қалалар мен аудандарда болуы тиіс. Өйткені, мұндай орталықтар отбасында теперіш көрген балалы аналар үшін ауадай қажет», – дейді Елена Тарасенко.

Билікке келген соң «бас ауруы» басылады
Расында елімізде әйелдердерді кемсітушілікке қарсы атқарылып отырған шаруалар аз емес. Бірақ бүгінгі күнге дейін қыз-келіншектеріміз өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіну былай тұрсын, құқықтарын қалай қорғауды да білмейді. Сондықтан да әйелдердің әлеуметтік ахуалы әлем бойынша басты назарда. Себебі, әлемдегі әрбір бесінші әйел еркек кіндіктіден жәбір көреді немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Сарапшылардың пайымынша, күнделікті күйбең тіршілікте зорлық-зомбылық көретіндердің басым бөлігі әйелдер екен. Сондықтан Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы «егер креслода отырған әйелдердің қатары көбейсе қыз-келіншектердің қордаланған мәселелері шешімін табар еді» дейді. Әйел мүддесі қорғалмай, қоғамның әлеуметтік-экономикалық немесе демографиялық ахуалының дамуы мүмкін емес. «Мысалы, Швеция, Финляндия, Дания, Голландия секілді елдерді алып қарайықшы. Оларда жыл өткен сайын билікте әйелдердің саны өсумен қатар, тұрғындардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді», – дейді Раушан Сәрсембаева. Орынды, әрине. Аналардың бүгінгі ахуалын жоғарыда отырған әйелдер ерлерге қарағанда бес саусағындай біледі. Білсе де жақ ашуға құлықсыз. Жақында редакцияға ақ халаттылардың жіберген ағаттығынан ана болу бақытынан айырылған ананың өтінішін арқалап билікте отырған бірнеше депутат ханымға кірген едік. Қарсылық танытпады, «қатырамыз» деді. Бірақ, уәделерінде тұрмады. Бұл дегініміз билікке жақындау жүрген жоғары қауым әйелдерінің күнделікті өмірде әділдік көрмей жүрген әйелдерге көмек қолын ұсынуға ниетті емес екенін аңғартады. Яғни билікке келген соң басқалардың уайымын есінен шығарады деген сөз.

Аналар неге ардақталмай отыр?
Атам қазақ әйелді «ақ жаулықты ана» деп ардақтаған. Ел билеген хандар, батырлар мен билер, ақындар мен жазушылар ақ жаулықты аналардан туды емес пе? Абылай мен Райымбектей, Бауыржандай батырларды, Абай мен Ахметтей ұлы тұлғаларды тәрбиелеген алтын құрсақты аналарымыз емес пе еді? Алмағайып заманда ерлермен бірге елі үшін қолына қару алып, қыздарымыз жауға қарсы шықты, балалы әйелдер ошақтарының отын өшірмей, Отанда қалып маңдай терін төкті. Өрімдей қыздарымыз өжеттілік танытып желтоқсанның ызғарында Тәуелсіздік үшін кеудесін оққа тосты. Осындай қазақ халқы үшін жанын берген, біртуарларын дүниеге әкелген әйелдердің бүгінгі ахуалы қандай? Алданған жар, төгілген абырой. Расында бүгінгі қыз-келіншектер алыптарды дүниеге әкелетіндей халде ме? Құдай қосқан қосағынан қорлық көрген аналардан дені сау ұрпақ, кикілжіңге жақын жанұядан тәрбие алған баланың болашағы қандай болмақ? Өкініштісі сол, осы күні «әйел – ана, еркек – пана» деген текті сөздің төркінін түсінбейтіндер көп.
Әйелдердің әлеуметтік жағдайына бас қатырып жүрген мамандардың дені нәзік жандардың креслодағы беделі емес, қоғамдағы рөліне қатты алаңдап отыр. «Шындығында бүгінгі жағдайда әйелдердің саяси, құқықтық нормаларға бас қатыруға шамасы жоқ. Олар қазір ең алдымен денсаулық, әлеуметтік салаларда қорғалуды қалайды» дейді олар. Күнделікті өмірде еңбек саласында әйелдердің құқығы жиі бұзылады. Жұмыссыздардың денін дәл осы қыз-келіншектер құрайтыны тағы бар. Айталық, балалы аналардың мүддесі қоғам не билік тарапынан өз деңгейінде қорғалып отыр ма? Әр балаға тиесілі жәрдемақыны да жарытып ала алмайтын жағдайда отырғанымыз жасырын емес. Алтын құрсақты көпбалалы аналардың бір бөлмелі үйге қолы жетпей, пәтерден пәтерге көшіп жүргенін күн сайын көріп жүрміз. Дүниеге үшем әкеліп, еліміздің демографиялық саясатына үлес қосқан аналар құзырлы орындардың есігін қағып, қайыршы баланың күйін кешіп жүр. Ай сайын алатын мардымсыз жәрдемақылары жыл сайын құны шарықтап бара жатқан коммуналдық төлемге де жетпей қалатын кездері де аз болмайды. Ал еңбек етуге құлшыныс танытқан келіншектер балаларын балабақшаға бере алмай зар илейді. Балабақша кезегі көз ұшында бұлыңғырланып қана тұратын болғандықтан көпшілігі мәңгілік «декретке шығып», дипломы сандықтың түбінде қалып қояды. Міне, осындай әлеуметтік дерттің субъективті себептерінен әйелдер мүддесін қолдайтын көптеген проблемалар мемлекет тарапынан қолдауға зәру күйінде ғана қалып отыр. Аяғы ауыр келіншектердің қызмет барысында көп қысым көретіні де ақиқат. Кейбір жұмыс орындарында тұрмыстағы келіншектерге қарағанда, бойдақ қыздар бірінші болып қызметке тұрады. Ал аяғы ауыр әйелдерді уақытынан бұрын «декретке» шығаруға асық басшылықтың да бары рас. Тіпті, кей жағдайларда «байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей, мемлекет беретін біржолғы көмектен де қағып қалуға әуес басшылар өздері ойлап тапқан заң-закөндерін алға тартады екен. Кездесу барысында ұлттық комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев балалы аналар үйде отырып қызмет етуге болатын мүмкіндіктерін пайдалана алмай отырғанын айтады. Мәселен, қазіргі заңнама омырауда баласы бар әйелдерге декреттік демалыста жүріп басшылықпен келісіп айлыққа жұмыс істеуге құқық берген. «Сол үшін заң шығарушы және жергілікті атқарушы органдар қолданысқа енген заңдарды халыққа жеткізу керек», – дейді ол. Сондай-ақ, ауыр тұрмысты әйелдердің денсаулығын тексеру, мезгілімен ем-дом беру сияқты жұмыстары да әлі күнге дейін дұрыс жүргізілмей келеді. Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған әйелдер қажетті ем-домды алмақ түгілі, дәрігердің алдында отырса опақ, тұрса сопақтың күйін кешеді. Ауыр тұрмыс түгілі аналарымызға тегін берілетін дәрігерлік көмекті сағызша созып, әйелдерді емхана мен аурухана ортасында «жолдамасын» беріп допша тебетіндері тіпті жиі кездеседі.

Кемсітудің сорақы түрі – көзге шөп салу
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық қазақстандық әйелдер үшін «қалыпты». Мәселен, әрбір үшінші әйел отбасында ерінен таяқ жейтіні жасырын емес. Күні кеше ғана қаланың қақ ортасында көпшілік жүретін жерде ер адам әйелін таяқтың астына алғаны былай тұрсын, пышақтап кеткен. Ал оны көрген куәгерлер күйеуінің оқиға орнынан қашып кеткенін айтыпты. Жасыратыны жоқ, күйеуі мен әйелі арасындағы жанжалға куә болғандардың дені көмек беруге құлшыныс танытпайды. «Көрдім деген көп сөз» дейтіндер жетерлік. Себебі, «екеудің арасына есі кеткен түседі» деп бәледен басын алып қашады. Жуырда осындай жұбайлардың қырқысына куә болған азамат көмек қолын созамын деп темір торға бір-ақ тоғытылғанын естіп едім. Әйелін қан жоса етіп сабап жатқан еркектің ерсі қылығына намыстанған жолаушы жігіт нәзік жандыны тепкіге алған еркексымақтың сол арада сазайын беріпті. Әйеліне әкіреңдеген әлгі еркек жігіттің жұдырығынан омақаса құлап басын тасқа соққан. Артынша ауруханада тілге келмей қайтыс болған. Ал әйелі «отбасылық ісімізге араласып, күйеуімді өлтіріп кетті» деп көмекке келген жігіттің үстінен арыз жазып, соттатып жіберген. Мінекей, бұл басқа ұлт өкілдеріне қарағанда қазақтардың арасында әйел адамды соққыға жығудың күнделікті отбасылық мәселе ретінде қарайтынын көрсетіп отыр. Бір қызығы, «әйелдердің өз құқығын қорғауы тым белең алып кетті» деп безектейтіндер де баршылық. Әсіресе, «гендерлік саясаттың салқыны тиді, соның кесірінен шаңырақ шайқалып, жетім бала көбейді» деп сөгіп жатады. Ғалымдарымыз Еуропа мен Америкадағы гендерлік саясаттың әсерін демографиялық өсімнің жоқтығымен байланыстырады. Бұл елдерде бүгінгі күні бала саны күрт азайып, туу көрсеткіші өлім көрсеткішінен төмендеп кеткен. АҚШ-тың белгілі саясаткері Патрик Дж. Бьюкенен шаңырақтың шайқалуы, жетім баланың көбеюі мен бала туудың азаюы гендерлік саясаттан деген тұжырымын «Батыстың ажалы» атты еңбегінде жазады. Алайда бұл айтылғанның дұрыстығын мойындай келе, гендерлік саясаттың тиімді тұстары барын айтып өткен абзал. Рас, отбасын офиске айырбастаған, бала тәрбиесін балабақшада қалдырған келіншектер көп. Өйткені, отбасы ошақ қасында отырып нарық заманында отбасын асырау алдыңғы мәселеге айналғалы қашан. beadc28163fe687e0716cc0ddc39a703Отағасының нәпақасына алақан жайып жүріп айрандай ұйыған қаншама жанұяның шаңырағы шайқалды. Ал қаншама әйелдер құқықтарын қорғай алмай құлдыққа салынды. Қызметке қолын бір сілтеп, ошағының қамын ойлаған қыз-келіншектер ерінен опасыздық көріп, жастайынан жесір қалып жатқан жоқ па? «Сүйемін» деп соңғы сөзін айтқан талай ағалар қарындастарын қан жылатып, өз қанынан өзі безініп жүргенін жалған дей алмаймыз. Әйел затын кемсіткен еркек кіндіктілерді жөнге салатын жөнді заңның ауадай қажеттігін алға тартушылар көбейді қазір. Олардың айтуынша, қарындастың арын таптағандарды да, «бақытты етемін» деп өлердегі сөзін айтып көзге шөп салған күйеулерді де жазалау керек екен. Өйткені, жетімдер мен жесірлердің көз жасын басқа жолмен құрғату мүмкін емес. Сондай-ақ, әйел зорлау мен қыз-келіншектерді мәжбүрлеп жезөкшелікке салу мәселесінде жұмсақтық танытуға болмайтынын айтушылар жетерлік. Бексұлтан Тұтқышевтің айтуынша, Тәуке ханның тұсында қабылданған Жеті жарғыда зинақорлық, нәпсіқұмарлық – некесіз адамдардың жыныстық қатынас жасауы, мұсылмандық құқықта ауыр күнә болып саналатын, қазақ халқының дәстүрлі әдет құқығы бойынша адамгершілікке жат азғындық қылық ретінде жазғырылатын әрекет. Қазақ халқының әдет-ғұрып заңдары бойынша Зинақорлық кісі өлтірумен, біреудің отбасына бүлік салумен, діннен безумен, ата-анасына қол көтерумен, өкіметке қарсы көтеріліс жасаумен бірдей деп есептелінетін ең ауыр қылмыстың қатарына жатқызылды. Өлім жазасына әйелді зорлағанымен тұрмай, сол әйелмен Зинақорлықты тоқтатпай жалғастыра бергендер, шариғат некелесуге тыйым салған қағидаларды бұзып, қарындасымен, т.б. туыстарымен жақындасқандар және үйленгендер кесіледі. Ал зинақорлық жасаушылар жерге көміліп, тас атып жазаланған. Өзара келісіп ойнап-күлушілер де дүреленді. Оларға міндетті түрде 100 қамшы дүре соғылды. Сүйісу, құшақтасу, төсекте бірге жатудың өзі де дүрелеп жазалауға жетерлік қылмыс саналды. Бұл әйел зорлағандардың ауыр күнә жасаушы қылмыскер ретінде – өлім жазасына кесілуі әйелдердің жеке мүддесі мен абыройын қорғағандық қана емес, қазақ үшін ол әйел келін боп түскен отбасының, қала берді бүкіл руының намысын қорғағандық болып саналған.

Дініміз не дейді?
Гендерлік дегенді тіксіне қабылдаушылар арасында «әйел еркектен төмен тұруы керек» немесе «анда-санда әйелді сабап алғанның сөгеттігі жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Әсіресе, дін жолын берік ұстанғандар арасында әйел адамның ер адаммен жағаласып қызмет етуіне қарсы пікір айтады. Дегенмен діни сайттарда жарияланған бірқатар мақалаларға зер салсақ, Ислам әйелдерді сыйлауға, жақсы көруге және оған құрметпен қарауға үндейтінін аңғаруға болады. Әйелдердің күйеуіне, жанұялық өміріне, мүлікке, мұрагерлікке тағы көптеген басқаларға қатысты құқықтары қасиетті Құранның өзінде, хадистерде, сондай-ақ, шариғатта көрсетілген. Ислам қағидасы бойынша ер мен әйел біртұтас, қандай жағдайда да бөлуге болмайды. Олар үшін бір-бірінсіз мына әлем мәнсіз, олардың әрқайсысының өмірдегі мұраттары мен мақсаттары және атқаратын міндеттері алдын-ала анықталған. Расында да Алла әйелді Жаратушысына бағынып, жанұясының түтінін түзу түтетуге, бәрінен бұрын дүниеге сәби әкеліп, ұрпақ жалғастыру үшін жаратқан. Мұсылман әйелдер үшін жанұя мәселелері оның жеке қызығушылықтары мен кеудемсоқтығынан әрқашан басым тұрады. Тым тырысу, қызметте өсу, кәсіби жетілу оның жанұясына зиянын тигізетіндей болса, одан дереу бас тартады. Мұсылман әйелдері алдыңғы кезекте жанұясының игілігін ойлауы тиіс. Сондай-ақ, Ислам әйелдерге саяси немесе қоғамдық өмірдің басқа да салаларында табысқа қол жеткізуге тыйым салмайды, керісінше өзі өмір сүріп отырған қоғамды дамыту, көркейту үшін атсалысуға даяр әйелдерді мадақтайды екен. Сол үшін де қазақ «ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп әйел адамды әспеттей білген.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*