Жанға жігер берген Жеңіс туы

_H5A9106Ту – адамның алпыс екі тамырында намыс отын ойнататын қасиетке ие. Қожаберген жырауша айтсақ, «Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мінген» батыр бабаларымыз бір тудың астына жиналып, ел мен жердің тағдырын шешкен. Ұлт руханиятының ұйытқысына айналған жыраулар мен ақындардың өлеңіне арқау болған. Жерін жауға алдырмаған, дұшпанға кегін қалдырмаған әрі ақын әрі батыр Ақтамбердiнiң «Жауға шаптым ту байлап, Шептi бұздым айғайлап», дейтiн жыр жолдары жаугершілік заманда қазақ жауынгерлерінің ұраны болғаны анық.
Еліміз егемендік алғаннан кейінгі Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы бүгінгі ұрпақтың көкірегінде де мақтаныш сезімін тулатуда. Бүгінде Қазақстанның болашағын жалғар жас ұрпақ:
Көк Тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен Ту,
жан емес, маған керегі –
Көк Тудың желбірегені, – деген асқақ әннің аясында өсіп келе жатыр. Күнді құшқан қыран бейнелі Көк Тудың тарихында да біз мақтан тұтар сәттер жетерлік. Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков біздің Мемлекеттік Туымыздың халықаралық сарапшылар тарапынан жақсы баға алғаны жайлы баспасөз бетінде айтқан. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туына Бонн қаласындағы Дүниежүзілік вексилология ғылыми-зерттеу институтының директоры Р.Климеш мырзаның жоғары баға бергенін біреу білсе, біреу білмес. АҚШ, Германия, Ресей елдерінің тутанушылар тарапынан біздің Ту жоғары бағаға ие болыпты. Сонымен қатар, Қазақстанның Мемлекеттік Туының қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаевпен бірге ғарышқа барып келгенін ескерсек, туын ғарыш DSC_0205төрінде желбіретіп қайту кез келген халықтың маңдайына жазылмаған бақыт екенін де айта кету керек. Қасиетті байрағын желбіретіп жүріп қорғаған қазақ жерін ұрпағына аманаттаған бабалардан қалған намыс отын сынаққа салған кешегі Ұлы Отан соғысында да жауынгерлердің патриоттық сезімін шырқау шыңға сүйреген рәміздердің бірі де Ту болды. Жеңіске жетелеген Ту қасиетін әспеттеудің бір көрінісі – «Біз Жеңістің ізбасарларымыз» атты республикалық шара аясында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ұйымдастыруымен 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлік туының дәл көшірмесінің Қазақстанды аралауы. Осы 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 1941 жылы Ақмола қаласында (Астана) құрылған. Сол жылғы 15 желтоқсанда жауынгерлік ту табыс етілгеннен кейін дивизия майданға аттанған. Бұл диивизия 1942 жылы Сталинград, бір жылдан кейін Курск шайқасына қатысқан. Кейін Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерімен жүріп өтіп, Жеңіс күнін Прагада қарсы алған. Аға буын ұрпақтың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен олардың жауынгерлік дәстүрлері қазіргі жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің, болашақ Отан қорғаушылардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырудың өнегелі құралы болып келеді. Бұған дейін Астана, Қарағанды, Майқұдық, Пришахтинск, Теміртау, Степногор, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Ақтөбе қалаларындағы болған жауынгерлік тудың дәлме-дәл көшірмесі 21 ақпанда Оралға әкелінді. Жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің, болашақ Отан қорғаушылардың рухани күштерін жұмылдырудың үлкен өнегесіне айналған Тудың жеткізілуіне байланысты Оралдағы 5517-әскери бөлімде салтанатты шара өтті. Жиынға қатысқан ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысы, полковник Қайрат Ақтанов, облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Ұлы Отан соғысының ардагері Меңжан Әбдірахманов, БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Альберт Жақияев бастаған топ аға буын ерлігінің ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлттық ұлан жауынгерлері ұйымдастырған эстафета аясында 72-гвардиялық атқыштар дивизиясы жауынгерлік туының көшірмесі Қазақстан қалаларын аралап, Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге қатысу үшін Астанаға қайтып оралады.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*