Ерлік ешқашан өшпейді

Г.Байтасов Кызылорда УССО1Қоғамдық тәртіпті сақтау және ел тыныштығы үшін күресте өз ғұмырларын құрбан еткен тәртіп сақшылары аз емес, олардың есімдері ғасырлар бойы өшпесі анық. Олар әрқашан біздің жүрегімізде және кейінгі жас ұрпақтар есінде мәңгі сақталмақ. Солардың ішінде, полиция капитаны Ғазиз Байтасов та бар.
2011 жылдың 12 қарашасындағы суық хабар Тараз қаласының тұрғындарын ғана емес, бүкіл елді дүр сілкіндірді. Өйткені, өзін «жихадтың» жолын ұстаушымын деп санайтын қылмыскер айдың-күннің аманында еш жазығы жоқ жеті адамның, оның ішінде ішкі істер органдарының 3 полицейі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2 қызметкерін мерт қылып және үш қоғам сақшысының денесіне жарақат салып, өміріне қауіп төндірді. Осы тұла бойды түршіктірер оқиға кезінде тараздық бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін қарақшы атқан оқ кеудесін тесіп өткеніне қарамастан, жарылыс жасаған «жихадшыны» денесімен жапқан жол полициясының капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты. Ер ел үшін туады және ел үшін басын бәйгеге тігеді. Қарулы қылмыскерді құрықтау барысында Ғазиз Байтасовтан басқа мамандандырылған күзет қызметі басқармасы жедел ден қою взводының қызметкерлері, полиция аға сержанты Полат Аянқұлов пен полиция сержанты Жақсыбек Байсейітов те ерлікпен қаза тапты. Олар өмірлерінің соңғы сәті соққанша ел алдындағы антын адал орындап, ерлікпен көз жұмды. Ешкім де ерлікті батыр болайын, тарихта қалайын деген есеппен жасамайды. Нағыз адал азамат ел тыныштығына, бейбіт адамдар өміріне қауіп төнген сәтте тәуекелге бас тігеді. Мұндай сәтте ердің ері, тіпті, аранын ашқан ажалға да тайсалмай қарсы тұрады. Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде қаланы аяғынан тік тұрғызған қандықол қарақшыны Жол полициясы қызметкері Ғазиз Байтасов өз өмірінің құнымен тоқтатты. Ел үшін мерт болған азаматқа ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді.
Қызмет бабында ерлікпен қаза болған ерлерімізді мәңгілік есте сақтау мақсатында Қызылорда облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ғимаратынан арнайы патриоттық тәрбие бөлмесі ашылып, жабдықталды. Соның ішінде, Ғазиз Байтасовтың ерлігін дәріптейтін бұрыш жасалып, Халық Қаһарманының қызметі мен өмір жолдары туралы фотоальбомдар мен стендтер жасалды. Жеке құрам арасында патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жабдықталған патриоттық бөлмеде ұдайы іс-шаралар жүргізіліп тұрады, дәрістер өткізіледі. Солардың бірі, Ғазиз Байтасовтың өмірі мен қызмет жолына, ерлігіне арналған дәріс. Иә, Отанға адал және абыроймен қызмет етіп, оны мақтан тұтуымыз керек. Ел тыныштығы үшін антына адалдық танытып, өмірлерін қиған бұл азаматтардың есімі, ерлігі мен өжеттігі Қазақстан полициясының тарихында мәңгілік қалмақ.

Төребек РЫСҚҰЛОВ, Қызылорда облысы МКҚБ ММ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*