Мәңгілік ескерткіш тақта ашылды

И.МомбаевБатыс Қазақстан облыстық ІІД-де қызмет бабында қаза болған полиция қызметкерлерінің құрметіне арналған ескерткіш тақта ашылды. Орал қалалық ІІБ басшылығының мұрындық болуымен бой көтерген тағзым тақтасының ашылуы салтанатты түрде өтті.
Биыл қалалық Орал қалалық Ішкі істер бөлімінің милиционері, милиция сержанты Иват Момбаевтың қоғамдық қызметтік міндетін орындау кезінде қылмыскердің қолынан қаза тапқанына 20 жыл толды. 1992 жылдың 4 қаңтарында қайғылы жағдайда қаза болған Иват Құбайдоллаұлы – ішкі істер саласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықпен күрес, азаматтардың тыныштығы мен бейбіт өмірі жолында уақытпен санаспай еңбек еткен, жастарға үлгі болған қызметкерлердің бірі еді. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмырында шыншылдығы, адалдығымен дараланған сақшы қоғамдық тәртіпті қорғаудағы мінсіз қызметі үшін бірнеше рет облыстық ІІБ-нің марапаттары және бағалы сыйлықтармен марапатталған болатын. Ескерткіш тақтаны ашу салтанатына Орал қалалық ІІБ жеке құрамы, облыстық ІІД басшылығы, сонымен қатар, қызметтік міндеттеріне көз жұмғанша адал болып қалған полиция қызметкерлерінің туған-туыстары қатысты. Шара шымылдығын ашқан ішкі істер органдарының ардагері Нұрсұлтан Амангелдіұлы мен қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған И.Момбаевтың анасы Ақұштап апай әріптестерінің есімін ұлықтаған ІІБ және ІІД басшылығы мен жеке құрамына алғыстарын білдіріп, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Жиында сөз алған ІІО ардагері Нұрсұлтан Амангелдіұлы «ІІО қызметкерлерінің қайсар іс-әрекеттері мен әрдайым батыл қадамға даярлығы ел азаматтарының жүрегінде қашанда мақтаныш сезімін ұялатады. Ел бейбітшілігін сақтау мен азаматтар тыныштығын қорғау жолында өз өмірлерін қиған батыл да қайсар қызметкерлердің есімдері ел тарихында мәңгілікке жазылып қалады», – деді. Дәл осы күні Орал қаласындағы агро-колледж спорт залында Орал қалалық ІІБ-нің бөлімше командалары арасында И.Момбаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Турнирдің басты мақсаты – жас полиция қызметкерлерін Отанын сүю мен құрметтеуге, адалдыққа, бірбеткейлікке және қызметтік міндеттерін орындау кезінде жүректілікке тәрбиелеу, сонымен қатар, ІІО жеке құрамының дене дайындығы деңгейін көтеруге серпін беретін саламатты өмір салтын насихаттау. Орал қалалық ІІБ-ның бастығы, полиция полковнигі М.Ғабдуллин жарысқа қатысушы командалар мен жанкүйерлерді доданың ашылуымен құттықтап, сәттілік пен табыс тіледі. Жарыстың ашылуында сөз алған марқұм И.Момбаевтың анасы А.Момбаева ұлының есімін ұлықтап, игі іс-шара ұйымдастырғандарға алғысын білдіріп, қатысушыларға аналық ақ тілегін жеткізді. Бірнеше сағатқа созылған турнир өз мәресіне жетіп, жеңімпаз командалар анықталды. Атап айтсақ, қалалық ІІБ ЖППБ командасы 1-орынды жеңіп алса, 2, 3-орындарды басқарманың КПБ қызметкерлерінен құралған команда мен ЖБО командасы өзара бөлісті. Команда капитандарына және аталымдар бойынша үздік шыққандарға кубоктар тапсырылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*