Бейбіт күннің батырлары

Бүгінгі заманның батырлары33Әр адамның өмір жолы оның тағдыры екені анық. Біреу өмірлік жейтін нанын дәрігерлік мамандықтан тапса, енді бірі тау-тас кезіп геолог болуға құмартады, тағы бірі – жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие беруді мұрат тұтқан ұстаздықты қалайды. Қай мамандық болмасын өзінің қиындығымен әрі қызығымен саналуан. Тек соны жүрек қалауымен таңдап, болашақтағы өміріңе айнымас серік ете білсең, сенен асқан бақытты жан жоқ.
Біздің әңгімемізге арқау болар азаматтар өмірден өз орындарын қоғамдық тәртіп сақшысы болудан тапқан азаматтар. Осындай ауыр да абыройлы міндетті өздеріне нәсіп еткендер полиция қызметкері атанып, иықтарына шен таққанда қандықол қарақшы немесе қанқұйлы қылмыскермен бетпе-бет келетін кездегі жауапкершілікті жақсы сезінеді. Осындай тұтқиылдан болатын кездейсоқ оқиғалардың ортасында болып, жазықсыз жандарды зұлымдықтан арашалауда ерлік көрсеткендердің бірі – Алматы облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің Қапшағай қаласы полиция ротасының старшиналары Саят Әлімбеков пен Мұрат Қалиев. Олар осыдан бес жыл бұрын болған оқиғаны толғаныспен еске түсіріп, тебірене әңгімелейді.
Бұл оқиға 2008 жылдың шілде айында болған еді. Қапшағай қаласындағы «Старая крепость» демалыс аймағының қызметкерлеріне ғана емес, бүкіл қала жұртшылығы үшін дүрбелеңге толы болған еді. Сол түні демалыс аймағында таңғы сағат 4-те атылған мылтық даусы айналаны дүр сілкіндірген болатын. Демалыс аймағының тәртібін күзетіп жүрген полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жеткенде көл жағасындағы демалыс үйінің тыныштығын бұзған бұзақы жылыстап та кеткен еді. Дереу учаскелік инспектор Асылхан Алдажаров, бекет жетекшісі, полиция майоры Алтынбек Атабаев осы дәмханада Д.Шевченконы атып жаралаған «күдікті Коваленконы қолға түсіру» операциясын бастайды.
Коваленко артынан қуып келе жатқан Асылхан Алдамжаровты тапанша нысанасына алады. Іле-шала соңдарынан Саят Әлімбековтың жеткені сол еді түнді жаңғырықтыра атылған оқтан Асылхан мен Саят екеуі де жаралы болады. Енді қанқұйлы қанішердің ізіне өкшелей түскен полиция лейтенанты Ғалым Тәттібеков, Мұрат Қалиев, К.Шөкеновтің ойлануға да мұршасы болмаған еді.
Тапаншадан жеделдете атылған төрт оқ енді Ғалым Тәттібеков пен Мұрат Қалиевті жаралайды. Ал К.Шөкенов рация арқылы қылмыскердің қашып бара жатқан бағытын айтып үлгіреді. Коваленконың құтылып кетуіне жол бермеген Алтынбек Атабаев оның алдын орағытады. Аз уақыттан соң екеуі Қапшағай су қоймасының жағалауында кездеседі. Тапаншадан атылған оқтың біреуі Алтынбектің ұялы телефонына, екінші оқ денесіне тиеді. Бірақ жедел жеткен қосымша топ Коваленконың қолына кісен салып үлгереді. Өкініштісі учаскелік инспектордың көмекшісі, полиция лейтенанты Ғалым Тәттібеков алған ауыр жарқаттан 19 шілдеде ауруханада есін жимастан көз жұмады.
Төрт полиция қызметкерін жаралап, бірінің өмірін қиған оқиға полиция қызметкерлерінің атқарып жүрген міндеттерінің қаншалықты ауыр екендігінен хабар берсе керек. Осы көрсеткен ерліктері үшін бесеуі де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 05 желтоқсандағы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
«Біз қаныпезер қылмыскерді неғұрлым тезірек құрықтауға тырыстық. Олай болмаған күнде ол қаншама жазықсыз жанның өміріне қауіп төндіретін еді. Бірақ ол кезде бізде орден, медаль аламыз деген ой болған жоқ. Қайткенде Отан алдында берген антымызға адал болуды ғана мақсат тұттық», – дейді Алматы облысы Мамандандырылған күзет қызметі Қапшағай қаласы полиция ротасының старшиналары Саят Әлімбеков пен Мұрат Қалиев.
Иә, бұлар бейбіт күннің қаһармандары. Олар сүйікті жар, үлгілі отбасы, балаларының мақтан тұтар әкесі, ал ұжымында бедел мен құрметке лайықты әріптес.

Сандуғаш ҚАСЫМБАЕВА, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*