Түйсік тұншыққан түнек түн

scaredkidШілде. Ауа қапырық. Шақырайып тас төбеге шығып алған алтын күн «жер бетіндегілерді түгел өртеп жіберейін бе, осы» дегендей жалын атып тұр. Торғай екеш торғай да паналайтын көлеңке таппай әр бұтаның астына барып паналайды. Ол қысқа ұшып-қонған сайын кішкентай ауыздарын ашып, шық-шық етеді. Шөліркеді ме екен мынадай шілдеде шөкімдей ғана сары шымшық?
Ағаш біткендер де мүлгіп қалған. Тамырын терең жібергенмен төбеден түскен ыстық ағаш екеш ағаштарды да шөліркеткендей. Қырат жақтан соққан керімсал да күйдіріп жіберердей.
Осындай ми қайнатарлық аптапта адамдар салқын сая іздеп, көл-өзен жағалауларына барып, ыстықтан қорғануы тиіс еді. Бірақ… Иә, бірақ… Жаратқан Адамдарға барлық жан-жануарлардан тыс арымас ақыл берген дейміз. Сол арымас ақылды алдағы таңдарының тамаша да керемет болуы үшін, өзінің рухани да материалдық дамуы үшін жұмсаудың орнына аяғын шалыс басып, түзелмес бұралаң жолға түсетіндерін қайтерсің. Тегінде Адамның бір иығында періште, екіншісінде сайтан отырады деп имамдар босқа айтпайды. Періште көкке тән. Сондықтан иықта сайтан ғана сақылдап отыратын сияқты. Өйткені, біз соның тілін көбірек аламыз ғой. Бердалының қарт әкесі таулы ауданда тұратын. Көптен бері төсегінен тұра алмайды. Бибі күйеуі Бердалыға «әкеңнің халін сұрап келейік те» деп талай рет айтты. Алайда, Бердалының көңілі әкеге емес, әзізілге қарай ауа берді. Күйеуінің күңкілі көбейген соң Бибі сіңлісі Үрбіні қасына ертіп, атасының ауылына тартып кетті. Осы кезде «іздегенге сұраған» дегендей Сарыағаш ауданынан қалаға жұмыс іздеп танысы Рахат келе қалмасы бар ма? Бердалы да сыбай-салтаң бос жүрген босбелбеудің өзі еді. Екеулеп қаланы шарлады. Оларды еш жер жұмысқа алмады. Үйде Бердалының үлкен ұлы Асқар да жоқ екен. Ол нағашысына көмектесуге кетіпті. Мынадай оңаша сәт оңайлықпен бұйыра бермейді. Бердалы мен Рахат «Бірлік» азық-түлік дүкеніне соғып, екі шыны «Пшеничный» арағын алды. Ортаға шағын дастархан жасап, «кездескеніміз үшін!» деп бір-бір стаканнан тартып-тартып жіберді. Онсыз да өртеніп түрған күнде ішке от түскен соң оңай ма, екеуі де есеңгірей бастады. Екі бөтелке қисайып қалғанда достар да жантайды. Бердалы түс ауа ұйқысынан оянды. Қонағы қорылдап жатыр. Бас болса, солқ-солқ етеді. Қайтпек керек? Әрине, «бас жазу» қажет. Онсыз болмайды. Ол орынынан тұрып тағы да «Бірлік» азық-түлік дүкенін бетке алды. Арақты көйлегінің ішіне тығып үйіне қарап безектеп келе жатты. Ойы үйіне ертерек жетіп, қонағын оятып, бір шишаны қақ бөлу.
Оның үйі қаланың бір қиянында дөңестеу жерде еді. Биік жерде болғаннан соң ба, етекте шаһар алақанындай көрініп жататын. Шағын ауданның бір шеті қиыр даламен шектеседі. Далада жүгірген сағым толқын-толқын болып өтеді. Бердалының көз алдында осы сағым бұлдырап, қатпарлы бір қапасқа сіңіп бара жатты…
***
Нағашысына күні бойы көмектескен Асқар кештетіп үйіне оралды. Ол үйінің жанындағы қорадан өтіп бара жатып, жағымсыз бір иісті сезді. Қораның есігін итеріп еді, бекітіп қойыпты. Ал, бастырманың астында бір түссіз пакет тұр. «Бұл не болды екен?» деп Асқар пакетке жақындады. Одан да сасық бір иіс шығады. Ол қатты қорыққанынан шыңғырып жіберді. Қатты шошынғаннан жүрегі алқынып, ауызына тығылды. «Қателестім бе екен?» деп пакетке қайта қарады. Жоқ, қателеспепті. Шағын түйіншектің бір шетінен адамның қолы көрініп тұр еді. Ол далаға қалай атып шыққанын сезбеді. Жүрегі айнып, лоқсып құсты. Басы айналды. Жүрегі құрғұр да атқақтауын қоймай, алқынып тұр. Асқар мұндай сұмдық сәтті бұрын-соңды басынан өткермеген. Қатты қорыққаны соншалық, үні шықпай қалды. Арада қанша уақыт өткенін өзі де білмейді, есін әзер дегенде жинады. Сонда да жүрегі айнып, іші бүріп, құсқысы келіп тұр. Япырай, әкесі қайда? Мына сұмдыққа ол қалай жол беріп қойған? Әлде арақ ішсе төбелеске бір иығын беріп тұратын әкесін біреулер өлтіріп, денесін бөлшектеп кеткен бе? Асқар үйіне кіруден қорықты. Сосын анасы Бибіге ұялы телефонмен қоңырау шалды.
– Мама, сұмдық! Бастырмада бір пакет тұр. Ішінен адамның қолы шығып жатыр. Қораны да бекітіп қойыпты. Жаман сасық иіс қолқаны қабады. Қатты қорқып тұрмын. Не істейін?, – деді ол анасына.
– Балам, бір сұмдықтың болғаны ақиқат. Сен өзіңді-өзің бас. Нағашың келгенше үйге кірме. Мен қазір Өрісбайға телефон шаламын, – деді анасы. Ол ауладан алыстау нағашысын күтті. Әлден соң Өрісбай автокөлігімен келіп те қалды. Ол да қорқақтап жүріп бастырмадағы пакетті көрді.
– Полицияға хабарлау керек, – деді ол жиеніне.
Нағашылы-жиенді екеуінің хабарламасына Абай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері өре түрегелді. Дереу жедел іздестіру тобы құрылды. Арнайы жасақ қаланың батыс жағындағы шағын ауданға қарай шұғыл аттанды. Қаратөбе атты қорым қарауытып көрінді. Қара десе қара. Адамдар бұл жаққа түн түгілі күндіз де қарағысы келмейді. О дүниеліктер мекенін айналып өтуге тырысады. Әйткенмен, осы маңда қаралы, айтуға ауыз бармайтын сұмдық оқиға орын алып еді. Сол сұмдықты бүркемелегісі келгендей Қаратөбе түнере түсті. Түн. Қорымды айналып өтетін тас жолдың жиегіндегі ағаштар күні бойғы иықты басқан аптаптан құтылғандарына қуанғандай баяу теңселеді. Жапырақтары баяу сылдырап, үнсіз мүлгиді. Айнала жым-жырт. Осы бір өлі тыныштық үрей үрлейтіндей. Расында, тәртіп сақшылары алдағы көріністерден жүректері жаншылып, қатты қамығатындарын, айуандықтың шектен тыс қаталдығына куә болатындарын сезгендей оқиға орнына жақындаған сайын ілгері басқан аяқтары кері кетіп, келе жатты. Аспандағы Ай да бетін теріс қаратып алғандай. Мынадай масқарадан, қаныпезерліктің қаттылығынан Ай да мұңайып тұрды.
***
Үйіне жеткенше асығып келе жатқан Бердалы жолдасын ұмытып та кетті. Ащы судан аянбай сіміріп, іштегі уытты сөндіргісі келді. Осылай еліріп келе жатқанда алдынан бір орыс жігіті шыға келмесі бар ма? Ол да өзі сияқты қаталап келе жатқан біреу екен. Мұның көйлегінің ішіндегі бөтелкені байқасымен Бердалыға жабыса кетті.
– Бауырым, бас ауырып тұр, 100 грамм құйшы, – деді бейтаныс.
Бердалы тартынған жоқ, жомарттығы ұстап кетті. Дереу бөтелкенің тығынын ағытты да, бейтаныс жігітке екі стакан арақ құйып берді. Екеуі танысты. Орыс жігітінің есімі – Владимир екен. Өзі рахмет айтуды да ұмытқан жоқ. Міне, осыдан соң Владимир үйіне қайтып-ақ кетуі керек еді. Бірақ, Бердалының қолындағы бөтелке оны мұрнынан жетектеген тайлақтай соңына ілестірді де отырды.
– Володя, үйіңе қайт. Менің үйде достарым күтіп отыр, – деді Бердалы.
Жаңа таныс кері қайтпады. Екеуі ерегісіп қалды. Осы кезде ұйқысынан оянған Рахат тысқа шыққан еді. Ерегісіп тұрған тынысы мен бейтанысты ажыратып бақты.
– Бердалы, қойсаңшы, ішіп алсаң, өстетінін не?, – деп досына ашуланды.
– Сен үйге бара бер. Мен қазір Володяны шығарып салып, соңыңнан барамын, – деді Бердалы.
Бекер-ақ иланған екен. Үйге қайта кіріп ұйықтап қалмаса, мынадай жантүршіктірерлік жайт болмас та еді-ау. Рақат кеткеннен соң Бердалы мен Володя ерегісті қайта бастады. Жаңа ғана танысқан бөтелкелесінің басынуы Бердалыға ұнамады. Оның айқаптағы жындары қозып кетіп, өзін-өзі ұстай алмай қалды. Жартылай ішілген бөтелкемен Володяның басынан қойып қалды. Бөтелке бірнеше бөлікке бөлініп, жан-жаққа шашырап түсті. Володяның басынан қан бұрқ етті. Бердалы сонда да тоқтамады. Орыс жігітін аяусыз тепкіледі. Ес-түссіз қалған жігітті үйінің бұрышына сүйреп апарды да, үстін шифермен жауып қойды. Сондағысы әрі-бері өткендер көрмесін деген ойы еді.
Ол ауласындағы балағанның үстіне шығып, жастыққа басы тиісімен қор ете қалды. Өзінің не істеп қойғанына есеп те бермеді. Әлден соң ұйқысынан шошып оянды. Есіне бір орыс жігітін бөтелкемен басынан ұрып, артынан тепкілеп талдырып тастағаны түсті. Орнынан тұрды да өзі шифермен жауып кеткен жігітке барды. Оның денесі мұздап қалған екен. Қаныпезер қағынды қорқынышын арақпен басқысы келді. Тағы да дүкеннен арақ әкеліп, Рахатты оятпастан бір өзі ішті. Бойына у дарыған ол тағы да ұйықтап кетті. Ол түнгі сағат бірлер шамасында оянды. «Мәйітті тез жасыру керек» деген ой оның басынан кетпей қойды. Сосын ас бөлмесіне кірді де пышақ алып шықты. Үйден бірнеше пакет те табыла кетті. Сосын мәйітке келді де… Басбұзар Бердалы мәйітті қой жіліктегендей бірнеше бөлікке бөліп тастады. Марқұмның басын, аяғын, денесін екі пакетке салды да қол арбамен Қаратөбе мазаратына апарып, ақтара салды. Қайтып келіп, мәйіттің қалған бөлшегін тағы екі пакетке тыққыштады. Оларды қорасы мен бастырманың астына қойды да ішілмеген арағына қайта оралды. Бұл кезде сағат түнгі 02.30-ды көрсетіп тұр еді. Ол Рахатты жұлқылап оятпақ болды.
– Тұр, арақ ішеміз, – деді Бердалы.
– Түн ішінде ме? Өзіңді жын ұрды ма?
– Иә, жын ұрды. Мен Володяны өлтіріп, бөлшектеп, денесін қорымға апарып тастадым, – деді жауыз.
–Не деп тұрсың? Босқа сандырақтай бермеші, – деді Рахат.
– Рас айтамын. Сенбесең, бастырма астында әлгі орыс жігітінің дене мүшелері жатыр. Барып көр, – деді Бердалы жаналғыш.
Рахат оның сөздеріне сенбеді.
– Ә, қорқасың, иә. Онда жата бер, – деп, түнгі жырынды ішуін жалғыз жалғастырды. «Сәлден соң қалған бөлшекті апарып тастаймын. Сосын қылмыскерді тауып көрсін» деп өзіне-өзі жігер берді. Тағы да бірер стакан арақты тастап жіберген соң бойынан ерік кетіп, ұйқы-дұшпанның құшағына еніп бара жатты.
Ол сол ұйықтағаннан мол ұйықтады.
Шілденің аптап ыстығы жер бетін қуырып бара жатты. Бөлшектенген денелер иістеніп, айналасына сұмдық сасық иіс шығара бастады. Ал, қаныпезер баскесер сілейіп ұйықтап жатыр еді.
– Тұрыңыз, – деген өктем үннен ол шошып оянды.
Көзі бұлдырады. Бұл үйге баса-көктеп келіп тұрған кімдер өзі? «Көрсетейін мен бұларға!». Ол осылай іштей кіжінді. Орнынан ұшып тұрмақ болды. Алайда, буын-буынды алған арақ уыты оны тыпыр еткізбеді. Ол есін әзер жиғанда қарсы алдында отырған полицей қызметкерін көрді. Оның енді жасаған қылмыстарын мойындамасқа шарасы да жоқ еді… Сотта зайыбы Бибі күйеуінің ішімдікке салынып кеткенін жасырмады. Тек соңғы кезде ғана бірер апта татып алмай жүріпті. Ішімдіктің салдарынан үйде жиі жанжал шығып тұрған. Үш перзентінің әкесі болғандықтан да Бибі қазақ келіндерінің ибалығын сақтап, ажырасып кетуді ар санапты. Содан бері Асқардың да ұйқысынан маза кетті. Көшеге шығудан тайсақтады. «Жаналғыштың баласы келе жатыр» деп кім көрінген қолын шошайтатындай сезінді. Әкесі үшін намыстанды. Кірерге жер таппады. Тіпті, өз үйінен шошынды. сосын нағашысының үйіне кетіп қалды. Кейін басқа мектепке ауысып кетті. ҚР Қылмыстық кодексінің 96 бабы 1 бөлімімен кінәлі деп табылып, он екі жылды арқалап кеткен әкесін көргісі келмеді. Бердалы мәйітті малша боршалағанда қолдары қалай қалтырамады екен? Онда адамдық түйсік деген мүлде қалмаған ба? Адамдардың қой сойғанда да қолдары қалтыраушы еді ғой. Сірә, бұл жауыздың жүрегі тастан жаратылған шығар. Адамдар бауырларынан суынып кеткен жанды «тасжүрек» деп атап жатады. Ал, мұны қалай атауға болады? Балаң жігіт, балғын жас Асқар түгілі осы сауалдың жауабын Бердалыдан жауап алған тергеушілер де таппай отыр. Сірә, адамдар арақ деген әзәзілдің айтағымен айуанға айналып кететін болуы керек. Айуан кейпіне енген жан қайта адамға айналмайды-ау, шамасы. Сонда адамдар аздырар арақ деген пәлекетті не үшін жасап шығарды екен? Асқар арақ сататын дүкенді өртеп жібергісі келген. Бірақ, бұдан арақ атаулы таусыла сала ма? Кәсіпкерлердің сауда-саттығы дамуы үшін тағы да арақ өзен болып ақпай ма? Сол улы өзеннің алдын қалай бөгеуі керек? Бұл – бала қиялы жетпейтін салмақты сауал еді. Бәлкім, бұл бүкіл әлемнің жауабы жоқ сауалы шығар-ау. Асқардың осы улы өзеннің жолын бөгеуге әлемнің барша зиялы қауымы амал-айла қарастырып жатқанына сенгісі келді. Осы ой ғана алдағы өмірге жетеледі. Түйсік семген күні түнек басатынын ойлады. Ол өмірдің барлық жағы жақсылықтан тұрмайтынын сезінді. Алда балы мен уы аралас асулар жатқанын ойлап қамықты. Қаратөбе маңынан өткен адамдардың бойы қалтырайды. Пакетке салынған адам денесінің бөлшектері еске түскенде көп адамдар әлі де шошынады. Ал, Қаратөбеден ілгері түссеңіз, құмырсқадай қаптаған адамдар мидай араласып, тіршілік үшін талассыз күресіп жатыр. Асқар осы ортаға жеткенше асығады. Иә, адамдарды ұлы мақсаттарға бастаған шуақты күндер көп қой, көп. Бірақ, кейбір түйсіздердің ашық күнде адасып қалатыны жаман.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*