Полицейлер – тыныштық тірегі

FZNwOimE7usБұл күндері еліміздің талантты әншісі Қарақат Әбілдинаның шығармашылық еңбегіне он жылдан асып отыр. Ол аз мерзімде ғажайып дауысымен, кәсіби шеберлігімен қазақ ән өнерінің айтулы жұлдызына айналды. Қалың халық Қарақатты құрмет тұтады, мақтан етеді. Шәкірттерінің шығармашылығын шыңдауда талмай еңбек етіп келеді.
– Әңгімеміздің әлқисасын сіздің балалық шағыңызға саяхат жасаудан бастасақ?
– Мен киелі Арқа өңірінің қызымын. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Байғұл ауылында дүниеге келдім. Ата-анам Түлкібай мен Қаламқас – елге сыйлы, қазақы адамдар. Көп балалы отбасында өстім. Отбасымызда тәртіп бірінші орында тұратын. Әсіресе, әкем қаталдау кісі еді. Сол қаталдықтың арқасында жаман болған жоқпыз. Қайта үнемі алға ұмтылып, ата-анамыздың сенімін ақтауға тырыстық. Жалпы, мен бала кезімнен өнерге өте жақын болдым. Үйге қонақ келсе, міндетті түрде ән айтатынмын. Анамның әшекей бұйымдарын тағып, көйлектерін, тіпті аяқ киіміне дейін киіп алып, кішігірім концерт қойып беретінім есімде.
– Ұлттық құндылықтарымызға деген көзқарасыңызды білдіре өтсеңіз?
– Мен, өзімді өз елінің, ұлтының нағыз патриот қыздарының қатарына жатқызамын. Маған «ұлттық құндылық» деген ұғым өте жақын. Себебі, балалық шағымнан ата-анам ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге баулып, санамызға сіңіріп, осы бағытта тәрбиелеп өсірді. Қазіргі кезде де өзім осы үрдісте қызмет жасаудамын. Менің сахнаға киетін концерттік киімдерімде, ұлттық үлгіде тігілген. Себебі, қазақтың нағыз қазақ екенін дәстүрлі әндер мен осындай киім үлгілері арқылы танытамыз. Сонымен қатар, қазақы үлгіде арнайы жасалған зергерлік бұйымдарды тағамын. Біз шетелдерге гастрольдік сапармен көп шығамыз. Қазақтың ұлылығын әлемге паш ету жолында, қазақтың қызы қандай болатынын жоғары деңгейде көрсете білу біздің перзенттік парызымыз және міндетіміз деп білемін.
– Дәстүрлі және эстрадалық әндерді қатар орындап жүрген әншісіз. Осы екі жанрдың қайсысы сізге жақын?
222222-1– Өнерге қолыма домбыра ұстап келдім. Содан болар домбырамен айтылатын ұлттық әндер, дәстүрлі әндер, халық әндері менің жаныма өте жақын. Ал, эстрадаға келетін болсақ, оны көпшілікке танылу құралы ретінде қараймын. Бойымдағы әншілік қасиетті таныту үшін өмірлік серігім Қыдыр мені эстрадаға алып келді. Өйткені, осы жанр арқылы халыққа танылу өте оңай. Себебі, домбырамен айтылатын терме, дәстүрлі әндерді екінің бірі тыңдай бермейтіні белгілі. Эстрадағы қадамым сәтті болды. Халық мені таныды. Өзімді әнші ретінде мойындата алдым. Қалай десек те, эстрадамен қосылып ән айту бүгінгі күннің талабы. Бірақ, қай жанрда ән айтпайын, осы қарға тамырлы қазағымның жақсы жағын көрсетсем, ұлтымның өнерін, тілін дамытуға атсалыссам деген ой тұрады. Сол мақсатта сахнада жүрмін деп айта аламын. Мен еліме, жеріме, дініме, ұлтыма деген сүйішпеншілігімді әнім және өзімнің болмысым арқылы паш еткім келеді. Жұдырықтай жүрегім қазағым, Отаным деп соғады. Екі саланы да бөліп-жарып, «бірі жақсы, екіншісі нашар» деп айта алмаймын. Бұлар бір-бірін толықтырып отыратын дүние. Қай жерде, қай қалада концерт берейін, домбырамды ала жүремін. Себебі, дәстүрлі әндерді тыңдайтын жандар жоқ деп айта алмаймын. Меніңше, эстрада уақытша дүние. Өйткені, мәңгілік жас болып қала алмайсың. Эстрада жастықты талап етеді. Ал жасың келген соң, сахнаның төрінде барабанның дүңкіліне қосылып шошаңдап жүру ерсі. Сол кезде домбырамен сахна төрінде дәстүрлі ән айтып тұру әлдеқайда жарасымды.
– Қазақ әншілерінің арасынан ең алғаш жетігенмен ән салып, аталмыш аспапты қайта жаңғырттыңыз. Алайда, жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын әндеріңіз әлі де аз сияқты?
– Бүгінге дейін жетігенмен бірнеше ән жаздырдық. Бірақ, жұрт «Әгугайға» көп қолқа салады. Сол себепті, басқа әндерді әзірге азырақ айтып жүрмін. Соңғы кездері «Арман-ай» әнін де сұраушылар көбеюде. Басқа әндерім де әлі өз тыңдарманын табады. Оған тек уақыт керек.
– «Қарақат» мектеп-студиясының жұмысы қалай өркендеуде? Аталған мектепті ашу кімнің идеясы?
– Астанаға қоныс аударып келген кезде Қыдыр екеуміз мектеп ашсақ деп жоспарладық. Бірақ, ол мектептің бағыт-бағдарын ойластырмаған едік. Ойлаған ісімізді қолға алған кезде, қазағымыздың кенже қалған аспабы жетігенді халыққа қайта жағыртуды ұйғардық. Ол мектеп ашылғанына биыл бес жылдан асып отыр. Алғашында отыз шақты балаға арналған еді, қазір көбейе келе жеткіншектердің саны жүз жетпіс шәкіртке жетті. Мұндағы мақсатымыз, қалада өсіп келе жатқан, тілі орысша шыға бастаған балаларға халық әндерін үйретіп, ұлттық музыка аспаптарында ойнатып, өз ұлтымызға қарай бетін бұру, ана тілін үйрету еді. Аллаға шүкір, қазір алға қойған мақсатымыз орындала бастады деп айта аламын. Мәселен, 10 жылдық есеп беру концертімде сол шәкірттерім де сахнаға шықты. Ән салды, музыкалық аспаптарда ойнады. Көрермен риза болды. Осыдан кейін-ақ мектепке деген сұраныс арта түсті. Әрине, оқу тегін емес, айына отыз мың теңге төлейді. Баланы 6-7 жастан бастап қабылдаймыз. Арасында одан да төмен жастағылар бар. Ән-күйге үйретіп қана қоймай, соның нәтижесін көрсету үшін жылына бірнеше концерт ұйымдастырамыз. Теледидардан келіп түсіріп жатады. Жұрт көрсін, білсін. Қандай өнерлі толқын жетіліп келе жатқанын. Сайып келгендегі мақсатымыз, бойында Алла берген ерекше қасиеті бар, талапты, балаларға бағыт-бағдар беріп, үлкен сахнаға шығуына жәрдем ету.
– Сіздің мектебіңізде баласын оқытуға жағдайы келе бермейтін ата-аналарға жеңілдіктер бар ма? Өз кезегінде мектебіңізге мемлекет тарапынан да көмек көрсетілетін шығар?
– Жоқ, мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді. Ал ел ішінде өтетін түрлі шаралар кезінде мемлекеттік мекемелер менің шәкірттерімнің қатысуына тапсырыс жасайтынын жасыра алмаймын. Мектебімізді болашақта «Академиялық» деңгейге көтерсек деген ойдамыз. Егер өркендеп жатсақ, ел ішіндегі өнерпаздар арасына арнайы байқаулар жариялап, жеңімпаздарына тегін оқу грантын иеленуге жағдай жасасақ деген ниетіміз бар. Әзірге көп балалы үйден шыққан балаларға ғана аздаған жеңілдіктер бар. Республиканың түкпір-түкпірінен хаттар толассыз келіп жатады. Онда көптеген ата-ана баласының біздің мектепте оқығысы келетіндігін айтады. Жас жеткіншектердің ұлттық өнерден сусындауға деген осындай талпыныстары қуантады. Дей тұрғанмен, олардың барлығын интернатқа орналастырып, ауылдан алдырып оқытатындай жағдай бізде жоқ. Сол себепті үкіметтік мекемелерге өтінішімізді артып, арнайы барсам деген ойым бар. Үйренем деген балалардың бетін қақпай, көп болып жағдай жасасақ, жаман ұрпақ тәрбиелемесіміз анық.
– «Балбала» қуыршағы қазақ тілінде ән салып, би билейтін алғашқы қуыршақ. Жалпы, қазақ тілді қуыршақтарға деген сұраныс қандай?
IMG_0084– Бұл – бұрын болмаған бизнестің түрі. Оның дамып, жұртқа танылып, сұранысқа ие болуы үшін біраз уақыт керек. Үлкен қаржы салынуы тиіс. Аллаға шүкір дейміз, қазір халық «Балбала» десе, оның не екенін бірден біледі. Алпыстан аса дүкен осы қуыршақтарды сатады. Компанияның болашағы зор деп ойлаймын. Неге десең, бұл өз ана тілімізде сөйлейтін, музыка ойнайтын жалғыз қуыршақ. Бүлдіршін онымен ойнай отырып, ана тілінің қадір-қасиетін түсінеді, тіл сындырады, бірге ән салады. Жалпы, бұл идеологиялық тұрғыдан алып қарағанда, үлкен бір игі істің бастамасы деп түсінемін. Бүлдіршіндерді Отансүйгіштікке, мейрімділікке үйретеді.
– Қарақат, сіздердің балаларыңыз қазақша ән айтып, би билейтін «Балбаламен» ойнай ма?
– Ойнағанда қандай? Кішкентайым ән салатын балбала «Қарақаттың» әніне елітіп билейді. Тіпті ерте еңбектеуіне де сол ойыншықтар ұйытқы болды. Би билеп, ән салған қуыршақтарды алдына тастап қойсақ, алмаққа ұмтылып, өздігінен талпына бастады. Кішкентайымыз осы ойыншықтарды құшақтап ұйықтайды. Мұны көрген отағасы «маған осыдан асқан бақыт жоқ. бір қазақтың баласының «Балбаламен» ойнағанын көріп марқайып қаламын. Ал, мен көрмеген қаншама мыңдаған бала осы қуыршақпен ойнайды» деп айтады.
– Ал ұлдарыңыздың өнер адамы болғанын қалайсыз ба?
– Барлығының дерлік өнер жолын таңдауы мүмкін емес қой. Егер таңдауы түсіп жатқандары болса, қолқабыс етуге дайынбыз. Үлкен ұлымыз кәсіби футболшылар қатарында.
– Еліміздің тыныштығын қорғаған полиция қызметкерлерінің еңбегіне деген көзқарасыңыз?
– Біздің елімізде полиция болмаса – тыныштық болмасы анық. Бейбіт өмірдің қауіпсіздігін қорғау барысында қаншама арыстарымыз қаза тапты. Олар өздерінің өмірлерін қатерге тігіп халықты лаңкестердің арам пиғылынан сақтауда. Ел қорғаған сақшыларымыздың еңбегі өте ауыр. Осы мамандық иелерінің арқасында еліміз тыныш, жереіміз аман болсын.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*