Бала бәледен аулақ болсын десек…

3Қазіргі қоғамда балалар техниканы жетік меңгерген. Бүгінгі күннің ғаламторға телмірген балалары бала болып асыр салып ойнамайды да. Есіл-дерті көк терезенің ішіндегі ойындар. Бұл мәселе әлем елдерінің бас ауруына айналып үлгергені қашан!? Оған қоса ХХІ ғасырды ақпарат билеп отырғаны қайта-қайта дәлелденген шындық. «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемге әмірін жүргізеді» деген сөз ақиқатқа айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне жүгінсек, жер бетіндегі мемлекеттерге сағат сайын 3 триллион ақпар таратылады екен.

Қазіргі таңда дамушы елдердің саяси-мәдени элитасы осы ақпарат соғысынан қорғану үшін оны жан-жақты зерттеуде. Соның нәтижесінде, аталған мылтықсыз майданның түрлі бағытта жүріп жатқаны анықталып отыр. Қазақстанда осы майданның қыр-сырын тұрақты зерттейтін орталық бар ма? Жоқ секілді. Соның салдарынан болар, отандық телеарналарда жасөспірімдерге тыйым салынған ақпараттар ашықтан ашық беріле береді. Ғаламторды ашып, мектеп оқушысына сабаққа қажетті мағлұмат іздеп көрсеңіз, экранға сіз сұраған мағлұматтан бөлек, түрлі «жас талғамайтын» жарнамалар жарқылдап шыға келеді. Я болмаса, бүлдіршіндерге арналған мультифильм іздей қалсаңыз, қазіргі заманның ең әйгілі деген қатыгездікке насихаттайтын мультфильмдері бірінші болып экран бетінен бой көрсетеді. Бұл жойқынның алдын алу үшін Ресейде президентке тікелей бағынатын Ақпараттық талдау бюросы жұмыс істейді. Ал Америка Құрама Штаттары бұл ретте мол тәжірибе жинақтап отыр. Осындағы «Ақпараттық стратегия және саясат орталығы» өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап жұмыс істеуде. Бәрінің мақсаты біреу – сырттан келетін ақпараттың зардабынан қорғану және әлемге ақпарат арқылы үстемдік етудің ұтымды жолдарын айқындау. Міне, осы алпауыт елдердің тәжірибесін терең зерттеген халық қалаулылары бұл мәселені заң бойынша тоқтауды қолға алып отыр. Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы әңгіме Мәжілісте көтерілгеніне де біраз жылдың жүзі болды. Бұған дейінгі шақырылымда депутат Алдан Смайыл бас болып, осыны қолға алып жатыр деп естіген болатынбыз. Сол заң жобасы суырмада қалып қоймай, әбден пісіп-жетіліпті. Жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәжілісмендер «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат Қазақстан қабылдаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында бекітілген, жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес бала құқықтарын қорғауды басымдықпен қамтамасыз ету қажеттілігі негізге алына отырып әзірленген. Ал, бастамашыл топ заңды қабылдаудың өзектілігін алмағайып ақпарат ғасырында балалардың залалды ақпараттардан қорғана алмайтын әлсіз топқа айналуымен түсіндіреді. Шындығында, бүгінгі заманның баласы жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуымен интернет, ұялы және басқа да байланыс түрлері, цифрлық хабар тарату ақпараттардың теріс ықпал етуіне белшеден батып отыр десек артық айтқанымыз емес. Өйткені, жарнама өнімінің айналымы, электрондық және компьютерлік ойындар, кино, бейне, өзге де аудиовизуальдық хабарламалар мен материалдар айналымы кезінде БАҚ, ортақ пайдаланылатын ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып таратылатын ақпарат, көбіне балаларға психикалық кері әсер етіп, агрессияға, қатыгездікке, қоғамға қарсы әрекеттерге итермелейді. Сондықтан да жағдайдың осылайша қалыптасуына ақпараттық өнімнің айналымы кезінде балалардың имандылығы мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық кепілдіктерін заңнамалық реттеу тұрғысынан едәуір олқылықтар әсерін тигізіп отыр. Мұнымен қоса, отбасы институтын жоққа шығаратын, ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар да балаларға зиянды деп танылған. Телеарналар осы талапқа сай келетін өнімді, соған сәйкестендірілген таңбамен белгілеп қана эфирге тарататын болады. Керісіше, жағдайларда оларға заңмен шара қолданылады. Бұл ретте ақпараттық өнімнің жас санаттары индекстеледі, солардың негізінде «-6», «+6», «+12» «+16» және «+18» секілді жас санаты белгісі берілетін болады. Бұл ретте, әрбір жас санатының өзіне тән критерийлер айқындалып отыратын болады. Сөйтіп, балалар экраны бұйырса былық-шылықтан, әзәзіл ақпараттан біршама адаланып, тазарып қалмақ. Экран ғана емес, депутаттар мектепке қажетті оқу құралдарын да түрлі безендіру мен тексіз жарнамадан арашалап алмақ. Сонымен қатар, балалар үшін сайттардағы бейәдептілікке де құлып салынады. Өйткені, осы арада балалардың арандауы өршіп тұрған тәрізді. Соңғы уақытта балалар арасында қатыгездік артып, бір-біріне деген бауырмалдық сезімі сөніп бара жатқандай… Мұның себебі, залалды ақпараттардың емін-еркін таралуынан туындаса керек. Бұдан кейінгі кезекте балалардың өз өмірлеріне өздері зиян тигізетін, өзіне-өзі қол салуға итермелейтін ақпараттарға да тыйым салынады. Өйткені, суицид жасөспірімдер арасында көбейіп кетті. Дүниежүзілік деректерге қарағанда, БҰҰ мәліметінше, жылына 1,5 миллионға жуық бала өзіне-өзі қол салады екен. Бұдан бөлек, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды қамтитын ақпараттарға да тыйым салынатынын болады. Себебі, заң болмағандықтан жаңадан ашылған сайттар ашықтан-ашық ойларына келген жазбаларды беруде. Аталған заң өз күшіне енгеннен кейін жеке сайттардың қалай жұмыс жасайтыны уақыт еншісінде. Сонымен қатар, тілі әлі шықпаған бүлдіршін ата-анасымен бірге өзге елдің телесериалдарына телміріп отырады. Буыны қатпаған жеткіншекке балаларға арналған бағдарламалардың қызықсыз болғаны ма?! Жоқ әлде ата-ананың түрік пен үндінің телесериалына телміргенінің нәтижесі ме екен!? Аталған заңның екінші оқылымда мақұлданғанын жарияға жар салып қуанудамыз. Ал, ертең заң күшіне енгенімен үйдегі ата-ана балаларын қасына алып жасөспірімдерге кері әсерін тигізетін ақапарттарды бірге отырып көрмесе игі.
Алдан СМАЙЫЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Алдан Смайыл-1– Аталған заңды бірқатар депутаттармен бірлесіп қазақ тілінде жаздық. Заңды қазақ тілінде жазуға болады және осылай жазуды әдетке айналдыруымыз керек. Біз өзге елдердің тәжірибесін зерделедік. Сөйтіп, мәселені тиімді шешу үшін балаларды жас санаттарына бөлу қажет деген ортақ мәмілеге келдік. Бұл бізге балалардың жастарына орай теледидарда берілетін ақпараттардың сипатын айқындап, екшеуге мүмкіндік береді. Барлық жастағы балалар санаты үшін уақытты осылай бөлдік. Мұны Инвестиция және даму министрлігіндегі Ақпарат және мәдениет комитеті жүзеге асырады. Екінші бір айтатын мәселе, біз негізгі заң бойынша қолданыстағы он үш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Оның ішінде, әсіресе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көп өзгерістер жасалды. Айталық, телеарна, интернет клуб немесе интернет ресурстары иелеріне әкімшілік шара мен ақшалай айып қарастырылған. Егер бұлар нәтиже бермесе, олардың жұмысын тоқтатуға дейін шаралар қолданылады. Айыппұл көлемі заңның талабын орындамағанына байланысты жүз айлық есептік көрсеткіштен бастап әрі қарай өсе береді. Содан кейін балабақшалар, мектептер ЖОО немесе училище, колледждерге балалардың, студенттердің жасына сәйкес ақпараттан қорғайтын құрылғы алу міндеттеліп отыр. Бұл талап та орындалмаса айып салынатын болады. «Қаржылық шығынды қажет ететін өте маңызды жұмысты кім атқаруы керек?» деген сұрақ төңірегінде көп ойландық. Сөйтіп, ақылдаса келе мұны телеарна, интернет ресурстары, компьютерлік клуб бойынша ақпарат тартушылардың өздері жүргізуі керек деген шешімге келдік. Бұл шараның дер кезінде әрі сапалы жүргізілуін уәкілетті органның тарапынан құрылатын комиссия қадағалап отырады. Оған кез келген уақытта жұртшылық шығып, балалар үшін зиянды ақпарат таратқан ұйымдардың үстінен шағымдана алады. Комиссия мүшелері келіп түскен өтініш-тілектерді қарап, анықталған фактілер бойынша тиісті шара қолдануға ұйғарым жасайды. Шетелдік арналар болса, бұрынғыдай министрлік арқылы емес, өз елдерінің Қазақстанда құрылған заңдық ұйымдары арқылы тіркеледі. Сөйтіп, олар да Қазақстанның заңдарын орындауға міндеттелмек.
Уалихан ҚОСАНБАЙ, журналист:
Уалихан Қосанбай-1– Әрине, бұл елімізде орын алып отырған өзекті мәселенің бірі. Ақпараттық шабуылдың зияны өте зор болып тұр. Бұдан, әсіресе, оң-солын танып үлгермеген балалар орасан зардап шегіп жатыр. Қазір жеткіншектер арасында болып жатқан небір төбе шашыңды тік тұрғызатын қылмыстарды естіп, көріп жатырмыз. Өз құрбыларының өміріне жауыздықпен қастандық жасау, қанқұйлы төбелеске бару, өзіне өзі қол жұмсау, зорлау секілді сұмдықтардың етек алуының бірден-бір себебі осы. Ғаламтор желілері, компьютерлік клубтардағы зиянды ақпаратпен байланысты болып отыр. Қазір, тіпті, бала-шағаны теледидар алдына жалғыз қалдыру былай тұрсын, оны отбасымен бірге отырып көру де мүмкін болмай кетті.
Эльмира МҰРАТОВА, кәсіпкер:
Эльмира Мұратова– Қазіргі таңда, жасөспірімдер қатыгез болып барады. Ол шындық. Себебі, олардың психологиясына теледирар арқылы көрсетіліп келе жатқан жағымсыз жарнамалар кері әсер етуде. Жас бүлдіршіндер күнделікті теледидардан көрген мультфильм кейіпкерлеріне еліктейді. Олар соған ұқсауға тырысады. Себебі, балалардың көретіні «Құбыжық Хай», «Наруто», «Бен-10», «Тасбақа Ниндзя», «Кек алушылар», «Халк» секілді мультфильмдердің өзі-ақ жас жеткіншектің жүрегін тасқа айналдырары белгілі. Ал, компьютерлік ойындардың өзі атыс-шабысқа құралған. Әрине, осындай мультфилимдер мен ойындар баланың санасын улайтыны анық.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*