Спортты серік еткен сақшы

1Қай ауыл болсын, өзінен түлеп ұшқан перзенттерін мақтаныш тұтады, аспанға көтереді, демеу көреді. Сонау Сырдарияның арғы беткейіндегі, Өзбекстанмен шекаралас жатқан Мақтаарал ауданы, Асықата кентінің үлкен-кішісі Серікпен мақтанады. Таңмен таласа тұрып, үлкен ауылды айнала жүгіріп өтетін осы бір қағілез жігітті жұрт мықты спортшы ретінде бағалайды.
Ол мектеп қабырғасында жүргенде еркін күреспен айналысты. Жаттықтырушысы – Бақыт Еденов еді. Талапшыл жаттықтырушы оның мықты спортшы болып өсуіне көп ықпал етті. Кейіннен таңдаған кәсібі де күреске толы болатынын ол кезде Серік сезген де, білген де жоқ. Бірақ, бойында спортқа деген бір сүйіспеншілік барын жас кезінде-ақ байқайтын. Еркін күрес секциясына да өз еркімен барды. Б. Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясында оқып жүргенде де спортпен айналысуын тоқтатқан жоқ. Мұнда ол еркін күреспен бірге жеңіл атлетикамен де қосымша шұғылданды. Академия аясында өтетін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді.
Ол сонымен қатар дойбы ойнаумен де айналысты. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді Серік Академия қабырғасында қатарынан 4 жыл взвод командирі болды. Ол осы міндетіне сай взводтағы барлық жауынгерді әскери өмірдің қыр-сырына баулыды, спортпен шұғылдануға шақырды. Взвод командирі жауынгерлердің жалынды жетекшісі ғана болып қалған жоқ, барлық үзеңгілес досының шымыр әрі алғыр ретінде танылуына қолдан келгенін аямады. Академияны бітірген 2012 жылы оны ОҚО Мақтаарал АБІБ 1ПБ Әкімшілік полиция бөлімінің №1 тірегіне учаскелік полиция инспекторы қызметіне жіберді. Жас инспектор Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадионда самбодан өткен облыстық сайысқа қатысып, өз салмақ дәрежесі бойынша үшінші орынды иемденді. Артынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің базасында ішкі құрылым қызметкерлері арасында қоян-қолтық күрестен біріншілік өтті. Міне, осы сайыста Серік Мүсілімұлы тағы да үшінші орыннан көрінді. Өзіне өзі сенімді Серік үшінші орынды місе тұтпады. Ол бұдан да биіктерге қол созды. Учаскелік инспектордың қарап отырсаңыз, қашан көрсеңіз де мұрынына су жетпей жүреді. Қылмыстың алдын алу, ашу, тұрғындармен кездесу, Серік Мүсілімұлыбұрын сотты болғандармен жұмыс, жасы кәмелетке толмағандар тәрбиесі, осылай жалғасып кете береді. Кейде үйіне таң ата келетін де кездері бар. Міне, осындай қарбалас жұмыстары арасынан сына тауып спортпен айналысу – үлкен төзімділікті, ізденіс пен жігерлілікті талап етеді. Міне, біз білетін Серік осындай тыным табу дегенді білмейтін жігіт. Былтыр маусым айында Шымкент шаһарындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда құрылымдық күштер арасында қоян-қолтық күрестен облыстық спартакиада өтті. Оған полиция аға лейтенанты Серік Байсейітов те жолдама алды.Ол қоян-қолтық күресте алдына жан салмады. Бірінші орынды талассыз жеңіп алды.
Міне, осы жеңіс Серікті жігерлендіре түсті. Ол жаттығуды одан әрі жалғастыра түсті. Артынша оны Атырау қаласында қоян-қолтық күресінен өтетін республикалық жарысқа шақырды. Осында Серік Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан келген қарсыластарын тізе бүктірді. Осылайша республикалық сайыстан бірінші орынды қанжығасына бөктіріп қайтты. Спорттың бірнеше түрімен айналысып, белгілі белестерге көтеріле білген Серік Мүсілімұлы өзінің негізгі қызметтік борышын адал атқаруға әрдайым баса назар аударды. Ол ұжым алдында биік бедел жинаған. Берілген тапсырмаларды дер кезінде орындайтынымен ерекшеленеді.
– Серік біздің №1 учаскелік полиция бекетіндегі айтулы жігіттеріміздің бірі. Оның спорт саласындағы жеңістері бір төбе. Ол осында көптеген қылмыстың ашылуына үлес қосты. Жалпы, біздің Серік өз жұмысына адал, мақтан тұтар инспекторымыз,- дейді №1 учаскелік полиция бекетінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Өмірзақ Кенжебеков. Серіктің әкесі Мүсілім бүгінде Мақтаарал өңіріне белгілі кәсіпкер. Анасы Талма орыс тілі мен әдебиетінің маманы. Бүгінде ол да кәсіпкерлікпен айналысады. Әпкесі Назерке ана жолын қуды. Қазір мектепте мұғалім.
Серік егіздің сыңары. Бүгінде Берік атты сыңары Қарағанды қаласында әке жолын қуып кәсіпкерлікпен айналысуда. «Асықтатаның айбынды ақиығы» атанған Серік Мүсілімұлы хақында әзірге айтарымыз осы. Оның үлкен жолы енді басталды. Жол әлі ұзақ. Осы соқпақта Серіктің өз сүрлеуін адаспай табарына сенімдіміз.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*