Теміржолдағы төтенше оқиғалар азаяр емес

ДВДТ кездесу2Көліктегі ІІД басшылығының бастамасымен «Қазақстан теміржолы» ұжымы, көлік бақылау комитеті, Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авициясы өкілдері, сондай-ақ, Көліктегі ІІД желілік бөліністері басшыларының қатысуымен қызметтік кездесу өтті.
Айтулы басқосуды «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ қауіпсіздік жөніндегі басқарушы директоры Қадыл Таласпеков ашты. Кездесу барысында жолаушылар пойыздарында, вокзалдар мен әуе көлігі нысандарында жолаушылардың жеке қауіпсіздігі мен олардың мүліктерінің, теміржол көліктерімен тасымалданатын басқа да материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Көліктегі ІІД бастығы, полиция полковнигі Жанат Сүлейменов бұл нысандарда орын алып отырған бірқатар көкейкесті мәселелерге тоқталды. Соңғы кезде елімізге сырттан тасымалданатын жүктердің көлемі артты. Соның нәтижесінде ірі торапты стансаларда материалдық құндылықтарды тиеген вагондардың ұзақ уақытқа кептеліп тұрып қалуы байқалады. Бұл тауарлардың ұрлануы мен тоналуына тікелей жол ашады.
Сондай-ақ, теміржол тораптарында адамдардың пойыздардың астына түсіп, мерт болуы жиіледі. Қайғылы оқиғалардың орын алуына қаупі жоғары аймақтарда азаматтардың еркін қозғалуына толық мүмкіндіктердің жасалмауы, сондай-ақ көп жағдайда азаматтардың қауіпсіздік шараларын сақтамаулары себеп болып отыр.
Департамент бастығы желілік бөліністердің басшыларына теміржол мен әуе көлігі қызметтерін пайдаланушы азаматтардың қауіпсіздіктері мен қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі алдын алу шараларын әрі қарай жетілдіруді тапсырды. «Өкінішке орай, соңғы үш жылда азаматтардың теміржол нысандарында жарақат алу фактілері азаймай отыр. Мәселен, 2013 жылдың 5 айы ішінде департаменттің қызмет көрсету аумағында жарақат алудың 64 дерегі тіркелген. Оның 38-і орны толмас қайғыға әкеп соқтырған. Соның ішінде, 8 дерек бойынша балалар зардап шексе, оның 4-уі көз жұмған», – деді Көліктегі ІІД бастығы Жанат Сүлейменов.
Көліктегі ІІД қызметкерлерінің «Қазақстан теміржол» ҰК» АҚ өкілдерімен бірлескен кездесуі соңында қылмыспен күресудің, көлік кешені нысандарының қауіпсіздігін нығайту бойынша екіжақты шешімдер қабылданды.

Ләззат БАҚАШҚЫЗЫ, Көліктегі ІІД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*