Қаныпезер қарақшылар

№11.inddСазарған құз кеш түсімен-ақ түнеріп сала берді. Оның қойнауында отырғандар да әлдебір тықырдың таяп қалғанын сезгендей сұрлана түсті. Талай жорықтарға шығып жүрген жартасты жағалаған жырыңдылардың мына сазарған түрлеріне қарап, олардан нені болсын күтуге болатын еді.
Жиналғандар топ басшысының жарлығын күтіп отыр. Ол белгі берсе болды, кімге де тап беруден тайынатын емес. Терең құздың ішінде отырғандардың теріс пиғылдарын сезгендей Арыс өзені де демін ішіне алып, сыбырлай ағады. Сылдыр-сылдыр. Судың осы бір үні бүгін тым зәрлі естілгендей.
Желтоқсан айының соңы еді. Жаңа жылға небәрі 4-5 күн қалған. Өмірсерік сол күні де спирттік ішімдікке сылқия тойып алды. Қасынан үнемі қалмайтын Бақытжанның «Мерседес» көлігімен Ордабасы ауданы Амангелді ауылына келген. Көлік те олардың ішкі арам ойындай қара түсті еді. Ауылға келгеннен соң Бақытжан інісінің үйінің сыртына келіп тоқтады. Ысқырып белгі берді. Үйден Бақтыбек шықты.
– Бір шиша арақ әпер,- деді ол інісіне.
– Үйде арақ жоқ,- деді Бақтыбек.
– Онда Бақтиярды үйінен шақырып берші. Ол жаңа ғана үйленген еді ғой. Құттықтап қояйын, – деді Бақытжан.
–Жарайды,- деп келісті інісі.
Бақтияр үйінде екен. Сыртта оны күтіп тұрғандықтан тез шықты. Ол «Мерседестің» артқы орындығына келіп отырды.
– Құсын құтты болсын! – деді Бақытжан.
– Рақмет!- деді Бақтияр.
Автокөліктің ішінде бірнеше бөтелке сыра бар еді. «Былайырақ барып ішейік» деді Бақытжан. «Мерседес» орынынан жайлап қозғалып, ауыл сыртындағы Тезекбай сайға барып тоқтады. Осы кезде Бақытжан інісі Бақтыбекке «сен көліктен түсе тұршы» деген. Інісі түсіп кеткеннен соң Бақытжан Бақтиярға қарап: «Сен неге мені лақтырып кетесің? Өткендегі ақша қайда?» деп оны ұрып-соға бастады. Сол кезде Бақтыбек те келіп қалды.
– Аға, қойсаңшы. Оны неге ұрасың?- деп араша түспек болып еді Бақытжан:
– Сенің жұмысын болмасын. Сен мұнда отыра тұр,- деп інісін автокөлік ішіне қалдырды да өзі Бақтиярды былайырақ шығарды.
Осы жерде ол Бақтиярды ондырмай соққыға жықты. Екі бүктеліп жатып қалған танысын тұрғызып алып бетінен ұстап тұрды да басынан асыра лақтырып кеп жіберді. Бақтияр жерге оңбай құлады. Осы кезде Бақытжан оны ішінен, кеудесінен аяушылық сезімнен жұрдай күйінде тепкілей бастады. Бақтияр ауыр соққылардан талып қалды.
Сұлқ түсіп жатқан оны қол-аяғынан көтеріп көліктің жүк салғышына тастай салды да жүріп кетті. Олар Арыс өзенінің үстінен өтетін көпірдің астына келіп көлікті қаңтарды.
Машинаның жүк салғышында жатқан Бақтиярды жерге түсіріп, есін жинауын күтті. Әлден соң Бақтияр тілге келді.
– Тиесілі теңгемді қашан тауып бересің? – деп сұрады жаралы жігіттен Бақытжан.
– Шамалы күте тұр. Әзір саған беретін теңгем жоқ, – деді Бақтияр.
Осы кезде Бақытжан оны қуық тұсынан оңдырмай теуіп қалды. Онсыз да жаралы жігіт шалқалай құлады. Осы кезде Бақытжан оны бетінен, ішінен, кеудесінен тепкілей бастады. Топ басшысы Өмірсерік те осы жерде еді. Ол Бақытжанға басу айтудың орынына жерде домалап жатқан жігітті қосыла тепкіледі. Бақытжан мұнымен де тоқтамады. Бақтиярдың көкірегіне мініп алып, оны қылқындыра бастады. Қорғансыз жігіттің тынысы тарылып бара жатты. Оның өлгеніне көзі жеткен Бақытжан тағы бір зұлымдықты ойлап тұр еді. Ол Бақтиярды шешендірді де Өмірсерік екеуі өзенге лақтырып жіберді. Бақтиярдың киімдері өзен жағасында қалды. Желтоқсанның ызғырықты түні ешкім де суға түспейді. Ал, мына жыртқыш топ жемтігін өзенге лақтырғанда «өзі суға түсіп, тұншығып өлді» деген жалған із тастауды көздеген еді. Құз басындағы құзғындардың қолдарын қанға бояп келіп отырыстарының осындай сұмдық сыры бар болатын.
Темір сейф
Қыркүйек айы болатын. Өмірсерік кәмелетке толмаған жастардан топ құрып, оңай олжа табу мақсатында «Әлем-Принт» баспаханасына түн жарымында келді. Өздері білетін әдіспен олар есікті оңай ашты. Сосын баспахана ішіндегі темір сейфті үшеулеп көтеріп сыртқа алып шықты. «Самал-1» шағын ауданындағы үйіне келгеннен соң сейфтің ауызын арнайы құрылғылармен ашты. Сейф ішінде 28 мың АҚШ доллары, 5 миллион теңге және алтын бұйымдар бар еді. Жәбірленушіге жалпы көлемі 11 миллион 225 600 теңге материалдық залал келтірді. Өмірсерік осыншама қаражаттан екі жасөспірімге болар-болмас қана теңге ұстатты. Екеуі соған да мәз болып қалды. Бұл 1990 жылы туылған Өмірсеріктің алғашқы жорықтарының бірі еді. «Темір сейф» операциясы сәтті аяқталған соң ол келесі «жорығына» дайындықты бастап та кетті. Бұл жолы да ол өзінің олжалы оралатынына сенімді болатын.
Бекеттерді басып алу
Арада ай өтпей Өмірсерік тағы да жолға шықты. Бұл жолы ол өзінің «Мерседес-230» автокөлігін Бәйдібек ауданы Шаян селосына келді. Қасына «темір сейф» операциясына қатысқан жасөспірім Бейсен мен Асылжанды ертті. Көз байлана бастаған кез еді. Ол Шаян селосына кіре берістегі жанар-жағар май құю бекеті қасына келіп тоқтады. Мың теңгеге бензин құйдырды. Оператордың жалғыз отырғанын көрді. Оның беліне байлап алған сөмкесі қалыңдау екен. Өмірсерік селоны бір айналып шығып, май құю бекетіне қайта келді. Бұл жолы бекеттен сәл жырақтау тоқтап, бақылап отырды. Оператор қарауылға бекетті тапсырып, үйіне қайтқан еді. Осы кезде олар көліктен түсіп шабуылды бастап та кетті. Жасөспірім Бейсен шолақ мылтықты ала ұмтылды. Асылжанда да шолақ мылтық бар-ды. Оператор мен қарауылды қуып жеткен екі желөкпе «тоқта, атып тастаймын» деп ақырғанда олар сасып қалды. Оператордың беліндегі сөмке мен ұялы телефонын тартып алған екеуі тез кері қайтты. Белсөмкеде 35 мың теңге бар болып шықты. «Мерседестегі» үшеу Шымкентке келгенше сыралатып келді. Араға аз күн салып Өмірсерік Төлеби ауданы Тоғыс елді мекеніне тартты. Қараша айының жетісі еді. Бұл жолы да оның қасына Бейсен ерген. Айдос атты тағы бір танысы бар олар түнгі сағат бірлерде көшелерді аралап жүрді. Кенет бір азық-түлік дүкенге кезіге кетті. Көлікті көрінбейтін жерге қойда да үшеуі дүкен жанына келді. Терезе арқылы олар ішке кірді. Иесіз дүкенде олар көтергендерінше темекі, шокалад, әртүрлі сусындар, шұжықтар, тіпті сағызға дейін алып шықты. Дүкенде сондай-ақ төрт ұялы телефон бар екен, соларды да ала кетті. Осылайша дүкен иесіне 249 320 теңге материалдық залал келтіріп, із суытты. Жылжып 10 күн өтті. Өмірсерік жорыққа және жиналды. Осындайда қасынан Бейсен табыла кетеді. Зәкір және Арыстан атты жаңа «жорықшылар» ілескен. Бейсен бұл жолы балта алды. Зәкір болса монтировкамен қаруланды. Түнгі сағат 11-лерде қылмыстық топ Шымкент қаласы әл-Фараби көшесімен келе жатты. «Сенім» атты жанармай құю бекетіне тақап келді. Мұнда екі оператор отыр еді. Бетперде киген екеу бекетке кіріп келгенде операторлар сасып-ақ қалды. Осыны пайдаланған екеуі олардың қол-аяғын байлап, ауыздарына скотч жапсырды. Сосын бір бөлмеге екеуін қамап тастады. Екеуінің де ұялы телефонын тартып алды. Кассада 93 мың теңге бар екен. Қызметтік бөлменің темір есігін сындырып, темір сейфті ала шықты. Кейіннен оның ішінен 110 мың теңге шықты. Әккі ұрылар бейнебақылау камерасын сындырып кетті.
Кассаға шабуыл
Арада тағы ай өтті. Өмірсеріктің сеніміне кірген Бейсен бұл жолы Нұржан, Омар деген жаңа таныстарын ала келді. Төртеуі Төлеби ауданына тартты. Нефтеразведка аталатын ауылда «Қазақстан Халық Банкісінің» филиалы бар еді. Осы жерге келіп таңның атуын күтті. Таңғы сағат 8.30-да филиалдың кассирі жұмысына келіп, кассаны ашты. Осы кезде Нұржан мен Омар касса алдына келіп, жалақы алатындарын айтты.
– Қазір кассада теңге жоқ. Жарты сағат күтсеңдер инкассатор теңге алып келеді,- деді кассир.
Расында, арада жарты сағат өткенде банкке инкассатор келіп кірді. Ол теңгені тапсырып келген ізімен кері қайтты. Осы кезде Нұржан мен Омар кассаға қайта келді.
– Балалар кассаға қаражат түсті. Қазір теңгені реттестіріп алайын, сосын жалақыларыңды беремін,- деді ойында ешнәрсе жоқ кассир. Ал, бұл кезде Өмірсерік көлікті оталдырып, тез тайып тұруға дайындық жасап та қойған. Қаршадай қарақшы Бейсен кассирге келіп тамағына пышақ тақады. Қасындағы қарақшылар кассадағы 1,5 миллион теңгені алып, далаға жылдам шықты. Өмірсерік те дайын отыр екен. Олар сытылып кеткенде кассир түс көргендей болды да қалды. Тіпті, автокөліктің нөмірін де байқай алмаған.
Көп асқанға бір тосқан.                                                                                                                    Бақтиярды жаһаннамға жөнелткен соң да Бақытжан қарап отыра алмады. Бірде ол өзінің інісі Бақтыбекке қоңырау шалды.
– Бүгін түнде ауылға барамын. Қойы бар үйді тауып қой. Теңге өте зәру болып тұр,- деді ол інісіне.
Бақтыбек бұрын сотты болғанағасынан сескенуші еді. Әсіресе, өткендегі өзен жағасындағы қанды оқиғадан соң ол ағасынан аяқ тарта бастады. Қой тауып қоймаса өзіне де қатер төнетінін ол жақсы білді. Сол түні ол машинасына бір қой салып кетті.Бақытжан мұнан соң да ауылдан бір жылқы ұрлады. Өзімен бірге үнемі шолақ мылтық алып жүретін ол ешнәрседен де тайынбайтын. Осы жерде сәл шегініс жасайық. Өзен жағасында өлімші болып таяқ жеп, суға кеткен Бақтияр оның жақын туысы еді. Бірде сол Бақтияр ауылдан бір жылқы ұрлап келіп, Қарабұлақ ауылындағы мал базарына Бақытжан екеуі бірге сатқан-ды.Жылқы 350 мың теңгеге сатылды. Сосын екеуі кафеге кіріп, тамақ ішті. Осы кезде Бақтияр «қазір келемін» деп сыртқа шығып кеткен. Ол сол күйі оралмады. Бақытжан Шымкентке келген соң Бақтиярға телефон соғып еді ол «теңгені жаратып қойдым» деген. Өзіне тиесілі теңгені түгел алмағандықтан да Бақытжан туысына өшігіп жүрген. Ақыры Өмірсерікті ертіп барып, оның түбіне жетті. Бақтыбектің туған ағасынан қаймығатын осындай қатігездігі еді. Міне, осы қатігез ағасы Бәйдібек ауданының тумасы Өмірсеріктің тобына қосылғалы тым тағыланып кетті. Өмірсерік болса өз ауылына барып май құю бекетін тонап кетті. Бүкіл облысты шулатқан осы топтың соңына полиция қызметкерлері шам алып түсті. Қан жіберсін бе, қылмыстық топ құрықталды. «Көп асқанға бір тосқан» деген осы.
Түйін
Қылмыстық істі өндірісіне алған Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майорыЕржан Ақмолда куәлердің барлығынан жауап алғанша екі айдай уақытын сарп етті. Тергеу тиянақты жүргізілді дегенмен, қиналған да жерлері болды. Өйткені, бұл қылмыстық топ бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасаған. Бірнеше эпизодтан тұратын қылмысты түгелдей саралап бітіру үшін қылмыскерлермен күні-түні дерлік жұмыс істеді. Қаныпезер қарақшылар түлкібұлаңға салып көрмек те еді, бірақ, тегеурінді тергеуші оларды бұлтартпас дәлелдермен тырп еткізбеді. Кісі өлтірген қарақшылар өтірікті судай сапырады. Тергеу барысында Ержан бұдан басқа да қиындықтарды басынан өткерді. Шыдап бақты. Көп күндік күрделі істі бітіріп, сотқа жолдаған. Оның қорытындысымен прокурор да келісті. Судья қылмыскерлерге ауыр, бірақ, әділ жаза тағайындады.
Шымкентті шулатқан қылмыскерлер осылай құрықталып, заң алдында жауап берді. Бірақ, аса маңызды істер жөніндегі тергеушінің жұмысы мұнымен тоқтап қалмады. Міне, алдында тағы бір күрделі іс жатыр. Басшылар ғой, бұған сенгеннен соң аса ауыр қылмыстарды ашуды тапсырады.
Осы сенім оны үнемі алға сүйрейді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*