Бізде классика жанрына насихат жетіспейді

14Жұртшылыққа тәп-тәуір танымал болған Мирас пен Құралай дуэті қазіргі қазақ эстрадасының көзайымына айналды. Мирас Ақтөбенің шаңына аунап өскен бала болса, Құралай Шығыстың ерке аруы. Екеуін табыстырған Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория. Күні кеше «Уақыт таңдауы» агенттігі мен Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің бірлескен жобасы Мирас пен Құралайды 2013 жылдың ең үздік дуэті деп таныды. Мирас Бекжановпен кездесіп, олардың шығармашылық жолы жайында сырлы-сұхбат жасаудың сәтті түскен еді.
– Мирас, жуырда өздеріңіздің жеке мектептеріңізді ашқан екенсіздер?
– Мектеп ашсақ деген ойымыз бұрыннан бар еді. Алайда, әрі-бері шапқылауымыз көп, гастроль, концерттік бағдарламалардан қолымыз тие бермейді. Оның үстіне, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс оқимыз. «Балаларымызға кәсіби түрде ән айтуды үйретіңізші» деп ұсыныс жасайтындар да көп. Бірде Нұрлан есімді азамат өтініш білдіріп, баласы Бекнұрды жетектеп келгенде, не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Ақыры, сол кісінің көңілін қимай, бұл істі қолға алуға тура келді. Бір баламен бастап едік, ұзынқұлақтан естіп, күн сайын хабарласушылар көбейіп жатыр. Концертмейстеріміз бар. Біз гастрольдік сапарға шығып кеткенде, орнымызды жоқтатпай, балалармен жұмысты жалғастырады. Ал, өзіміз қайтып келген соң, өтілмей қалған сабақтарды міндетті түрде қайталаймыз.
– Бір сұхбатыңызда «Құралай мені өзі іздеп тауып алған» деп айтып едіңіз?
– Екеуміз де кансерваторияда оқып, білім алдық. Құралай студент кезінде Алматы қаласындағы Неке сарайларының біріне әнші болып жұмысқа орналасты. Сарай басшылығы Құралайға қасыңа бір ер азамат тауып, жұптасып шырқаса, жарасымды көрінетіндігін айтыпты. Әрі ондай жігітті табуды өзіне тапсырыпты. Қос аққудай қолтықтасқан жас-жұбайларды махаббат туралы ән шырқаған қыз бен жігіт жұбының қарсы алуы – шынында да керемет көрініс еді. Сонымен, сырттай ғана танитын Құралай маған, «Бірге ән айтсақ қалай қарайсың?» деген ұсыныс жасады. Жалақысы жақсы екен, бірден келісе кеттім. Жұмыс бір болғасын, екеуміз жақын араласа бастадық. Келбеті көркем Құралайдың ішкі жан-дүниесі де сұлу болып шықты. Біздің сыйластық-достығымыз – шынайы махаббатқа ұласты. Осыдан кейін «Құралай мені өзі іздеп тауып алған» деп, әзілдейтін болдым.
– Сізді іздеп тауып алған қызды Ақтөбеге алып кетуге қалай көндірдіңіз?
– Оқуды бітірген кезде мен Ақтөбеге аттанатын болдым, ал Құралайға Абай атындағы опера және балет театрына орналасуға мүмкіндік туған еді. Біріміз Ақтөбеден, екіншіміз Семейден арман жетегінде Алматыға келген қос жүрек бірге соға бастады. «Егер менімен тағдырыңды байланыстырғың келсе, бірге Ақтөбеге аттанайық. Алматыда қаламын десең, өз еркің. Таңдау – өз қолыңда» деп салмақты өзіне арттым. Сосынь бәрін ой елегінен өткізіп, бір шешімге келгенше, мазаламадым. Жар таңдау, өмірлік серігіңді шатаспай табу – адам өміріндегі ең маңызды мәселе. Көп нәрсе қос жүректің бір-біріне деген сенімі мен түсінісуіне тікелей байланысты. Содан екеуміз бірге қол ұстасып, Ақтөбеге аттандық. Филармонияға орналастық. Онда сегіз жылдай жұмыс істедік.
– Өнерлеріңізге етжақын ата-анаңыздан, бауырларыңыздан басқа қолдау көрсеткен жандар болды ма?
– Шынын айту керек, Құралай екеуміздің Алматыға көшіп келу деген ойымызда да болған жоқ. 5Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияда, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде ұстаздық қызмет атқарып жүрдік. Классикалық әнші ретінде оркестрде және хорда ән салдық. Аракідік эстрадалық бағытта ән шырқап, тойларға да шығып тұрдық. Осыдан кейін Алматыдан келетін танымал әншілермен байланыс орната бастадық. Сонда «Нұр-Мұқасан» тобындағы Мұқасан, «неге өнердің ордасы – Алматыға көшіп келмейсіңдер?» деп қолқалап қоймайтын. Ақыры, Алматыда тұруға бел байладық. Бірақ, біржолата алматылық боламыз деп шешім қабылдаған жоқпыз. Мұқасан бізді Бағлан Омаровтай білікті продюсермен таныстырды. Ол кісі әнімізді кәсіби тұрғыдан өңдеуге қол ұшын берді. Бізге жаңа әндер ұсынып, халықтың алдында танылуымызға жол ашты. Бірақ, мен ата-анам, бауырларым Ақтөбеде қалғандықтан, артыма алаңдаумен күй кештім. Содан анама хабарласып, «Сіздер осында көшіп келіңіздер, болмаса біз қайтадан Ақтөбеге кері қайтамыз» дедім. Ол кісілер бізге жанашырлық танытып, осында қоныс аударды. Сондықтан, ата-анамыздың біздің шығармашылығымызға қосқан үлесі зор деп айтуға болады.
– Көп әншілерде кездесе бермейтін кең диапазонды дауыстарыңыз бар. Классика жанрын қолға алмай, эстрадаға бет бұруларыңызға не түрткі болды?
– Біз бала күнімізде Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Роза Жаманова сияқты классикалық әншілерді тыңдап өстік. Бүгінгі мектеп оқушылары да дәл осылай тыңдайды деп айту қиын. Бұрындары классикалық бағыттағы әншілерді ауылдағы қарапайым трактористке дейін білетін. Ермек Серкебаев ағамыздың бір сұхбатында «Біздің концертімізде ине шаншыр орын болмайтын» дегенін естігенім бар еді. Иә, бұрын солай болған. Қазір классиканы тыңдайтын құлақ аз. Мән мағынасы жоқ бірнәрсені аузын жыбырлатып айтып жүрген кейбір эстраданың әншілерін халық көшеде көрсе, тануы мүмкін. Неге десеңіз, олар теледидардан түспейді. Шетелдерде опералық әншілерге деген құрмет ерекше. Ал, бізде опералық әншілерді қарапайым халық түгілі, кейбір өнердің айналасында жүрген жандардың өзі аттарын атап, айтып бере алмайды. Шетелден келген қонақтар біздің классикамызды тыңдау арқылы еліміздің мәдениетіне баға беріп жатады. Біздің эстрадаға келгендегі ойымыз – өзімізді басқа қырынан байқап көру ғана еді. Келе-келе эстрадаға деген қызығушылығымыз артып, осы жолға түскенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Елге эстрада әншісі ретінде танылғанымызбен, классика жанрын ешқашан ұмыт қалдырған емеспіз.
– Классиканы тыңдайтындар қатарының аздығы насихаттың жоқтығынан ба әлде жұрттың классиканы түсінбейтіндігінен бе?
– Бұған себеп – насихаттың аздығы десек дұрыс болатын шығар. Өйткені, классиканы елдің бәрінің түсінуі міндет емес. Классиканы тыңдайтындар тіптен аз. Егер біз классикалық тұрғыдағы шығармаларды теледидардан, радиодан жиі беретін болсақ, халық оны қабылдайды. Мен бұрындары концерттерде күрделі шығарма орындағанда, халық қабылдамайтын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ, олай емес екен. Жүректен шыққан ән, жүрекке жетпей қоймайды екен.
– Өнер адамы болғандықтан, түрлі қызықтарға тап болатындарыңыз белгілі?
– Әрине. Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармония оркестрінің 11дерижері Қайырғали Қожанбаев еліміздің бірқатар өңірін аралап, шығармашылық концерт өткізді. Ағамыздың туған елі Атырау қаласына қарасты кішкентай ғана ауыл екен. Біз концерт қоятын Мәдениет үйі өте шағын болғандықтан, оркестр құрамы түгелімен сахнаға сыймай, әншілер іріктеліп алынды. Кіп-кішкентай сахнада зор дауыспен ән шырқау қиынға соқты. Сонымен не керек, «Қазақстан – елдің аты» деп бар дауысыммен шырқай жөнелдім. Көзімді төмен салсам, алғашқы қатарда отырған Құралай мен Марат деген досым, «мынау сонша Республика сарайында ән салып тұрғандай беріліп кетіпті ғой» деп бір-біріне сыбырлап жатыр екен. Осы әңгіме құлағыма жеткесін, бар ынта-жігеріммен орындап жатқан менің аяқ астынан дауысым шықпай қалды. Қатты күлкі қысқаны соншалықты, дауысым жоғалып кетті. Бірақ, күлкіге ерік бермей, өз-өзімді ұстауға тырыстым. Әнді «Қазақст-а-а-ан» деп созып айтқаным сол еді, көзімнен жас парлай жөнелді. Ақырында шыдай алмаған соң, көрерменнен кешірім сұрап, сахнаны тастап, шығып кеттім. Сол сәтте көрерменнен де, Қайырғали ағадан да қатты ыңғайсыздандым. Сөйтсем, жиылған жұрттың бәрі мені «әнге қатты беріліп кеткендіктен жылап жіберді» деп ойлапты.
– Жоғарыда «Жасай бер, Қазақстан!» әнін жалғыз орындадым деп қалдыңыз?
– Жоқ. «Жасай бер, Қазақстан!» патриоттық ән болғандықтан, нәзік дауыстың қажеті болмады. Сондықтан да, жеке дауыста орындау қажет болды.
– Балаларыңыздың өнерге деген сүйіспеншілігін байқайсыз ба?
– Үшеуінің де шығармашылыққа жаны жақын. Бірақ, «Өнер жолы — ауыр жол» деп жатамыз. Шын мәнінде, әнші болу соншалықты оңай іс емес. Үнемі жолда жүресің, қарбалас тірлік, түрлі адамдармен кездесесің дегендей… Сол себепті, қазірдің өзінде балаларымыздың жолымызды қуғанына қарсылық танытып отырмыз. Құралай екеуміз «әнші болмаңдар, басқа саланы таңдаңдар» деп құлақтарына «құйып» жатырмыз.
– Мирас, қоғамның тәртібін қалыптастыруда аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегін қалай бағалайсыз?
– Полиция қызметкерлері бейбіт өмірді қалыптастыру мақсатында түн демей, күн демей еңбек етіп келеді. Елімізде, тәртіп болмаса, тыныштық та болмасы анық. Сол үшін де, қызығы мен қиындығы мол полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Бұл мамандыққа екінің бірі келе бермейтіні анық.

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*