АЙ АСТЫНДАҒЫ АЛАПАТ

№10.inddАйкөз шырт ұйқыдан шошып оянды. Өзінің шыңғырған дауысы шағын бөлмеде әлі де шыңылдап тұрғандай. Әжесі Айкен екеуі жап-жасыл көгалға үй тігіп жатыр екен дейді. Көгілдір тартқан таудан асығып асып келе жатқан күн шапағы әжесінің қолындағы шаңыраққа шағылысады. Өзі әлі де кішкентай бөбек күні ме, әжесі ұстатып қойған уық білегіне күш бермей шайқатыла береді. Кенеттен бір беймағлұм күш біткен уық өзін аспан әлеміне қарай ала жөнелген. Алыстан талып жеткен үн үздігіп барып өксікке ұласа ма,содан қашқандай қолындағы уығы төмен қарай зуылдап барады. Апыл-тапыл інісі Айдостың бейнесі біресе бір қара күшікке, біресе сүп-сүйкімді өзінің інісі – мына жарық дүниедегі жалғыз қандасы, жалғыз бауыры Айдосқа айналып кетеді.Қап-қара күшік кенет кәнігі көкжалға ма…
Сүт сәулеге бөленген сұп-сұр бөлмеде өлі тыныштық. Ащы өксік қысқан кеудесін ұрғылаған жүрегінің үні құлағына жат естіледі. Бейдауа бозалаң арасынан Айкөз тағы әжесін іздеді. «Әже-е-е, ең құрымаса менің мынау тағдырдың тас қабыр­ғасына соғылған маңдайымнан бір сипашы. Қаланың қара бұлтына жаншылған жанымның жағдайын бір рет сұрашы… Әже, мен жапан дүниеде жалғыз қалдым ғой. Сенің түп етегіңнен ұстап, томпаңдап жүретін Айдос ал-ыс-та.Өлі ме, тірі ме…»
Таңсәріде көрген түсінің аяғын орман-ойына адастырып көп жатты. Атын Айкөз деп әжесі қойған. Айдостың атын өзі қойды… дүниеге інісі келгендегі қуанышы Айкөздің өмірінің бір бақытты да базарлы сәті еді. Ата-анасының мейірім шуа­ғын жалғыз өзі иемденіп жүргенде анасы Айдана осы Айдосты туды. Түсі суықтау көрінгенмен отбасын жып-жылы жаншуағымен жылытып жүретін әкесін сирек көретін. Үнемі үйден тысқары жүрсе де бұлардың таршылық дегеннің не екенін сезбей сайрандауы сол әкелерінің арқасы еді. Айдос екеуі әкесіне жылына бір рет берілетін еңбек демалысын күтіп сарғаятын. Есікті өзі сыйғанша емес, керісінше үнемі шалқасынан ашып қарап алатын, содан соң барып алшаңдап басып кіретін әкелерінің әдетін де сағынды-ау бұл күндері. Бірде ол «Ал, балаларым, кәні қуаныңдар. Ертең Ыстықкөлге кетеміз»-деп әдетінше есікті екпіндей ашып кіріп келді. Бір бұрышта бірдеңеге келісе алмай жатқан екеуі де жарыса жүгірді. Неткен мейірімді, неткен ыстық құшақ еді…сонда сол сезімді соңғы рет сезінген бе, құдай-ау, шынымен соңғы рет екен ғой… «Ертең жолға шығасыңдар,ертерек демалыңдар» – деп аналары бұл екеуін күндегіден ерте жатқызды. Аналары Айдана да сол күні ерекше көңілді еді. Бүкіл балалық бал шағы, бой түзеген бойжеткен шағы жоқшылықтың қыспағында, ашқұрсақ күйде өткен анасын да Алла ата-ана мейірімінен ерте ада етіпті. Жетімдіктің уысынан ол Айкен әжесінің қолына келін болып түскен соң ғана құтылды. Жалғыз ұлының жары – Айдананы ол өз қызынан кем көрген жоқ. Ананың ақ ниетіне шөліркеп өскен Айдана да апасының алдынан қия басып өтпейтін.
Таңның тезірек атуын тілеп жатып ұйықтап кетіпті. Таң бозынан әжесінің «Ия, жаратқан Алла жалғызыма жар бола көр» – дегенінен оянып кетті. Күнде осылай… жалғыз баласының амандығын құдайдан ұйықтап бара жатып та, ояна сала да сұрайтын еді ғой әжесі. Бір қауым атадан қалған жалғыз әкенің жалғызы еді ол. Сұрапыл соғысқа аттанып бара жатқанда аталары «Әйкен, әкемнің бар арманы жалғыз ұлының жапырақ жайып өсіп-өркендеуі еді. Бірақ жалғыз баламды саған тапсырып барамын» деген екен. Әжесі Айдос туғанда сүйегі қай қиырда қалғаны белгісіз жарының соңғы аманатын айтып, жиналған жұртты жылатып еді. Жалғызым екеу болды деп жүрегі жарыла қуанып тұрып, тебіреніп еді-ау…
***
Санасын сілкілеген сол оқиға есіне түскен сайын құлағына әжесінің Аллаға жалбарынған әлсіз үні талып жеткендей болады. Таң алакеуімде Айкөз әжесінің «Иә, Алла жалғызыма жар бола көр. Үрім-бұтағын көбейтіп, барын аман ете көр» деп күбірлеген дауысынан оянып кетті. Күнде осылай. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін әжесі әр таң сайын Алладан жалғыз ұлы мен немерелерінің амандығын сұрап жалбарынып жататын. Бірақ, әжесінің ақ тілеуін Алла тағала бермеді. Қазақтың ұлан-ғайыр даласынан басқа небір шетелдерді аралап жүретін әкесінің өмірі дәл ауылдың іргесіндегі жол үстінде үзілді. Жан серігі – Айдананы да ала кетті. Жол апатына ұшыраған жанұядан інісі Айдос екеуі әйтеуір аман қалды. Бір әулеттің жаназасын шығарған сол сәтте тас төбеде шарқ табақтай болып тұрған күн де теңселіп кеткендей болған. Тағдырдың мұндай тасбүйрек үкімін кәрі әжесінің жүрегі көтере алмады…
***
Көз алдындағы шыр-көбелек айналған дүние түнегінен бір әлсіз сәуле жылтырайды… бар үміті сол сәулеге ілінгендей. Өн бойындағы бар сүйек- сүйегі сырқырап, жанын азап жаншылап жатып Айдос жан апасыАйкөз туралы ойлады. Мына бір шым-шытырық әлемнің түпсіз тұңғиығынан сол ғана жарық дүниеге алып шығады. Иә, тек Айкөз ғана оны тән азабының алапатынан аман алып қала алады.Мүмкін өзі… жоқ. Дәрмені жетер емес оған. Ең құрымаса күн шыққанша шыдаса. Алапат азаппен айқасып жатып жаңа толысып келе жатқан айға керемет жалбарынышпен қарады. Есіне өзінің түрмеден қашар күні «Ай тумаса екен» деген мысық тілеуі түсті. Сол күнгі жан дүниесін қалтыратқан қорқыныш сезімі бүгін тағы талауратып барады. Мұның соңғы бірер түнгі қаракетіне шүпір-шүпір жұлдыздармен шүйіркелескен ай ғана куә. Күндіз кез келген жыраға бой тасалап, ай туған соң ғана жолға шығады. Әбден шаршап, сілесі қатқан шағында тағы бар мұңын Ай-анасына шағады, айналасын аласапыран еткен әділетсіздікке налиды. Өзінің осы кісікиік өміріне өкінеді. Айдостың өмірі шынында да тек сәтсіздіктермен ғана шиырланып келеді екен. Балалар үйінде жүргенде әпкесі Айкөздің мұның тықыр басын тізесіне қойып отырып айтатын әңгімесі әлі оқтын-оқтын есіне түседі. Ең алғашында қайдағы бір жын-шайтан, дию-пері әлемін шарлап келіп, үрей үркітетін әңгімелерге ауысатын. Әсіресе, Айкөздің Айдана анасы, Әйкен әжесі және әкесі туралы айтқандары бүкіл жан-жүрегін жылытушы еді-ау. Бірде Айкөзден «бәріміздің атымыз неге айдан басталады?» деп сұрағаны бар.
– Әжеміз әр ай сайын «ескі айым есірке, жаңа айым жарылқа» деп қияқтанып туған айға тәу ететін. Осы сұрақты мен де қойғанмын апама. «Дүние шеңберін айналу тек Ай мен Күнге ғана тән құдырет, құлыным. Сондықтан шығар мұсылмандар сиынар сыңар тәңірі–Ай. Құдай жалғызымның жан серігі –Айдананы да өз тілеуіме жаратқан» деуші еді әжем. Мүмкін біз осылай ай нұр шашып тұрған кезде дүниеге келген шығармыз.
Айдостың шың-шың еткен шыңыраудан шыққандай шілтер ойлары біресе бір қиырға, біресе екінші қиыр­ға алып қашады. Есі кіресілі-шығасылы жатып аласапыран ойының ұшығынан ажырап қалмайын деп жанталасқан жігіт жүрегінің дүрсілі айлы тымық түнде өзіне анық естіліп жатыр. Бір жұтым су мен бір үзім нанға зар болған бұл бостандықты ол түрмеде жатып күніне қырық рет тілеп еді ғой. Енді неғып жатыр? Неге мына далиған даласын, жақпар-жақпар тастарын аралап кетпейді. Сағым тұнған сары даласына шығып, кеудесін кере демалуды аңсамап па еді. Бірақ мынау көдесі мен жусаны желкілдеген жер оны жатсынып қалғандай, «Сен қашқынсың» деп қадалатындай. Иә, Айдостың қашқындықтың қамытын кигеніне де көп болыпты. Қашып шығып қара түннің құшағына құлағаннан кейін, бар қуғын мен арпалыс артта қалғанына көз жеткеннен кейін ғана бала күнгі әдетімен екі қолын созып жіберіп, боз жусанға аунап жатып көзі ілініп кетіпті. Қандала сасыған қапаста қуырылған жаны жусанның қышқылтым иісінен қуат алғандай. Көзін ашып алса Ай туыпты.
Міне, тағы да түн. Тұра сала жүріп кетейін десе буын-буынында әл жоқ. Асығып-аптыққанда қайда барады? Айкөзге ме? Жалғыз бауырының бақыты үшін жанталасқан жан апасына мына түрімен қалай көрінеді?Ол қорлыққа да төзер еді ғой, бірақ мұның мынандай мүсәпір түрін көріп жаны шырқырар Айкөзді аяды. Сонда қайда барады? Барар жері, басар тауының жоқ екенін енді сезініп жатыр. Қашпас еді… Қайда барса да тағдыр оны әділетсіздіктің апанына тарта берді. Сүйкімді де сүйікті жар құшқанда тағдыры өзіне болашақта тек күліп қарайтындай күй кешті. Өмірге кішкентай Айжан келгенде тағы да Айкөз есі шыға қуанған. Атын да өзі қойды. Айдостың бар мұраты әкесі мен шешесінің ерте құлаған шаңырағын тіктеп, түтінін қайта түтету еді. Жоқшылықтан жоғары білім ала алмаса да, ауылдағы құрылыста құлшына жұмыс істеді. Осындай бар жігерімен бастаған бақытты өмірінің бір-ақ күнде күл-талқаны шықты. Шаруашылықтың өмірі бітпейтін шаруасының шылауында қыс бойы алыс қыстауда жүрді. Сол жолы ауылға жолы түсерде көз алдына кіп-кішкентай бөбегі – Айжан елестеп жүрегі құрғыр алып-ұшып еді-ау. Бірақ…сол аптыққан жүрек неге куә болды дейсіз ғой: түн ортасында ақпанның ақ боранымен алысып ауылға әрең жеткен. Үйінің терезесін жалқынға бояп тұрған жарыққа жеткенше ілгері басқан аяғы кейін кетіп болды. Есіктің ілгегін темірмен босатып жіберіп, өзінше өз үйіне өзі аспаннан түскендей топ ете түскісі келіп еді. Шыққыр көзі некелі ақ төсегін былғаған жауызды, бөтен еркектің құшағында талмаусыраған жалаңаш әйелін көрді емес пе. Қаны басына шауып есік алдына атып шыққанда, қолына балта ілікті. Есін жиғанда қан-жоса болған еркек пен әйелдің жанындағы бесікке сүйеніп отыр екен. Шешесінен өлі, әкесінен тірі айырыларын сезбеген сәби ұйықтап жатты. Сөйтіп Айдос әділетсіз өмірдің бетіне бір түкіріп, он бес жылды арқалап кете барды. Тергеу біткенше тезірек мынау айналасындағы опасыз адамдардан алысқа кеткенше асықты. Сот үкімі оқылған кезде Айкөздің «Ай-дос» деп ышқынған дауысы ғана есінде қалыпты. Түрме оны өзінің қатаң тәртібіне тез үйретті. Алғашқы түні аһылап-үһілеп аунақшыған Айдос өзіне қадалған қып-қызыл жанардан жанын қоярға жер таппады. Не жатпай, не ұйықтамай өңменінен өтіп бара жатқан қызыл көзге тура қарай алмай, жылан арбаған торғайдай тыпырлады. Қыбыр етпей отырған тас мүсін өзіне қарай қозғалғанда жан-дәрмен қарсы ұмтылды. Көзінің алды жарқ ете қалғанын ғана біледі. Есін жиып, көзін ашқанда көргені тағыда сол қып-қызыл жанар, жаны дірілдеп қоя берді. Жеп бара жатқаны соншалық бұл жолы жыбырлауға қорықты. Ол Айдосты ыңқ еткізіп бүйірінен бір тепті де, іргеге қайта сырғыта салды. Содан кейін…Үстіндегі киімін жұлмалап шешіп жатқан жүн-жүн қолдар…азап пен қорлықтан үгітілген жігіттік намысы алпамсадай албастының астында аласұрды. Алғашында атайлаған намыс алпыс екі тамырын жарып жібере жаздап еді, аман қалды. Бірақ кеудесіне тұнған кек күн өткен сайын запырандана берді. Айналасындағы ащы мысқылдың ұшқыны да санасында сәт сайын жарқылдайтын болды. Өзіне деген аярлықтан азап шегетін күйге ұшырады. Кәнігі қылмыскердің қатал заңына қанша көндіксе де, бір ғана ой «қашудан» құтыла алмады. Қашып шықса болды, қызылкөзден де, қорлықтан да құтылатын еді… Өзінің бостандық пен қапастың арасында алма-кезек айқасумен өтетін өміріне қарғыс жаудырып жатқан жатысы мынау енді. Тұруға әл жоқ. Аштық жеңген кеудесін көтеру де күш болды. Не де болса, тағдырының жазғанын толған айдың астында жатып күтеді де.
***
Түсі екені, өңі екені өзіне де белгісіз бір тағы дауысқа көзін ашты. Бетіне жылымшы бірдеңе тиетіндей. Сілекейі шұбырып тұрған көкжалдың көкжасыл көзіне көзі түйісті… Айдос­тың мынау жарық дүниеден соңғы жанар тоқтатқаны – дөңгеленген Ай ғана болды…

ГҮЛНӘР МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*