МҰҚАҢ МЕН ШӘМШІДЕН ҮЛГІ АЛСАҚ…

iuc8mZ27aVUАлтынбек Қоразбаев – «Қара кемпір», «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Сағындырған жиырма бес» секілді әуезді әндерімен исі қазаққа кеңінен танымал болған сазгер, әнші. Дарындылығымен қатар, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз да. «Бозторғай» «Базар-Назар», «Қайран жастық» әндерін әлі күнге дейін сахна төрінде шырқап жүрген әнші ағамыздың айтары да көп екен.
– Сіздің Тәуелсіздікке дейінгі әндеріңіз халық дәстүріне сай болса, кейін эстрадаға ойыстыңыз?
– Иә, бұрын «Сағындым Алматымды», «Айдай сұлу аруым» секілді бір-екі әндерім ғана болмаса, репертуарымның негізгі қайнарын домбырамен орындалатын халықтық сарындағы әндер құрайтын. Барлық дерлік тақырыпты қамтуға тырыстым. Елге, жерге деген махаббаттан бастап қоғамдағы өзекті мәселелерге дейін… Ал, Тәуелсіздіктен кейін заман талабына сай көбіне эстрадалық әндер шығардым. Көбі бүгінде сахна жұлдызына айналған шәкірттерімнің орындауымен елге танылды. Мен аптасына бір ән жазатын «данышпандардың» қатарынан емеспін. Жылына екі-үш ән жазамын. Кей жылдары ол да жоқ.
– Сіздің ақындық қабілетіңіздің бар екендігін халық біледі. Сазгерлік пен әншілікке неге осы дарыныңызды қоспасқа?
– Негізі, ақын – ақын болып, сазгер – сазгер болып қалғаны жөн ба деймін. Кезінде «Қара кемпірді» қысқаша етіп өзім жазып шыққаным бар еді. Кейін оны Жақсылық Сәттібеков ағамыз оқып, жетілдіріп, поэмаға айналдыр­ды. Бірнеше әніме өзім сөз жазғаным болмаса, көбін алашқа мәлім ақындар: Ж. Сәттібеков, Ә. Асылбек, Иран-Ғайып, С. Тұрғынбек, И. Сапарбай бастаған ақындар сөз жазды. М. Мақатаевтың «Арман», «Қарасаздың шыбығын жел тербеген», «Сәлемдеме», «Қуаныш» деген төрт өлеңіне ән жаздым. Кейін ақын ағама арнап «Елің сені сағынды» деген ән жаздым. Мен Мұқаңды Шәмшінің поэзиядағы көрінісі, ал Шәмшіні Мұқағалидың саз әлеміндегі үні дер едім. Бір дәуірдің екі тарланбозы қазақтың жүрегін ән-жырмен тербетті.
– Қоғам дертін дөп баса білген әндердің тарихына тоқталып өтсеңіз?
– Менің «Қара кемпір» әнім сұрапыл соғыста қос құлынынан бірдей айырылған көрші Хали апамның тағдыры айтылған. Жас кезімізде апамыздың қайғысына ортақтасып өстік. Ол кісінің аналық мейірімін, күйзелісін өлең арқылы жеткізгім келді. Ал, «Қара шал» әнім қарттар үйінде отырып үйін, немерелерін сағынған шал жайында екені белгілі. Сол жылдары әкесін аяусыз қарттар үйіне апарып тастап кетушілер көбейіп кеткен еді. Осы әнім тыңдарманның құлағына жеткеннен кейін, көптеген үлкен кісілер келіп маған алғыстарын айтты. Себебі, олардың балалары бұл әнді естіп, өздерінің қателіктерін түсініп, әке-аналарын үйіне қайта алып келген екен. Сондықтан да болар, «Қара шал» әнім қоғамға кішкене болса да пайдасын тигізді деп ойлаймын. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бір күні концерттен соң мені арнайы шақыртып, «қара шал» мен «қара кемпірдің» ешкімді бейжай қалдырмағанын, енді балалар үйіндегі қара көздеріміз жайлы ән жазуым керектігін айтты. Ағамыздың сөзінің жаны бар. Мен дәл сол күні жаныма 9 жасар шәкіртім – Мейрамбекті ертіп алып, Жамбыл облысындағы Жетім балалар үйіне бардым. Ондағы балалардың 70 пайызы қазақтың қаракөздері. Олардың тағдырымен таныстым. Содан кейін осы «Бозторғай» әнім дүниеге келді. Бұл ән тыңдарман қауымның құлағына жеткеннен кейін көптеген хаттар келіп түсті. Өз қателіктерін түсініп, балалар үйінен баласын қайтып алған қыздарымыз қаншама. Ал, «Қара пима» әні ішкілікке салынған кей адамдарды ақылға келтірді.
– Әннің де өз өмірі бар. Сіз әндеріңізге сөз жаздырарда ақынға қаншалықты талап қоя аласыз?
– Жалпы, мен әр әніме сөзді кім жаза алатындығын ұзақ ойланамын. Ән туды, әуен көкірегіңде сайрап тұр. Енді онымен біте қайнасқан, балталаса да ажырамайтын көркемсөз керек. Енді әннің сөзін жазар ақын табу қиын-ақ. Көп-көрім әуенді сөзі бұзып, әжептәуір сөзін әуені ақсатып тұратын әндерді жиі байқаймын. Бұл сазгерлердің салақтығы мен олақтығы ғана емес, талғамсыздығынан. Сазгердің өз әнінің жанын жете түсінбейтіндігінен. Өзінің әніне қандай сөз керектігін білмейтіндігінен. Ал мен белгілі, дарынды ақындармен жұмыс жасаймын. Кешегі Нұрғиса мен Шәмші де, Әсет Бейсеуов пен Ілия Жақанов та , Ескендір Хасанғалиев те – бәрі ақындармен жұмыс істеген. Ақындармен шығармашылық байланыста болудың өзі бір өнер. Өнер бірін бірі толықтырады, кемелдендіреді.
– Өзіңіз басшылық етіп отырған «Қазақконцертінде» атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
– Қазақконцерттің тарихы тереңде жатыр. 1960 жылы қазақ эстрадасы Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясынан бөлініп, өз алдына «Қазақконцерт» аталатын мекеме болды. Осы қарашаңырақтың іргесін қалаған М. Ержанов, Ж. Елебеков, Ж. Омарова, Р. Есімжанова, Қ. Жантілеуов, Н. Тапалова, М. Хамзин, Р. Бағланова сияқты өнер жұлдыздары. Қазір мақтанышымыз Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Айжан Нұрмағанбетова сынды танымал әншілер бастаған қауымда жастарымыз көп. Бәрі талантты, білімді азаматтар. Оған қоса «Әлқисса» фольклорлық-этнография­лық ансамбліміз бар. Жоспарымыз орындалып жатыр.
– Бұрындары бүкіл Қазақстанда композитор да, әнші де саусақпен санарлық еді. Қазір әншінің де, сазгердің де санын білетін адам жоқ. Бірақ елдің құлақ құрышын қандырар туындылар да жоқтың қасы. Бұл жайлы не айтасыз?
– Кезінде консерваторияға «биыл бәленше домбырашы, бәленше қобызшы, төрт әнші, бес опера әншісі болады» деген секілді жоспармен ғана алатын. Яғни, барлығын алдын ала елеп екшелейтін. Ал олар оқу бітірген соң, жолдамамен жер-жерге жіберілетін. Нәтижесінде бәрі өз орнында, ешкім жұмыссыз қалмайтын. Қазір ондай жүйе болмағандықтан, оқу бітіргендерді қайда барсаң, онда бар деп ұшырып жібереді. Ал олар қайда барады, айналып келгенде Алматыда қалады. Баяғыда тойға барып ән айту – әншілер үшін намыс болатын. Ал, қазір қара басының қамы үшін танымал әншілер де, өнерге кеше келген жастар да ақша төлеген жерде жүреді. Шығармалардың сапасыз болуы да сол – асығыс жасалынған дүниелерден келіп шығады. Қазір бәрі тез, жылдам. Компьютерге отыра қалып, төрт нотаның басын құрап, биге арналған ән шығара салады. Баяғы Шәмшінің, Әсеттің әндеріндей, тіпті бүгінгі Ескендір ағамыздың әндеріндей туындылар жоқтың қасы. Қазір әнін де, сөзін де өздері шығаратын «бесаспаптар» сіз айтқан әңгіменің тиегі болып тұр…
– Алтынбек аға, сіз әндеріңізбен – дарасыз, шәкірттеріңізбен – биіксіз. Осы орайда __8_20130301_2093552227айтыңызшы, қоғамдағы бедел-салмағыңызды өзіңіз бағамдап жүрсіз бе?
–Құдайға тәубе, 40 жылға жуық жетекшілік жұмыс атқарып келе жатырмын. Яғни, консерваторияны бітіре салып Жамбыл облысында «Алатау» ән-би ансамблінің директоры және көркемдік жетекшісі болдым. Жамбыл облыстық филармониясын басқардым. Одан кейін Қайраткерлер одағында Ермек Серкебаевтың орынбасары болсам, одан кейінгі бес жылда Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясын басқардым. Бүгінде «Қазақконцерт» өнер бірлестігі басшылығында 10 жылға тарта ар-ожданыммен қызмет атқарып келемін. Елім сыйлап, халқым елейтін сияқты. Менің атағым – жүрегімді жарып шыққан әдемі, әуезді әндерімде. Халқым, елім аман болса, әлі талай-талай ән туылар, жыр жырланар. Шәкірттерім де баршылық. Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серік, «Меломен» тобының әншілері, Бейбіт Сейдуалиевалардың өзі бір-бір төбе.
– Осы уақытқа дейін қанша ән жаздыңыз және солардың ішінен жүрегіңізді жарып шыққан, жаныңызға жақыны қайсысы?
– Жасым алпыстан асты, ал әндерімнің саны алпыстан әрең асады. Әнді сан емес, сапасына қарай жазатын адаммын. 60 жылдық мерейтойыма орай «Ән-жырым саған, Туған жер» деген атпен кітабым шықты. Кітапқа 81 әнім енді, оның ішінде бала кезімде жазған әндер мен бірнеше күйім бар. Алайда, солардың ішінен ел таңдап алғаны, халықтың аузында жүргені жиырма шақты ғана ән деп ойлаймын. Әнімнің бәрі жүрегімнен шыққан, бірінен екіншісін бөліп жармаймын.
– Ел тыныштығын қорғап, ерен еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегін қалай бағалайсыз?
– Полиция – біздің қорғанымыз. Бұл мамандар бар кезде өміріміздің қауіпсіздігіне кәміл сенеміз. Себебі, бұл мамандыққа екінің бірі келе бермейді. Өзінің өмірін қауіп-қатерге тігіп, еліміздің қауіпсіздігі үшін жанын беруге даяр ұл-қыздар ғана полицей бола алады. Қаншама қазақтың арыс­тай азаматтары қоғам қауіпсіздігін қорғау жолында көз жұмды. Олардың ерліктерін ел ешқашан да ұмытпақ емес.

РАУШАН НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*