Арнайы жасақтың жетістігі мол

1,tnrtҚазақстан полициясының кәсіби мерекесі қарсаңында Павлодар облыстық ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жаңа ғимараты ашылды. ЖҚАЖ (СОБР) әкімшілік ғимараты жоғары білікті мамандарды дайындау бойынша барлық талаптарға жауап береді.
Тура 20 жыл бұрын ішкі істер органдарындағы қоғамдық қауіпсіздік қызметінде алғаш рет Жылдам әрекет ететін арнайы жасақ құрылған болатын. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың негізі мақсаты – қылмыскерлерді ұстау тәсілдерін автоматтандырылған дегейге жеткізу, қаруды және арнайы құралдарды маман ретінде қолдану, сонымен қатар, арнайы құрықтау операциялары кезіндегі ауыр жағдайлардың жолын кесу болып табылады. Ғимараттың ішінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорттық залы бар. Сонымен қатар, мұнда тәулік бойы қызмет етуге ыңғайластырылған жауынгерлерге тиісті санитарлы-тұрмыстық жағдайлардың барлығы қарастырылған. Бұрынғы ғимаратта ас үй мен асхана кішкентай бір бөлмеде орналасқан болса, жаңа ғимаратта олар жеке кең бөлмелерге «жайғасқан». Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аймақтағы ішкі істер органдары құрылымында алар орны бөлек, жігіттердің еңбектері ерекше бағаланады. «Әкімшілік полиция басқармасы құрамындағы жасақ қылмысқа қарсы күресте қашанда алғы шепте жүреді. Демек, оларға артылған жауапкершілік те ауыр. Қарулы қылмыскерлерді құрықтап, аса ауыр құқық бұзушылықтарды ауыздықтауда жасақ сарбаздары талай рет өздерінің нағыз біліктіліктері мен кәсібиліктерін, анттарына адалдықтарын дәлелдеп берді. Осыған орай ЖҚАЖ жаынгерлеріне де қолымыздан келгенше жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі ашылып отырған жаңа ғимарат жасақ жігіттеріне тәуліктің кез келген уақытында кәсіби біліктіліктерін арттырып, әскери-жауынгерлік даярлықтарын шыңдауға мол мүмкіндік ашып отыр», – деп атап өтті ғимараттың ашылу салтанатында Павлодар облыстық ІІД бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов. Жалпақ жұртқа ЖҚАЖ жауынгерлері көп сөйлемейтін, «қара бетперденің артындағы» халық ретін таныс. Оларға қойылатын басты талап: жастары 30 бен 35 жас аралығында. Міндетті түрде барлығы офицерлер болуы шарт. Ал, жасаққа алынатын полиция қызметкеріне қойылатын басты талап – темірдей төзім, батылдық пен ар-намысының биіктігі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жасақтың талай жігіттері ерліктерімен көзге түсіп, жоғары марапаттарға ие болды. «Бізден басқа ешкім емес!» деген жалынды сөзді жүректеріне жалау етіп таққан жауынгерлер кез келген сәтте дабылмен көтеріліп, кез келген уақытта қылмысқа қарсы тойтарыс беруге аттанып кетуге дағдыланған. Әдетте ел-жұрттың назарына көп ұсыныла бермейтін аса ауыр әрі құпия іс-шараларға қатысатын ЖҚАЖ-дың әр қызметкері өздеріне жүктелген міндеттің салмақты екенін жақсы түсінеді.

Құралай МҰҒАДИЛОВА, Павлодар облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*