Сұлулыққа жаны құштар жан

ХоббиҚазіргі өркендеген заманда жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің түрі жетіп артылады.Сәндік қымбат маталардың тігісін үйлестіріп, әдептеп, әсемдеп іс тігу асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді.Осындай кәсіпті таңдаған, жұмысын жаңаша ойлайтын, көпшіліктің алғысын алып жүрген тігінші-дизайнер, қолы өнерлі, іс тігуші БҚО ІІД-нің Штаб басқармасының инспекторы, полиция капитаны Молдағалиева Гүлшат Табылдықызы жайында сөз қозғамақпыз.
Қазақ халқының ой-сезімі қашанда табиғатқа жақын келген. Олар гүлі жайқалған, жазиралы тамаша табиғат аясында, жан тербейтін сұлулықты көріп, сан түрлі өнерді меңгерген. Қымбат маталардағы түрлі ою-өрнектердің өзі, бір-біріне ұқсамайтын сәнділігімен көз тартады. «Бақыттың кілті – еңбекте» дегендей, бүгінгі қоғамда шынайы еңбектің ырыс-несібесі мол. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші шеберлердің, келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалауға болады. Гүлшат Табылдықызы ісмер тігінші, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әртүрлі маталарды пішу, оны қонымды етіп тіге білу ізденісі мол, көз майын тауысатын шығармашылық еңбек. Ал, бүгінгі заманда бағасы қымбат, жібек кездеме-маталар түрлерінен тапсырыс беретін апа-әжелер мен қыз-келіншектердің талғамы өте жоғары. Олар Гүлшаттың әдемілеп қиюластырып, сәндеп тігіп берген киімдеріне алғыстарын айтуда. Қазір істің бәрі озық технологиялық заманауи машиналар арқылы жүзеге асуда. «Қай адам болсын бой-келбетіне үйлесімді, жыл мезгілдеріне сай жарасымды киім кигенді ұнатады емес пе? Киім тігуге бізге келіп, тапсырыс беретіндер көп. Адамдардың жас ерекшелігін ескеріп, тіккен киімдерім сапалы болғаны маған да абырой. Сондықтан да өзім тігінші маманы болмасам да, өзім жасаған дүниелерімнің сапасына көп мән беремін», – дейді өз ісінің маманы Гүлшат Молдағалиева. Халыққа қазіргі үлгідегі киім-кешектерді тігіп беріп, киіндіруде тігіншілер атқаратын жұмыс қыруар.Тігінші ісмерлер өз ісін жақсы меңгерумен ғана шектелмеуі қажет. Бұл сөз тек кәсіби тігіншілерге ғана айтылмағаны белгілі. Оны біздің журналымыздың кейіпкері де жақсы біледі. Ол өзі тіккен әрбір киімді асықпай, сән үлгісіне сай етіп тігеді. Бейбіт өмірдің тыныштығын сақтауда талмай еңбек етіп жүрген полиция қызметкері бұл өнерге салқын қарамайды. Оны өзінің екінші мамандығым деп қабылдайды. Сән үлгісі заман ауанымен бірге өзгеріп, үнемі жаңарып отыратын адамдар талғамын, олардың көңіліндегі көрікті ойларын жүзеге асырушы. Кейде сән үлгісін өзі де құлпыртып жасауға ниет білдіреді. Оның кәсіби шеберлігінің жоғары дәрежеде болуы өз алдына, олар тапсырыс беруші адамның киім сән үлгісін дұрыс таңдауға да ақыл-кеңес береді. Гүлшат қазақи оюы келіскен түрлі шапандар мен камзолдарды, құндыз сияқты қымбат тұратын тондарды және басқа да түрлі киімді тігеді. Заманына сай бесаспап тігінші қызымыз ішкі істер органында талмай еңбек етуде. Ол өзінің еңбекқорлығының арқасында көптеген белестерге қол жеткізіп келеді. Өзінен кейінгі жаңадан келген полиция қызметкерлеріне білгенін үйретуден ешқашан жалыққан емес. «Мен есімді білгелі киім тіккенді жақсы көремін. Үшінші сыныпта ақ теңбілдері бар қызыл матадан өзім тіккен көйлектің қисық-қисық тігіс­тері әлі есімде. Ал, жоғары сыныптарда бүкіл сыныптастарыма киім тігетін болдым. Мен ол кезде пішуді білмейтінмін, бірақ жаратылысымнан көз мөлшерім жақсы IMG_4050болуы керек, кейде әдемі дүниелерді жасайтынмын, сол үшін құрбыларымнан көп алғыс, мақтаулар естідім. Ал егер уақытым көп болса ерінбейтінмін. Өзіме ұнаған көйлекті аламын да тігістерін сөгіп бөлшектеп тас­тайтынмын. Содан кейін өлшемін алып, сонымен көйлек пішетінмін, артынан екеуін де тігемін. Әрине, өз қалауымша олардың тігісін, жағасын басқаша етіп өзгертемін, сөйтіп, жаңа киімге өзім де, құрбыларым да қуанатынбыз», – дейді ол. Он саусағынан өнері тамған тігінші, сәнгер әрі полиция капитаны Гүлшат Табылдықызы жайында айтарымыз да көп. Осынау сан қыр­лы қасиеті бір бойынан табылатын Гүлшаттың өнері көпке өнеге. Ол біраз жылдан бері тігіншілікпен айналысып келеді. Оның үйінде матаның түр-түрі, ине-жіп, көздің жауын алар әшекейлі бұйымдар бөлме ішіне ерекше әр береді. Ол өзінің жұмысына шын берілген жан. Тапсырыс берушінің көкейіндегіні дөп басу үшін ең алдымен ойындағы киім үлгісін қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған эскизге жан бітіру мақсатында мата мен әшекейді де өзі таңдайды. Әсіресе, адамның түр-әлпетіне сай келетін мата, оған үйлесетін моншақ-тастарды таңдау ұзақ уақытты алады екен. Мәселен, қыздарға арналған бір көйлекті тігу үшін бір апта, кейде айдан астам уақыт кетеді екен.
«Жұмыстың ең қиыны бірден бастап кету. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме? Қағаз бетіне салынған суретті әдемі костюм ретінде тігіп шығу үшін ерінбеу керек. Мен өзіме қажетті киімдерді тігіп ала беремін. Өзімнің жақындарым маған тапсырыс береді. Кәсіби биші қыздардың да киімдерін тігіп келемін. Оларға ойлаған әдемі көйлегін уақытында бітіріп беруге тырысамын. Дегенмен де, жұмыспен қатар, тігіншілік өнерді алып жүру оңай емес. Өзіме қатты ұнағандықтан болар жұмыстан шаршап келсем де, өзімнің бөлмеме кіріп, бастаған ісімді аяқтауға асығамын. Әжеміздің тәрибесінде өстік. Ол кісі үнемі маған әртүрлі ою түрлерін үйретті. Қазіргі таңда, әжеме қазақи ою салынған кимешек, қамзол секілді киімдер тігіп беріп келемін. Мен мектеп қабырғасын бітірген кезде жақын туыстарым «тігінші мамандығын таңдар» деп ойлаған болатын. Бірақ, мен басқа саланы таңдадым. Бала кездегі арманым – полиция қызметкері болу еді. Бұл арман мені заңгерлік білімге жетеледі», – дейді Гүлшат. Өзі тіккен киімнің әрқайсысы оған ерекше ыстық. Молдағалиева бала күнінен әдемілікке іңкәр болып өсті. Сән үлгілерін дайындайтын атақты апаларына еліктеп бойжетті. Солардай болсам деп армандады. Әке-шешесі қызының өнеріне қарап тәнті болды. Ол құқық қорғау саласында қызмет еткеніне қарамастан, көңілі тігінші-сәнгерлікке қарай бұрып тұратын.
«Қазақта әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөз бар. Жастайынан ісмерлікке бейім өскен кейіпкеріміз өскенде ұлттық үлгідегі киімдерді тіксем деп армандайтын. Кітап-журналдардан киім үлгілерін немесе ұлттық оюларды көрсе, соны қиып алып жинап қоятын. Кей кезде нәзік саусақтары майыса отырып, үйдегі қуыршақтарына киім тігетін. Міне, келе-келе сол бала кезгі арманына қанат бітіп, өз ісінің маманы болып отыр. Полиция қызметімен қатар, бұл әуестікті де алып келеді. «Әркімнің арманы әртүрлі болатыны белгілі. Менің де бала кезгі арманым тігінші болу болатын. Тіпті ине мен жіп көрсем болды, бір нәрсе тіккім келіп-ақ тұрады. Негізі тігіншілік маған нағашы әжемнен дарыған дейді үлкендер. Ол кісі де асқан ісмер болатын. Қазірдің өзінде мен, арнайы тігіншілік білімім болмаса да кешке киетін көйлектерді өзім тігіп кие беремін, тіпті дайын киімдерге өзгеріс енгізіп, қайта тігіп те жүрмін», – дейді полиция капитаны өз сөзінде.
DSC06674Иә, арнайы тігіншілік мамандығы болмаса да он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміздің алға қойған мақсаты да, арманы да көп екен. Бірақ соның барлығына қол жеткізу үшін ең бірінші ерінбей еңбек ету керек. Өз ісіне шын берілгендігі соншалық оның тіпті бос уақыты мүлде болмай қалады. Жұмыстан қолы қалт ете қалса, қолына инесін алып іс тігеді не болмаса ою ойып, кәдеге аспай қалған нәрселерден әр түрлі мүсіндер мен картиналар жасайды, қала берді ғаламтор арқылы ұлттық киім үлгілерін тауып, оның жасалу жолдарын білгенше тыным таппайды. Ол қолынан іс келетін шебер жан. Оның жасаған оюлы көрпесі, қоржын мен дорбаның түр-түрі, кес­телеп тігілген әсем дүниелер дүйім жұрттың кәдесіне жарап отыр. Тігінші атанған Гүлшат адал еңбегінің арқасында өз ортасының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ол ісмерлердің арасында топ бастап тұр десек, әбестік болмас. Себебі, жерлестері тігіншінің қолынан шыққан дүниені әп-сәтте алып кетеді. Я, болмаса үйлену, сүндет той секілді тойларға арнайы қоржын, көрпе, жастық тіктіріп алады. Таныстарының қуанышын бөлісу мақсатында Гүлшат ешуақытта олардың көңілін қалдырған емес. Керсінше, той иелеріне қол ұшын беріп отырады. Қазақ оюларының 300-ден астам түрі бар. Гүлшат солардың біразын өзінің тіккен дүниесінде қолданады. Әрбір жасаған туындысына қазақи оюлар қосады. Себебі, өзіміздің салт-дәстүрімізді дәріптеуге тырысады. Әрдайым жаңа туынды жасау­ға талпынады. Ғаламтор арқылы өзі іздеген дүниелердің жасалуын оп-оңай меңгеріп алып, соны тігіп шығарады.

ӘЙГЕРІМ АСҚАРҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*