ҚОҒАМДА ПОЛИЦИЯ БОЛМАСА – ТӘРТІП ТЕ БОЛМАЙДЫ

Ескендир Хасангалиев 1Ескендір Хасанғалиев – әйгілі әнші, белгілі сазгер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол – 200-ден аса танымал әннің авторы. «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Атамекен» әндерін білмейтін қазақ кемде-кем. Ескендір ағаның шығармашылығын қай жағынан алмайық, ұлттық рухани құндылыққа бай, таза,тұнық, мағынасы терең. Ол қазақ, орыс, ұйғыр, татар, неміс ақындарының да сөзіне әдемі ән жазды. «Полиция.kz» журналының кезекті қонағы – Ескендір аға өмірден көргені мен түйгені жайлы сыр бөлісті.
– Ескендір аға, көп әншілер бала күнінен музыкалық білім алғанын мақтанышпен айтып жатады. Ал, сіз нотаны тек 19 жасыңызда таныпсыз. Қалай ойлайсыз, музыкалық білім алу жас талғамайды ма?
– Анам Қанаш байланыс бөлімінде жұмыс істеді. Ауылдық кеңестің хатшысы болды. Әнді жақсы айтатын оны ауылдағылар «Әнші Қанаш» деп атайтын. Менің әнге жақын болуым анам мен нағашыларымнан дарыса керек. Алматыда оқитын ауылдың бір-екі жігіті жазғы демалысқа келгенде ерекше форма киіп жүретін. Екі иығында алтын жалатқан сияқты пагоны мен түймелері болды. Соларға қарап «Шіркін-ай, өскенде тау-кен инженері болсам ғой» деп армандайтынмын. 10 сыныпты бітіргенде шөп шабу науқанының басында жүріп киножурнал көрдік. Теледидардың тапшы кезі. Радиодан Роза Бағланова мен Ермек Серкебаевтың әндерін еститінбіз. Киножурналдан соларды көріп, олардың әдемі дауысын естіп менің өмірім күрт өзгерді.
– 21 жасыңызда «Анаға сәлем» атты әніңізді жазыпсыз. Анаңыздың 15 жасында дүниеге әкелген тұңғыш ұлы екенсіз. Ол кісі сіздің азамат болғаныңызды көре алды ма?
– Әкем Құлаш Ибрашев менің екі жасымда қайтыс болыпты. Математика пәнінің мұғалімі болған. Ол кезде жасы 22-де екен. Ал, анамның мені 15 жасында өмірге әкелгені рас. Әкем өмірден өткеннен кейін мені бірден нағашыларым Рақия мен Өтеген Хасанғалиевтар бауырына басыпты. Мен сол кісілерді ата-анам деп таныдым. Әкелік, аналық махаббатты маған сол кісілер сыйлады. Өз шешем Қамашпен бірге өстік, мен ол кісіні өз атымен «Қамаш» деп атайтынмын. Шыны керек, мен ол кісінің анам екендігін 10-сыныпта оқып жүргенімде бір-ақ білдім. Бір жолдастарым «Ескендір, сенің мамаң тұрмысқа шығайын деп жатыр ғой» дейді. «Қайдағы мамам? Тұрмысқа шыққалы жатқан Қамаш қой» деймін мен. Сол әңгіменің соңы төбелеспен аяқталды.
– Ескендір аға, қос мамандықты қатар алып жүру оңайға соқпады ма?
– Ән шығарып, ән салып жүріп жаттық. Композиторлар Мыңжасар Маңғытаев, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатовтардың әндерін орындап, насихаттадым. Олар «Ескендір әнші ғой, біздің әндерімізді айтады» деп таныды. Мені әнші ретінде қабылдады. Әншілер болса «Ескендір – композитор, ол бізге «Сағындым сені», «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Атамекен», «Жанарым», «Ауылым әнім» сияқты тамаша әндер жазып берді» дейді. Дегенмен, осы екі мамандықты қатар алып жүріп, екі салада да өзімді таныту маған өте қиын тиді. Уақыт өте келе, әнші ретінде де, композитор ретінде де танылдым деп айта аламын. Кәсіби әнші, кәсіби композитор ретінде танылдық. Дегенмен, көпке дейін мені композиторлар одағына алмады. Тіпті осы күні әндері ел аузында жүрген Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Еспаевтарды да композиторлар одағына алмады. Сол қиындықты олар да бастан өткізді. Кейбіреуі одаққа мүше болмай өмірден озды. Мұның бәрі олардың жүрегіне әжептәуір салмақ түсіргені анық. Үлкен концерттерге қатысуға бас дайындық кезінде үкімет адамдарының алдынан өтесің де, тап концерт басталарда «Сіз бұл жолы концертке қатыспайсыз» дейді. Елдің бәрі сенің концертте ән салатыныңнан хабардар болып қойып, жеме-жемге келгенде қатыспай қаласың. Бұл қандай қиын. Осының бәрі әсер етті. Бірақ бір нәрсеге көзім жетті, жолдан таймау керек екен. Алға қойған мақсаттан бас тартуға болмайды. Шыдамдылықтың, қайтсем де сол мақсатқа жетемін деп тынбай еңбектенудің арқасында өзгелерді мойындатқанымыз рас. «Анаға сәлем» әні 53 жылдан бері халықтың аузында. Соның өзі көп нәрсені ұқтырса керек.
– Ескендір аға, сіздің патриоттық тақырыпқа жазған әндеріңіз көп. Жүрегіңіздегі елге, жерге деген махаббатты әнмен жеткізе білдіңіз?
– Рас айтасыз, патриоттық тақырыптағы әндерім жетерлік. «Шіркін-ай, еліме, жеріме деген сүйіспеншілігімді лайықты деңгейде сипаттайтын бір ән жазсам?» деп, бірнеше жыл толғанып жүрдім. Ақырында, өздеріңіз білетін, «Атамекен» әні дүниеге келді. Бұл – 1970 жыл болатын. Әуені пайда болғаннан кейін Қадыр Мырза Әлі сөз жазып берді. Дәл сол кезде бұл ән осылай өміршең болады деп ойлаған да, армандаған да жоқпын.
– «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, ұлыңыз – Біржанның әнші болуына сіздің ықпалыңыз тиді ме?
Ескендир Хасангалиев 6– Біржаным алты жасынан бастап Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінің фортепиано сыныбында және №12 қазақ орта мектебінде қатар оқыды. Содан соң, Чайковский атындағы музыка училищесін музыка теориясы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Мұнда Біржан қазақтың көрнекті композиторы Мансұр Сағатовтан дәріс алды. Кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық бөліміне оқуға қабылданды. Біржанның менен бір артықшылығы, ол музыканың барлық жанрына бой ұрып жүр. Өйткені, ол – кәсіби музыкант. Біржанның инструментальдық ансамбльдерге, симфониялық оркестрге арналған бірқатар шығармалары, виолончель, фортепиано аспаптарына жазған көптеген пьесалары бар. Сондай-ақ ән де жазып жүр. Мысалы, «Мен ғашықпын» деген әнін жұртшылық жылы қабылдады. Осыдан біраз бұрын Біржанның осы «Мен ғашықпын» әніне клип түсірілді. Екеуміздің арамыздағы бір ұқсастық па немесе табиғи байланыс па, білмеймін, мысалы, мен сонау 60-жылдары алғаш рет «Анаға сәлем» деген әнімді жаздым. Бір қызығы, Біржанның тұңғыш әні де анаға арналған. Ол ән – «Анашым» деп аталады. Міне, байқап тұрғаныңыздай, Біржан да өзінің ән әлеміндегі әлқиссасын өзінің анасына арнап жазды. Бұл, сірә, табиғи ұқсастық болса керек.
– Ескендір аға, қазіргі таңда халықтық әндердің нақышы мен әуені, белгісі қазіргі әндерден тіпті жоғалып барады. Мұның себебі неде?
– Оның себебі, біріншіден, қазіргі біздің жас әншілер болсын, композиторлар болсын, негізінен басым көпшілігі қаладан шыққан балалар. Сондықтан да мен өз басым «олардың халықтық музыкаға бірден енуі мүмкін емес» деп санаймын. Әрине, олар кез келген халық әнін нота арқылы орындауы мүмкін, бірақ дәл сол ән-әуенге бүкіл жан дүниесімен еніп кетеді деп айту қиын. Екіншіден, ежелден «әу» деп ән айтпайтын, бір ауыз өлең жазбайтын қазақ жоқ. Әрбір қазақ баласы домбыра шертеді. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Кейінгі жастарға айтар ағалық ақылым, соның барлығын ысырып қойып, сахнаға шыға салып «мен әншімін» деу ұят болады. Қазіргі кейбір өнерлі жастар күлді-бадам дүниелерді насихаттап, әлек болып жүреді. Ал кімнің асыл, кімнің жасық екенін ойлы көрермен мен шынайы тыңдарман ешкім айтпай-ақ, парықтап алады.
– Ескендір аға, ел тыныштығын қорғауда талмай еңбек етіп келе жатқан полиция қызметкерлерінің қызметіне деген көзқарасыңызды айта өтсеңіз?
– Полицияның қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтар қауіпсіздігі мен құқығын қорғаудағы еңбегі ерекше. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген жауапкершілік пен міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Еліміздің тыныштығын қорғауда өз өмірін қатерге тігіп жүрген мамандық иелері. Қоғамда полиция болмаса – тәртіп те болмас еді. Сондықтан да, біз олардың еңбегін әрдайым бағалауымыз керек. Менің өзім көлікке бір рет қана отырдым. Кезінде «Жигули» маркалы жеңіл көлігін алғанда бір қуандым. Сосын, оны сатқанда тағы да қуандым. Сондықтан болар, мен полиция қызметкерлерінің назарына іліккен емеспін.

РАУШАН НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*