Уайымсыз жүргеніміз полицейлердің арқасы

asanali-ashimovАсанәлі Әшімов – шығармашылығы өмірі исі қазаққа жақсы белгілі актер әрі режисер, өнер және қоғам қайраткері. Саналы өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын ұлы өнер жолына арнаған ол күні бүгінге дейін кино және театр саласында талмай еңбек етуде. Өнері мен өмірін қатар өрген тұлғаның ерекше дарынын халық та мойындап, сахна саңлағына зор құрметпен қарайды. Қалай болған күнде де, Асаналі Әшіміов нағыз хас талант иесінің қандай болатынын көрсетіп берген дара тұлға! Асанәлі ағамен сырлы сұхбат жүргізіп, еліміздегі қоғам тыныштығын қорғаған полицияның қызметі жайлы ой бөлісті.
– Асанәлі аға, актерге шындық, тазалық, адалдық ауадай қажет. Алайда, кейбір актерден бұл қасиетті байқай алмайтынымыз бар?
– Актер тазалықты, шындықты кішкентай баладан үйрену керек. Бала құмда ойнағанда қолындағы затты машина етіп ойнайды. Өзі соған сенеді. Актер де бала сияқты қолындағы нәрсесіне шын сену керек. Өзгені де сендіру керек. Өзі шын сенсе, көрермен де сенеді. Ал адалдықты тіптен иттен үйрену керек. Ит иесін өмірі сатпайды. Иесі оған қандай қамқорлық көрсетсе, ит те оған сондай адал болады.
– Ал адамда адалдық аз дегіңіз келеді ғой?
– Кісіге өмірінде шын дос табуы қиын. Сосын адал жар табу қиын. Адал жар тапқан адам – ол бақытты. Мен жар таптым. Майраны. 35 жыл тұрдық. Адамгершілік онда теңіздей еді. Амал нешік, қайтыс болды. Осы дәрежеге жетуімнің көп үлесі де Майраның арқасы… Кейін Бағдатпен отау құрдым. Майра қайтып келгендей күй кештім. Қазір аты жасар ұлым бар.
– Сіздіңше кино қандай болуы қажет?
– Кинода аяғына дейін шығатын жалғасқан қызыл сызық болу керек. Бастауы бар, көтерілетін, түсетін жері бар. Аяғына жеткенше сол сызықтан шықпау керек. Ал қазіргі фильмдердің, әсіресе, сериалдардың не басы, не аяғы жоқ. Кез келген жерінен көрсең, түсінікті. Өйткені, бөлек-бөлек, кібіртік-кібіртік… Сондықтан, кино да Абай айтқандай «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегенге сай келуі қажет. Сонда ғана шығарма көрерменге ұнайды.
– Асанәлі аға, өзіңіз қандай кино көргенді ұнатасыз?
–Кино тартымды, жоғары эстетикалы, талғамды болуы керек. Мен сондай киноны жақсы көрем. Кейбір кинода балшық, лас, көзге қораш көріністер байқалады. «Қыз Жібектен» тамақ ішкен не лай-батпақ сияқты сүреңсіз сахна көрдіңдер ме? Киноны көріп отырып жағымсыз әсер алсаң, онда ол өнер емес. Ал, кино – ең алдымен өнер. Ойсыз өнер – өлік. Өмір болуы мүмкін, бірақ өнер аз. «Бұл өмір – сахна, ал, адам – актер» деп Шекспир айтқан екен.
– Қазіргі кезде, сізді киноға шақыратындар көп кездеседі ме? Армандаған рөліңіз бар ма?
– Шақырады, бірақ барамын ба, бармаймын ба ойланам! Оң жамбасыма келіп тұрған кейіпкер болса, рөлді сомдаймын. Өкінішке қарай, ондай бақыт менің маңдайыма жазылмай тұр. Ал сериалдарға мүлдем бармаймын. Өйткені, үлкен шығармадан кейін төмен түсуге болмайды. Қазір «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмінің соңғы сериясын түсіріп кету – арманым. Шалдың не отбасы, не туысы жоқ. Бірақ Қазақстанды елім деп келді. Енді не істейді ол? Сексенге таяған шал. Бүкіл әлемнің тілін біледі. Ол – планетарный адам. Әлемдегі наркобизнесті бес саусағындай біледі. Енді елге келгенде оның пайдасы қалай тиеді? Мұны ел білмейді, бұл елін білуі керек. Сол еліне жұмыс істеу керек. Кино «ал!» деп түсіре салатын нәрсе емес. Жобасын жан-жақты келтіру керек. Мен асықпаймын. Асығыстық – өнердің жауы. «Ойбай» деп, алқынғаннан ештеңе шықпайды. Соның жобасын ойлап жүрудің өзі – шығармашылық процесс.
– Сіздің күнделік жазып жүргеніңізден ел хабардар. Қағазға түскен ойларыңыз кітап болып басылады ма?
– Мүмкіндігіне қарай күнде жазуға тырысамын. Ол маған тарих болып қалды. Әр адамға өзінің әр күні қымбат. Мынау жарық күнді аман-есен көргеніміз үшін де тәубе етуіміз қажет. Сондықтан, сол күні ештеңе бітірмесем де көңіл-күйімді күнделігіме жазып қоямын. Ол – менің пікірім, көзқарасым. Оны келешек ұрпақ өзі екшеп алады. Шындықты ғана жазамын. Айта алмайтын шындықты, жазып қалдырамын. Ішімдегі шерді шығаруым үшін күнделік маған үлкен көмек. Қазір 8-ші кітабымды жазып жатырмын. Бірақ ол қолжазба түрінде ғана қалады.
–Неге тек қолжаба түрінде?
–Өзімнің айта алмаған ойымды сонда білдіремін. Ол – менің жеке ойым.
–Асаналі аға, өткен күндердегі көңілді сәттеріңізді оқығанда көңіл-күйіңіз бұзылмай ма?
–Қайта шабыттанамын. Әр күнімнен, қорытынды жасаймын. Сонысымен де жақсы.
–«Біреуге атақ берген, абырой бермеген» деп жазыпсыз кітабыңызда. Сізде осының екеуі де бар. Қайсысын жоғары бағалайсыз?
– Екеуін айырып алуға болмайды. Абырой арқылы атақ келеді. Атақ арқылы абырой өседі. Абыройың болса, халықтың саған деген сәлемі дұрыс. Халық барған жерде алақанына көтереді. Алақанда көтереді екен деп, шалқайып жата алмаймыз ғой. Ал халыққа жұғымды болу – әркімнің міндеті.
–«Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі болмайды» дейді, дегенмен басты рөлдің кез келген әртіске берілмейтіні тағы шындық. Ал сіз театрда да, кинода да түгелдей дерлік басты кейіпкердің образын сомдадыңыз, бұл кездейсоқтық емес шығар, мұның қандай да бір сыры бар шығар?
–Демек басты рөлдердің бәрі маған лайық болғаны да. Рөлдің әрқайсысының жауапкершілігі бар, мәселен мен «Қыз Жібек», «Атаманның ақырынан» кейін көрерменімді жоғалтпайын деп кішігірім рөлдерге бармайтын болдым. Өнерде ғана емес, қай саланы алсаң да кездейсоқ келіп қалған адамдар болады, тіпті кейбірі үлкен атақ-дәрежеге қол жеткізіп жатады. Мен алғаш бастаған уақытта көпшілік сахнада да жүрдім, екінші рөлдерді де ойнаған кездерім болды, басты кейіпкерді сомдау кейін жүре келе, шеберлігің арқылы көзге түскен соң барып келеді.
–Асанәлі аға, кинода, театрда сомдаған көп рөлдеріңіздің қайсысы өмірдегі өзіңізге көбірек ұқсайды?
IMG_5139–Театрда соңғы ойнаған «Ымырттағы махаббат» қойылымындағы Клаузеннің өмірі менің кейінгі өміріме келіңкірейді, ертеректе ойнаған Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» шығармасындағы Асан деген ақын жігіттің образы жаныма жақындау. Сосын жан-жағындағылар көре алмаушылықтан өлтірілген Юлий Цезарь, «Атаманның ақырындағы» Шадияров, «Қыз Жібектегі» Бекежан. Мен оны жағымсыз емес, керісінше жағымды кейіпкер етіп, өмірге жақындатып көрсетуге тырыстым. Бәленің бәрі қызғаныштан туады ғой, қандай қазаққа да намыс қымбат, намысына тиген соң, ол да ет пен жүректің иесі, сондықтан Бекежан осындай жолға баруға бел байлады, мен оны жаман адам деп айта алмаймын. Бір жолы Франциядағы «Қыз Жібектің» көрсетілімінде француз бикештерінің «анау Қыз Жібектің өзі ақылы аздау болуы керек, әйтпесе ғашық болуға Төлеген емес, Бекежан лайық» дегендері бар. Олардың көзқарастары, түсініктері басқаша ғой, біздің эпосымызды қайдан білсін?!
–Асанәлі аға, қазақ киносының айналасында соңғы кезде түрлі әңгімелер көбейіп тұр, олардың көбі теріс пікір?
–Мен оларға қосылмаймын. Қазақтың киносы өзінің саясатынан, экономикасынан, халықтың мәдениетінен асып кете алмайды. Өнерге деген халықтың деңгейі жоғары деп ойлайсың ба, олай емес, халық арзан күлкіге құмар. Халықтың мәдениеті өскен кезде ғана кинода даму болады. Қазір біздің халық мұрнынан құрты түспеген балалардың бірін-бірі шұқылап, арзан анекдот айтып күлдіретін шоусымақтарына көп барады, өйткені олардың сұранысы осыған сай, әруақытта ұсыныс пен сұраныс бір деңгейде болады. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын Қазақтың киносы өзінің саясатынан, экономикасынан, халықтың мәдениетінен асып кете алмады. Арзан күлкіге құмар халықтың мәдениеті өскен кезде ғана кинода даму болады.
–Асанәлі аға, актер бақыты дегенді қалай түсінесіз?
–Мен осы өнерге аса құлшынып, ынтығып, сүйіп келдім деп айта алмаймын. Шындығында, кездейсоқ келдім. Бірақ сол өнерді сүйіп кетіп барамыз… Сахна мені тек қана жақсылыққа тәрбиеледі. Осы тәрбие арқылы мен өзімді-өзім таптым. Актер бақыты – өзін-өзі табуы, экранға жұғымы және сахнадағы ойнаған кейіпкерін деңгейіне жеткізіп, рақаттанып шыққаны, міне, осы – бақыт. Одан басқа актерға қандай бақыт керек?!
–Асанәлі аға, қоғам тыныштығын қорғауда талмай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерін Конституция күнімен құттықтап, оларға өзіңіздің жылы-лебізіңізді жолдасаңыз?
–Бейбіт өмірде бақытты өмір кешіп келе жатқан халықтың тыныштығын сақтап келе жатқан сақшыларымызды Конституция күнімен құттықтаймын! Әрдайым, ел тыныштығын қорғаған полиция қызметкерлері аман жүрсін. Біздің, уайымсыз жүргеніміз полицейлердің арқасы. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*