АЛА ДОППЕН ДОС БОЛҒАН САҚШЫ

Хобби 7Қазір жер-жаһандағы жұрттың біразы футболға әуес. Солай болатын жөні де бар секілді. Жанкүйер қауым алдында жарқырап көзге түскен жампоздар тоқсан минөтте тартыс­ты ойын өрнегін көрсетіп, дүйім елдің делебесін қоздыра түсетіні белгілі. Бүгінгі таңда жұмыр жердегі жұрт көптеген мықты футболшының есімін жатқа біледі. Жасыл алаң төріндегі жігерлі қимылдың арқасында елдің жүрегінде жазылып қалған шеберлер де баршылық.

Міне осындай атақты футболшылардың ойынына жастайынан тәнті болып, жасыл алаңда, ала допты серік етіп өскен полиция қызметкерлері де арамызда кездеседі. Солардың бірі бүгінгі күнге дейін доп тебуді өзінің хоббиіне айналдырған Батыс Қазақстан облысы ІІД Кадр жұмысы басқармасының кәсіби және психологиялық ұйымдастыру бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Сабыр Төлеубергенұлы. Ағамыз 1969 жылы Орал облысы, Теректі ауданы, Богдановка ауылында дүниеге келген. Сабыр аға бала кезінен футболға құмар болды. Таңнан, кеш қарайғанша доп теуіп, ауыл балаларымен футбол ойнап өсті. Жастайынан аттары аңызға айналған Пеле, Марадона, Зико, Фалькао сынды футболшылардың ойы­нын тамашалап, өз бетінше солардың ойындарын үйреніп, қайталап жүрді. Мұны көрген, Сабырдың ата-анасы «баламыз футболшы болар» деп ойлады. Бірақ, жас бала спортты таңдамады. Себебі, Кеңес үкіметі кезінде футболшылар сұранысқа ие емес еді. Халық оны мамандық деп қабылдамаған болатын. 1986 жылы мектеп қабырғасын үздік бағамен бітірген Сабыр Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылық институтының, ауылшаруашылық механизациясы факультетіне оқуға түсті. Ауыл баласының ауылшаруашылықты таңдайтыны белгілі емес пе?! Себебі, өзінің кіндік қаны тамған ауылының дамуына үлкен үлес қосу – әрбір жас­тың алдына қойған мақсаты болатын. Хобби 2Алдына асқақ арман қойған бозбала да өзінің сүйікті ісі футболды екінші қатарға ысырып, ауылшаруашылық институтында білім ала бастады. Жоғары оқу қабырғасында оқып жүрген де әртүрлі спорттық шараларға қатысты. Командалық футбол клубын да құрды. Сабақтан тыс уақыты футбол алаңында өтті. Өзінің жоғалтқанын қайта тапқандай күй кешті. «Мен бала кезімнен өзімді футболсыз елестете алмайтынмын. Біз ауыл баласымыз. Ауыл баласының ауылшаруашылықты таңдайтыны белгілі емес пе?! Сол себепті, ата-ан­амыздың қасында қолқанат болып, туып-өскен ауылымызды дамытайық деген оймен ауылшаруашылық институтына оқуға түстім. Осы мамандықты таңдадым екен деп, футболдан қол үзіп қалмадым. Себебі, менің сабақтан бос уақытым футбол алаңында өтті», – деп сыр бөлісті Сабыр Бұрпиев. Сонымен қатар, 1993 жылы аталған оқу орнын үздік бітірген жас маман, бірден Теректі ауданы, Родина колхозында механизатор болып жұмыс жасайды. Өзінің ұқыптылығының, еңбекқорлығының арқасында басшылықтың көзіне бірден түсті. Жас Сабырдың мінезі де ерекше болатын. Оның айналасындағылар жас маманның бойынан милиция қызметкеріне тән мінезді бірден байқайтын. Сөйтіп, ойламаған жерден 1994 жылы ішкі істер органының қызметкері болып шыға келдім», – деді аға инспектор. Сабыр Төлеубергенұлы жиырма жыл осы қызметте еңбек етіп келеді. Сол секілді бала кезіндегі әуестігі футболды осы күнге дейін серік етіп, департаменттің футбол командасының мүшесі ретінде, әртүрлі жарыстарға да қатысып жүр. Редакциямызға Батыс Қазақстан облысының ІІД Кадр жұмысы басқармасы, тәрбие жұмыс тобының аға инспекторы, полиция капитаны Дархан Темірғалиев телефон шалып, Сабыр ағаның 45-ті алқымдаса да жас жігіттей доппен қатар жүгіретінін айтқан кезде сенбегеніміз де рас. Футбол алаңында жиырмадан жаңа асқан жігіттермен қатар доп теуіп жүргенін көргенде ғана Дарханның сөзіне көзіміз жетті. Футбол алаңында жүрген Сабыр ағаның ойынын қарап отырсаңыз полиция қызметкері емес, әйгілі футболшы деп қаласыз. Себебі, ағамыз футболды маңдай терін төгіп, бар күш-жігерін салып ойнайды. –Атақты футболшыларға қарап, «өскенде мен де атақты футболшы боламын» деп ойлайтынмын. Бірақ, ауыл баласының тағдыры мүлдем бөлек екен. Әлемге әйгілі футболшы бола алмасам да, Батыс Қазақстан облысының ІІД-нің атақты футболшысымын, – деді Сабыр аға. – Бала кезімде – деп сөзін жалғастырды полиция подполковнигі, – мектеп құрама командасына бірден қабылдандым. Сол кезде әлі есімде, сабақтан шаршап шықсам да футбол алаңында дайындық жасамай үйге қайтпайтынмын. Демалыс күндері де мектепке келіп, балалармен жиналып футбол ойнайтынбыз. Әрине, мұның бәрі де, менің футболға деген қызығушылығым болса керек. Содан кейін есейе келе Родина ауылының құрама командасында біраз уақыт өнер көрсеттім, – деп өткенге зер салды Сабыр Төлеубергенұлы. Сабыр аға студенттік кезінде де футболдан қол үзбеген екен. Институт қабырғасында оқып жүргенде бірнеше чемпионаттарға қатысып, жеңіспен оралып жүрді. Жұмысқа араласа бастаған кезінде де, футболды тастап кетпеді. Қайта өзінің әуестігіне деген қызығушылығы арта түсті. ІІД-де қызмет атқарып жүргенде ІІД құрама командасының шабуылдаушысы болды. Полиция қызметкерлерінің жұмыс уақытының тығыздығы баршамызға мәлім. Олар таңның атысынан, қара кешке дейін елдің қауіпсіздігі үшін еңбек етеді. Осындай қиын да қауіпті жұмысқа қарамастан, өзінің сүйікті әуестігіне уақыт тауып, жаттығу жасауды үзбей келеді. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын Сабыр аға өткен жылдан бастап «Батыр» жастар құрама командасын құрды. Бұл құрамаға балалар үйінде өскен 20-25 жас аралығындағы жігіттер қатысады. Полиция подполковнигі жастарға өзінің тәлім-тәрбиесін үйретіп келеді. Сондай-ақ, Орал қаласында өткен 1-ші лигаға «Батыр» құрама командасы бірінші рет қатысып, он команданың ішінде үздік танылып, 1-ші орынды қанжығасына байлап қайтты. Сабыр ағаның баласы Нұрсұлтан да футболға жаны құмар. Әкесімен бірге теледидардан футбол ойындарын бірге отырып тамашалағанды ұнатады. Жас Нұрсұлтан өзі білім алып жүрген № 35 мектеп-лицейдің құрама командасының ойыншысы. «Мен бала күнімнен әкемнің қасына ілесіп, бір елі қалмайтынмын. Үнемі өзі қатысқан футбол ойынына ертіп баратын. Сонда футбол алаңында жүрген әкеме қарап «өскенде мен де футболшы боламын» деп армандайтынмын. Менің бойымдағы қабілетті, футболға деген қызығушылығымды әкем де Хоббибайқаған болса керек. Мектеп қабырғасын аттаған сәттен бастап футболға берді. Менің қатысқан жарыстарыма әкем міндетті түрде келіп көреді. Ойын бітіп үйге барғанда, менің жіберген қателіктерімді айтып отырады. Әкемнің айтқан кеңесіне құлақ асып, бір жіберген қателікті екінші рет қайталамауға тырысамын. Сондай-ақ, әкем екеуміздің ойымыз үнемі бір жерден шығып отырады. Себебі, әкем екеумізге де Испанияның «Реал» командасы мен Криштиан Рональдының ойынына тәнтіміз», – деді жас футболшы Нұрсұлтан Сабырұлы. Сонымен қатар, Сабыр аға жасыл алаңда маңдайы тершіп, әрбір соққан голын баласымен бөлісіп келеді. Спортқа жаны құмар әке уақытының көп бөлігін баласына арнайды. Футбол алаңында да кішкентай баласы әке құшағынан бір елі шықпай, үнемі бірге еріп өсті. Мұнысына қарап, Сабыр аға «ұлым мен жетпеген жетістікке, мен аспаған асулардан асатын, әйгілі футболшы болар» деп ой түйетін. Әке қателеспеген екен. Себебі, Нұрсұлтан есімді ұлы қазіргі таңда әке жолын жалғастырып келеді. Ал, жары Бақыт Есжанова екі футболшының ойынына қарап, өзі де футболшы болып кеткендей күй кешеді. Кейде теледидар қарап отырған әкесі мен ұлының футболды қызу талқылағандарына қызыға қарайды. Сөз арасына қосылып өзінің де пікірін айтып қоятыны да жоқ емес. «Футбол, бұл қанды тозақ!» деп ағылшындық «Манчестер Юнайтед» Футбол клубының бас бапкері сэр Алек Фергюсонның 1998 жылғы Чемпиондар Лигасының финалынан соң берген пікірі еді. Себебі, футбол өзін сүйетін тұлғаның жеке өмірінің ең қымбат қазынасы. Бір күн осы спорт түрін құрметтей тұра, ол жайлы ойламаса, сиқырлы күштің оған өкпелегенін сезінгендей болар сірә! Осы жолда қанша тағдыр тауқыметін кешсе де бұл спортқа деген Сабыр ағаның өкпесі жоқ. Аяғының ұшы допқа тигенде, бәрін-бәрін ұмытып кетеді. Еліміздің футболын дамытуда үлес қосып келе жатқан Сабыр ағамыздай азаматтарымыз көбейе берсін.

ГАУҺАР МҰХТАР

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*