КИБЕРҚЫЛМЫСТЫҢ САЛҒАН ӘЛЕГІ

Электрондық және интернеттік алаяқтықтың қатарын бұрын естіп-көрмеген «киберқылмыс» түрі толықтырғандай. Бұл – электронды жүйеде жасалатын қылмыс. Өзгенің жекеменшігіндегі электронды поштаны бұзып, еркін шарлау – киберқылмыстың бір түрі. Қазіргі таңда адамзаттың тағдыры дамыған технологиялармен тығыз байланыста болғандықтан, осы «дамудың» зияны да тиіп кетіп жататыны ақиқиат.
Сөзімізді нақты дәлелдермен өрбітсек. Мәселен, бүгінгідей электрондық технологияның жетілген заманындағы «жетілген» ұрылар үйде отырып-ақ банктің бар ақшасын қалталарына аударып алады. Немесе көптеген азаматтар әртүрлі кредиттік картамен несие алады да, артынан «сан соғып» қалады. Мұның бәрін істейтін осы – киберқылмыскерлер. Бұрынғыша қалтаға түсетін ұрылар бұлардың жанында «арбамен қоян аулағандай» күй кешуде. Ал, компьютерлік қылмыс туралы ұғым ең алғаш өткен ғасырдың 60-шы жылдары алдымен америкалық, одан соң өзге де әлемдік басылымдарда пайда болды. 1983 жылы Париж қаласында Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарының сарапшылары бас қосып, компьютерлік қылмысқа криминологиялық айқындама берген. Халықаралық мәртебелі ұйымның алаңдауы тектен-тек емес еді. Өйткені, интернет-ресурстардың шексіз де шетсіз мүмкіндіктері ең алдымен техникалық саладағы сан-алуан қылмысқа жаппай жол ашты. Қылмыс әлемінде бет перде кимей, қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы қаражаттарды қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болды. Қазақстан аумағындағы осы тектес алғашқы жасалынған киберқылмыс­ты Лисаков қаласындағы «Гол+Пас» букмекерлік кеңсесі 2003 жылы басынан өткерді. Қылмыскерлер компьютерлік желі арқылы 3 миллион 500 мың теңгені оп-оңай жымқырып кеткен. Бірақ, киберқылмыскерлер құқық қорғау органдарынан бойын тасалай алмады. Олар жасаған қылмысы үшін 5 жылға сотталды. Ел аумағында осыған ұқсас өзге де қылмыстардың біртіндеп қылаң беруі республиканың Ішкі істер министрлігінің құрылымында арнаулы бағытта жұмыс істейтін кәсібилендірілген «К» атаулы басқарманың оңаша отау құруына ықпал етті.
Компьютерлік қылмыстың ең бас­ты кәсіби ерекшелігі мен бар қиындығы – оның халықаралық байланыс желісі арқылы қашықтық талғамай, мемлекетаралық шекараларды «аттап» кететіндігінде болып тұр. Оның үстіне компьютерлік қылмыскерлер іс-әрекетке барарда, аты-жөні мен жұмыс орнын, компания атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін арнайы бағдарламалық жасақтамаларды қолданады. Бұрын-соңды, компьютерлік қылмыс десе – кәрі де, жас та «ол – хакердің ісі» деп жауап беретін. Өйткені, бұл бүгінде баршаға таныс атау болып кетті. Бүгінгі барлық киберқылмыстық әрекеттерді жасайтындар осы хакерлер. Дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америкалық Кевин Митник 1994 жылы ФТБ тізімінде әлемдік іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанды. Компьютерлік қылмыскер немесе «хакинг» ұғымы қоғамға дәл сол кезден бастап орныққан тәрізді. Еліміздің Ішкі істер министрлігі республикада жасалынған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсанында ашты. Министрліктің «К» басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкіге қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троя­лық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмысты топтың жолын кесті. «Банк-клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағалана басталған еді. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнді. Міне, осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынды. Сараптау барысында Қазақстандағы 30 аса ірі компания­ның шотынан ұрланған соманың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденді. Келесі бір оқиғаның болмысы басқашалау болғанымен, мәні осыған ұқсайды. Петропавл қаласында ұсталған қылмыстық топ пластикалық карта үлгісін жасап, шетелдік азаматтардың шотындағы ақшаны үзбей ұрлаған. Интерполдың көмегімен көп кешікпей олардың бірінің германиялық азамат екендігі, Германияда жүріп осыған ұқсас 56 қылмыс жасағаны белгілі болды. Міне, бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыс­керлердің жаңаша сипатта «кардер» деп аталуы да сондықтан. Кардерлер азаматтардың төлем карталарының нөмірлерімен қоса PIN-коды мен CVV-кодын қолды етеді. Банкомат, интернет, тіпті, магазиндегі төлем операциялары арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін «ұрлап» алады. Ол үшін скиммер аталатын өте шағын ғана қалтаға салып жүретін есептегіш құрылғы банкоматтың байқаусыз бетіне жапсырады. Алаяқ сол арқылы магнитқуаты жететін аумақтағы барлық дерек-мәліметтерді жіпке тізгендей етіп, жиып алады. Кез келген банкоматқа жабысып қалатын байқаусыз скиммингтік құрылғылардың «өміршеңдігіне» орай, қазіргі кезде банкоматтың жаңа түрлеріне сондай құрылғыларды байқай қоятын қарсы құрылғылар қойылатын болды.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
asanali-ashimov– Біздің жас кезімізде техника мұндай қатты дами қоймаған болатын. Бүгінде ХХІ ғасыр технологияның дамыған заманы деп қуанғанымызды қайтейік, техникамен бірге әртүрлі қылмыстар да ілесіп келіп, халықты дүр сілкіндіруде. Өз басым «киберқылмыс» деген атауды бірінші рет естіп тұрмын. Біздің заманымызда мұндай алаяқтар да болған жоқ. Дегенмен де, қазіргі таңда құқық қорғау органдары осындай қылмыскерлермен қарқынды жұмыс жасауда. Қаншама қылмыс ашылып, алаяқтар темір торға тоғылды. Олар халықты алдау мақсатында қанша қылмыс жасаса да құқық қорғау органдарының құрығынан құтыла алмайтыны белгілі. Соны біліп тұрып, қылмысқа баратындарына таңғаламын. Елімізде кез келген қылмыс болмасын. Бейбіт өмірде халқымыз тыныш, еліміз аман болсын.

 

Вероника КОШМАНОВА, модельер-дизайнер:
Вероника Кошманова 2– Мен 2010 жылы Атырау қаласында өткен арулар сайысында вице-мисс атандым. Екі жылдан соң өзімнің жеке модельдік агенттігімді аштым. Бір күні ұялы телефоныма «Сіздің нөміріңіз ұтысқа ие болды. «Samsung galaxy s5» телефонын ұтып алдыңыз. Мына екі билайн нөміріне 2000 теңге бірлік салыңыз. Сосын телефоныңызды алып кетесіз» деп хабарлама келді. Дереу айтқандарын орындадым. Артынша қайта хабарлама келді. «Сіздің телефон нөміріңіз «Toyota venza» жеңіл көлігі ұтысқа қойылған ойынға қатыса алатын бақытты нөмірлер қатарына ілікті! Сіз, егер мына нөмірге 5000 бірлік салсаңыз, осы сайысқа қатысуға мүмкіндік аласыз» деп жазыпты. Жалма-жан көрсетілген нөмірге айтылған бірлікті салдым. Араға бір сағат салып, «Құттықтаймыз! Сіз «Toyota venza» жеңіл көлігін ұтып алдыңыз, көлікті сіздің атыңызға аудару үшін мына шотқа 16 000 теңге аударуыңыз керек. Егер 1 сағаттың ішінде ақша түспесе, көлік басқа үміткерге жіберіледі» деп тағы жазды. Бірақ, ғаламтордан осылайша алдауға түскен жандардың жанайқайын көзім шалып қалып, өзіме тоқтау салдым.
Оразалы ӘЛІБЕК, ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті, «К» басқармасының аға Оразали 4жедел уәкілі, полиция майоры:
– Үстіміздегі жылдың 6 айында 999 компьютерлік қылмыстар мен авторлық және сабақтас құқық бұзушылықтар анықталды, 245 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде – компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру бойынша – 25, ұялы телефонның ИМЕЙ кодын заңсыз өзгерту – 1, арнайы техникалық құралдарды заңсыз тарату – 7, порнографияны тарату бойынша – 17, кәмелетке толмағандардың қатысуымен порнографиялық материалдарды дайындау – 3, қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз таратқаны үшін – 1, контрафактілік өнімді таратқаны үшін – 114, ақпараттық технологияларды пайдаланумен ұрлық – 24, ақпараттық технологияларды пайдаланумен алаяқтық – 52, байланыс қызметтерін заңсыз пайдалану – 1. Айналымына тыйым салынған 140 мың бірліктен астам өнім алынды.
P.S. Осы киберқылмыс­керлерді зерттеу барысында әлеуметтік желі арқылы жіберген сауалымызға бір айдың ішінде үш мыңнан аса адамнан жауап келді. Бірі алаяқтардың арбауына түссе, енді бірі дер кезінде тиісті орындарға хабарласқан. Не десек те, алаяқтық әрекет екендігін байқай салысымен, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жөн.

Раушан НАРБЕК

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*