Екі айда 20 пәтерді үптеген екеу

1Соңғы екі айда Астана қаласында жиырмадан астам (!) пәтер тоналды. Бұл жағдай Криминалдық полиция қызметкерлерін кәдімгідей тығырыққа тірегендей болды. Өйтпей ше, пәтер тонаушылардың қулық-сұмдығы атақты «Фантомастан» да асып түседі екен. Дегенмен, біздің криминалистер де осал болмай шықты…
Қандай пәтерге түссе де ізін білдірмей кететін әккілерді құрықтау үшін олардың айла-тәсілдеріне, басқа да қылмыстық элементтеріне терең талдау жасаған сақшылар ақыры жіптің ұшын ұстады. Бірінен соң бірі тоналып жатқан пәтерлерді белгілі бір топтың ғана үптеп кетіп жүргенін көптеген фактілер анықтап берді. Сөйтіп ізге түскен астаналық криминалистер жақында Қарағанды облысының суық қолды тұрғындарын ұстады. Жиырмадан астам пәтерді олар бір тәсілмен – сыртқы есіктің құлыптарын бұзу арқылы тонаған. Яғни, ұрылар құлыптың құрылысын, оны бұзу тәсілдерін жақсы меңгерген. Осылайша әккі ұрылар оңай олжаға қарық болып келіпті. Кімнің пәтеріне түсу қажеттігін бұлар алдын ала айқындап отырса керек. Мәселен, қаңтар айында Астана қалалық ІІД-нің аумақтық ІІБ-на кезекті пәтер ұрлығы жөнінде ақпар келіп түскенде, бұл үйден аса бағалы 150 құндыз бөрік қолды болғаны белгілі болды. Жапа шегуші тері өнімдерінен тігілген киімдер сатумен айналысады екен. Оған келген шығын мөлшері 5 миллион теңгені құраған. Сол жолы жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түскен еді. Бұдан соң 3 ақпан күні тиянақты жүргізілген жедел іздестіру шаралары кезінде бұрын сотталған 24 жастағы және 21 жастағы екі күдіктінің қолына кісен салынды. Олардың бұдан бұрын жиырма пәтерді тонағаны да бұлтартпас айғақтармен дәлелденді. Күдіктілердің айтуынша, олар алдымен Астанада пәтер жалдап тұрған. Содан соң өткен желтоқсан айынан бастап «кәсіптеріне» кірісіпті. Кәнігі ұрылар осы жалдап жатқан пәтерлерінде қолға түскен болатын. Сабаздарың ұрланған алтын бұйымдарды, қымбат құндыз тондарды, ақша, ноутбуктерді және басқа заттарды сол бойда ломбардтарға өткізіп отырыпты. Кейбірін қолма-қол ақшаға сатып жіберген. Әйтеуір, қолды қылғандарын тез арада «игеріп» отыруға үлгеріпті. Әзірге пәтер иелеріне келген жалпы шығын көлемі мәлім етілген жоқ. Бірақ, алтын бұйымдар, құндыз тондар, ноутбук сияқты бағалы заттарға қарап, әр пәтерге келтірілген шығын көлемі аз емес екенін шамалау қиын емес. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу одан әрі жалғасуда. Тергеудің соңғы нүктесі қойылғанда қарағандылық тонаушыларды қандай жаза күтіп тұрғаны белгілі болады.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*