Сақшыларға қарсылық көрсеткендер қоғамдық жұмыстарға тартылады

Неповиновение полицииСолтүстік Қазақстан облысы аудандық сотының шешімімен тәртіп сақшыларына қызмет бабында қарсылық көрсеткен екі ауыл тұрғыны қоғамдық жұмыстарға тартылатын болды.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 379-бабы 1-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 60 тәуліктік қоғамдық жұмыстарға тартылсын», – деп Мамлют ауданы орталығының екі тұрғыны аудандық сот шешімімен жауапқа тартылды. Бұл оқиға қаңтардың 3-і күні аудан орталығында орналасқан жергілікті дәмханалардың маңында орын алған. Ащы суға сылқия тойып алған мейрамхана қонақтары келушілердің демалуларына кедергі жасап, өзара жанжал шығарған. Бұзақыларды тыныштандыра алмаған дәмхана қызметкерлері полиция бөліміне хабарласуға мәжбүр болған. Шақыртуға келген учаскелік полиция инспекторының «құқық бұзушылықтарды тоқтатындар» дегенін де тыңдағысы келмеген 1964 және 1967 жылы туған тұрғындар полиция қызметкеріне былапыт сөздер айтып, қорқытып, билік өкіліне қарсылық көрсеткен. Қамауға алынғандардың екеуі де сот алдында заңсыз қылықтарының себебін алкогольді ішімдікті шамадан тыс қолданып қойыппыз деп ақтап алуға тырысқан. Ал 21 қантар күні Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында орын алған отбасылық жанжал бойынша шақырту алып шыққан учаскелік полиция мен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша инспекторлары ауыл ішінде екі жігіттің жанжалдасып жатқанын байқап қалған. Полиция капитаны ауыл тұрғындарын бірден ажыратуға кіріскен. Алайда, бұзақының екеуі полиция қызметкерін боқтап, өздеріне шап берген. Кейін ауыл тұрғындары арасындағы жанжал туған күн кешіндегі отырыста басталғаны белгілі болады. Кеште әзәзіл судан асыра сілтеген жігіттер сөзге келіп қалып, мұның арты жанжалға айналған. Полиция капитаны көмекке бірден қосалқы жасақты шақыртып, нәтижесінде құқық бұзушылардың барлығы тұтқындалды. Билік өкілі атына былапыт сөйлеу қылмыстық ісі енді сотқа дейінгі қарауға алынған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, қызмет бабында жүрген билік өкілін қорлау немесе былапыт сөйлеген құқық бұзушылар жауапқа тартылатын болады. Бұл заң бұзушылық үшін құқық бұзушыларға жүз айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл немесе осы көлемдегі мерзімге түзету жұмыстарына, жүз жиырма сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға, не болмаса бес тәуліктік қамауға алынуы мүмкін. Осыған қарамастан 2014 жылы қызмет бабында жүрген билік өкілдеріне қарсылық көрсету бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда олардың барлығы бойынша сот шешімі шығырылып, 5 адам сотталды.

Ерлан МАХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*