Банктердің атын жамылған «хакер»

183fc4dd80dfЕліміздегі банктердің бірінің әкімшілігі тәртіп сақшыларына белгісіз біреу интернет желісін пайдаланушыларға қаржы институттарының атынан жаппай хабарлама жібергендігін айтып арызданған. Өз хатында қаскөй ұрлық-қарлықтың алдын алу үшін белгілі бір кестені толтыру керектігін көрсеткен. Сол арқылы ол банк карточкаларын пайдаланатын қазақстандықтардың жасырын коды мен парольдерін анықтаған.
«Петропавл қаласындағы банктердің бірінің қызметкері бізге үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында арыз түсірген болатын. Онда 12 қаңтардан бастап, белгісіз біреу ғаламтор желісі арқылы қаржы институтының атынан хабарлама жолдағаны жазылған. Осылайша қаскөй ғаламтор желісін пайдаланушыларға белгілікті хаттамаларды толтыртып, өзіне қажетті деректемелерді алып отырған», – дейді облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Данияр Қасымов. Тергеу барысында тәртіп сақшылары іске қатысы бар деген күдіктіні анықтады. Ол Петропавл қаласының 28 жасар тұрғыны болып шықты.
«Күдіктінің компьютерін тексеру барысында бірқатар папкалар анықталды. Онда қаржы институты клиенттерінің құпия ақпараттары бар. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Данияр Қасымов. Қазіргі таңда күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Ол осы күнге дейін екі банктің атынан қазақстандықтарға түрлі хабарлама жіберіп отырған екен. Қазір қаскөйдің осы уақыт аралығында қанша адамды алдағандығы анықталу үстінде. Айта кету керек, қылмыскер былтырғы жылдың аяғында барлық коммуналдық қызметтерін осындай жолмен төлеп келген. Бұл ретте полицейлер алдағы уақытта интернет желісін пайдаланушыларға абай болуға ескертеді.

Ерлан МАХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*