Папкасы жоқ «прокурор»

08947834Жалпы, прокурорларға папка ұстап жүру шарт емес. Алайда, қолында папкасы жоқ прокурорды елестету де қиын. Өйткені, олар қай жерде де құжатпен жүреді. Осы құжаттарды ыңғайлы алып жүру үшін папка керек. Папка болғанда да анау-мынау емес, қымбаттырағы жарасады енді.
Мәскеу-Бішкек бағытындағы пойызда өзін «көлік прокурорымын» деп таныстырған азаматтың қолында не папкасы, басында не шапкасы жоқ екені жолаушылар пойызының бастығы Еркінай Жырғалбекованың күдік-күмәнін күшейтті. «Көлік прокуроры» болса кердең. Не қызметтік куәлігін де көрсеткен жоқ. Қодаң-қодаң етеді. «Сіздер күдік келтірмесін деп осылай қарапайым киініп алғанмын» дейді өзі. Енді қарапайым болғанда, расымен де тіптен қарапайым киініпті. Сонысына қарамай, сөздері тіптен өктем. «Вагон іші неге таза емес?», «Неге билетсіз жолаушы мінгізесіздер?», «Неге шайды уақытылы қайнатпайсыздар?» деп қуырып барады. Еркінай еркінсіген «көлік прокурорынан» кәдімгідей қаймығайын деді.
– Шымкентке жетіп алайын. Сендерді сосын көремін, – деп қоқиланды.
– Не дейсіз енді? – деді Еркінай.
– Қолыма бірдеңе қыстырыңыз, – деді «көлік прокуроры».
«Құтырғаннан құтылған» дегенді Еркінай да білуші еді. «Бәлесінен аулақ» деп ойлаған ол «көлік прокурорының» қолына 5 мың Ресей рублін ұстата қойды. Қыр соңынан қалмаған сұрқылтайды осылай тыныштандыра түспек еді. Бірақ, «көлік прокурорының» жүріс-тұрысы оған ұнамай-ақ қойды. Сосын бір бекетке келгенде Шымкент стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасына хабар берді. Шымкент стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы криминалды полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Бауыржан Жакетов, жедел уәкіл, полиция капитаны Мұрат Тасқараев, көлік прокурорының орынбасары Еркебұлан Лесбеков «қонақты» барлық сый-сияпатымен күтіп алды. Сөйтсе, «көлік прокуроры» дегендері Ордабасы ауданы Бадам стансасының 1983 жылы туған тұрғыны болып шықты. Стансада тұратын болғандықтан да шығар, көлік прокурорының пәрменін бір кісідей біледі екен. Сондықтан ол «көлік прокуроры» рөлін сомдап көрмек болады. Сонымен, ол пойыз бастығын бопсалау жолымен 5 мың Ресей рублін қақшып алады. Басқармаға жеткізілген «прокурор» мүсәпір бола қалды. Қалтасынан бопсалаумен тапқан рубль де шықты. Іс тергеуші, полиция майоры Қайрат Тамарбаевқа өтті. Ол жалған прокурордың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жалғасуда.
– Жолаушылар пойызында осындай алаяқтар көптеп жүреді. Сондықтан алданып қалмау керек. Пойыз бастығының бізбен алдын ала хабарласқаны дұрыс болды. Әйтпесе, ол ұстатпай кетер ме еді? Қазір ол тергеуде. Істі сотқа өткіземіз, – дейді Шымкент стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Тіленшин. Осы басқарма бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Руслан Ендібаевпен әңгімелесуге келгенмін. Дәлізде бір жігіт «сіз адвокат емессіз бе?» деп мені кідіртті. «Жоқ, тілші едім» дедім әлгі жігітке.
– «Көлік прокуроры» осы мырза, – деді Руслан. Аң-таң қалдым. Тепсе темір үзетін-ақ жігіт. Енді, міне, адвокат іздеп әркімге бір жалтақтайды. Оның жоғарыдағы тірлігіне мен деген мықты адвокат та араша бола алмас-ау, сірә.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*