Басқы бет / «Сақшы» газеті / Ардагерлер / Жүрекке жылылық құятын кітап

Жүрекке жылылық құятын кітап

IMG_4913Милиция полковнигі Жүсіпахмет Әшімұлы жайлы сыр шертеді
«Мені қиын түсіну, мен өйткені – Адам ұғып болмайтын сағынышпын…», – деп жырлаған еді бірде әйгілі ақын Тұрсын Жұмаш. Иә, сағыныш деген адам ұғып болмайтын сырлы сезім ғой. Сағыныш – поэзия, сағыныш – лирика, сағыныш – тылсым әлем, тұңғиық ой, терең толғаныс. Қолыма тиген «Өнегелі өмір» атты кітапты алғы сөзінен бастап парақтағанда сол сағыныштың сазын, қазіргі тілмен айтсақ, музасын сезінгендей болдым. Алғы сөзі де «Сағыныш сазы» аталыпты. Кітапты толайым ақтарып шыққанда шынымен де сағыныштан құралған дүние екенін сезініп тебірендік. Баланың әкеге деген іңкәр сағынышы оқушыны бейжай қалдырмайды екен. Шынайы сезім, шынайы сағыныш, асқар таудай әкеге деген құрмет кітаптың өн-бойына өріліп, оқырманының жүрегіне жылы шуақ құятыны ғажап…
Кейбіреулер ойлайтындай сағыныш тек балаға тән сезім емес, ол жүрегі соғып тұрған барлық адам баласын тебірентетін сырлы саз. Қайта, адам егде тартқан сайын, ең бастауына алаңдап, өзінің бала кезін, әкенің қамқорын, ананың аялы алақанын аңсайды. Егер әкесі бар болса, жасы сексенге келген баласы оны ұзақ уақыт көрмесе, сағынады. Көргенде еркелеп, сағынышын басады. Бұл әкемен баланың арасындағы махаббат, жарасымды сыйластық ешқашан үзілмейтінін, ескірмейтінін білдіреді. «Өнегелі өмірді» оқып отырып осыған тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Әкесі Жүсіпахмет Әшімұлы (ұзақ жыл ішкі істер саласында еңбек еткен полковник) туралы естелік кітапты құрастырған ұлы Сәкен Жүсіпахметұлы алғы сөзде ағынан ақтарылып, тәрбиелі мәні зор дүниенің жарыққа шығу тарихына егжей-тегжей тоқталған екен. Пайғамбар жасында дүниеден өткен әкесіне деген сағынышын да сыр қылып шерткен, нанымды әрі жарасымды. Сондықтан оқығанда еріксіз сүйсініп отырасың. Жүсіпахмет Әшімұлы ағамыздың тағдыр-талайы расымен де өнеге тұтатын өмір. Ол жайлы сыр ақтарған әріптестері де Жүсекеңнің адамгершілігіне, азаматтық келбетіне жақсы баға берген. Талай адамды теңіреніске салған тұлға кім? Бұл сұрақтың жауабын тарқатпас бұрын алдымен тектілікке, тек деген ұғымға арнайы тоқталып өтсек, сонда Жүсіпахмет Әшімұлы әңгімені оның тегінен бастау себебіміз оқырман үшін түсінікті болады. Тектілік адам бойына қанмен берілетін ерекше қасиет. Сондықтан тегіңді білу, оны орынды дәріптеудің жөні бөлек. Бүгінгі ұрпағыңның бойында бұғып жатқан ата-бабаңнан қалған теңдесі жоқ асыл қасиеттерді оятқың келсе, ұрпағым тегіне тартсын десең, «аттандап» жауға шапқан бабаларыңнан бастап бүгінгі күнге дейінгі аталарыңның өмір жолындағы ұлылығын ұрпағыңа өнеге етіп ұсын. Өйткені, дана халқымыз айтпақшы, «тектен нәр алған тозбайды», «жақсы, жаман болса да, тартпай тұрмас негізге». Тегіңді таны да, намысыңды жаны. Солардай бол, болмаққа ынтаңмен ұмтыл, Абай атамыз айтқандай, «болмасаң да ұқсап бақ». Бүгінгілердің басты міндеті текті туған бабаларын ұрпақтарына дәріптеу, солардың жетесіне жеткізіп, санасына сіңіріп құю. Әйтпесе, тектілік те тозады, батырлық, даналық ол әулеттен озады. Осындай киелі қасиеттен, баға жетпес мұрадан қарап отырып айырылу кешіруге жатпайтын күнәнің ең ауыры болар еді. Дана қазақ атамыз «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл құлағы мен жағын жер» демей ме. Біз әңгіме еткелі отырған Жүсіпахмет ағамыз тектілердің ұрпағы еді. Ол өмірде тектілігін жоғалтқан жоқ. Жүсіпахмет Әшімұлының арғы ата-тегіне үнілсек, сонау VIII-IX ғасырларда қазақ даласына мұсылман дінін таратуға келген қожалардан бастап тарқатуға тура келеді. Сауд Арабиясынан Орта Азия мен Қазақстанға аяқ басқан қожалардың соңғы легі Абд ұл-Жалил баб, Ысқақ баб және Абд ар- Рахим бабтар болса, соны ішінде Ысқақ баб Жүсіпахмет ағамыздың әулетінің түп негізі саналады. Жүсекең шамамен содан бері санағанда 48-ші ата! Содан бергі тектіліктің сан ғасырлар бойы үзілмеуі өз жемісін берген. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында милиция қатарында лауазымды қызметтер атқарған Жүсіпахмет Әшімұлының ешқашан Алласы аузынан түспеген екен. Тіпті, қажылық сапарға барып, мұсылмандық бес парыздың бірін өтеген. Сол заманда мұндай әрекетке бару үшін қаншалықты рухты, иманды болуы керек екенін кеңестік дәуірді көзімен көргендер айтпай түсінеді. Сөйтіп, сол заманда қажы атанған Жүсекеңнің өмірі соңынан жаман сөз ермеген, салауатты да, парасатты тұлғасы қашанда биіктен көрінді. Мұны кітапта жазылған әр естелік растай түседі. Мәселен, дінтанушы ғалым, араб тілінің маманы, доцент, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Абдулла қажы Жолдасұлы, Акбар қажы Шәкірбай мешітінің бас имамы Зейнолла қажы Ахметов аппақ Ишан тегі Жүсекеңнің ата-бабаларының дін жолында қызмет етіп, өркениет пен мәдениеттің өрістеуіне тигізген үлесін сөз ете отырып, Жүсіпахмет Әшімұлының имандылық, рухани қасиеттеріне де тоқталады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Бекназар «Жүсіпахмет қажы туралы бір үзік сыр» естелігінде оның қажылық қырын, рухани болмысын ашып берген. Ал қызметтес досы Геральд Владимирович Цой, Д.А.Қонаев атындағы университеттің профессоры, курстасы А.И.Новиков, бүгінде республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Нұрмұханбет қажы Әжіметұлы қызметтегі, жалпы өмірдегі азаматтық бейнесін жақсы сомдап, шынайы жазған. Бұл кітапта Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі Сергей Терещенконың, Әбділһай қажы Жандарбекұлының, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Жеңісбай Әбдікерімұлы Сұлтановтың, құрметті зейнеткер Талап Қабденовтың, Жүсіпахмет ағамыздың немере інісі, Ішкі істер министрлігінің зейнеткері Оңғар Тәліпұлы Әбдірайымовтың және басқа көптеген елге белгілі азаматтардың Жүсіпахмет ағамыз жайлы жылы естеліктері берілген. Әуел бастан әдебиетке, сөз өнеріне жақын болып өскен Жүсіпахмет Әшімұлының өлеңдері де басылған. Оның өлеңдері өмірдің өзегінен алып жазылғаны әр шумағынан байқалады. Түлкібас аудандық милиция бөлімінің бастығы болған. Өмір бойы елінің тыныштығы үшін тынбай еңбек еткен. Қоғамда әділеттіліктің салтанат құруына аянбай тер төгіп, өзі өмірде де, қызметте де адалдықтың жарқын үгісін жасаған айтулы тұлға Жүсіпахмет Әшімұлының парасатты өмірі жайлы сыр шерткен «Өнегелі өмір» атты кітап әлі талай ұрпақтың тәрбиесіне қызмет етері сөзсіз.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Иығына жұлдыз таққан әулет бұл…

Толқытқан кездесу «Үй алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қартың болса, жазып қойған …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған