Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Ағадырдан шыққан алып

Ағадырдан шыққан алып

IMG-20141223-WA0046Дарын Қойшыбаев – спорттық Джиу-Джицудан спорт шебері, әскери самбодан халықаралық спорт шебері, ережесіз жекпе-жектен ММА версиясы бойынша спорт шебері, әлемдік федерация әскери самбодан (WCSF) тұжырнамасы бойынша ҚР-ның үш дүркін чемпионы, (WCSF) жүйесі бойынша әскери самбодан халықаралық ашық чемпионаттың жеңімпазы, ММА жүйесі бойынша ҚР чемпионы, Джиу-Джицу профи-файттан ҚР күміс жүлдегері, ҚР-ның АДС Джиу-Джицудан қола жүлдегері, әскери самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері (Мәскеу 2014ж).
Дарын Жасұланұлы Қойшыбаев Қарағанды облысы, Ағадыр кентінде қарапайым отбасында туып өскен. Бір шаңырақта атпалдай төрт ұлды тәрбиелеп өсірген әкесі Жасұлан Омарұлы мен анасы Ақжан Зейноллақызы тұрмысында қарапайым күн кешкен ізетті жандар. Әкесі Жасұлан көп жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет етіп, бүгінде капитан шеніндегі зейнеткер. Анасы Ақжан «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Ағадыр кентіндегі орта мектепте математика пәнінен ұзақ жылдар бойы ұстаз болып келеді. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Дарын Жасұланұлы 1988 жылы осы өлкеде дүниеге келіп, орта мектепті тәмамдаған. Жастайынан спортқа бейім Дарын өзінің аға-бауырларымен бірге күн ұзаққа доп теуіп, ауылды айнала жүгіріп тыным тапқан емес. Мектеп қабырғасында оқып жүріп әртүрлі спорттық шараларға белсене атсалысып, қатарлас балалардан өзінің шымыр денесімен, спортқа бейімділігімен оқ бойы озық жүрді. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Ағадыр елді мекенінде ол кезде жастарды спортқа бейімдеуге арналған спорттық секциялар жоқтың қасы. Спортқа деген құлшынысы ерекше бала Дарынның өз үйінің ауласына қолдан жасап алған спорттық құралдарын (құм толтырылған қап, зілтемір ретінде көтеретін трактордың темірлері) айналдырып, жаттығу жасаудан жалыққан емес. Әлімсақтан белгілі, тәрбиенің негізі – отбасында. Жанұя тірегі, шаңырақ иесі әкенің тәлім-тәрбиесі балаларға үлкен күш. Дарынның әкесі Жасұлан Омарұлы үйелмелі-сүйелмелі төрт ұлдың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген екен. Ішкі істер органдарының офицерлік қызметте қалыптасқан қатаң мінезімен өз отбасында темірдей тәртіп орната білсе керек. Әке тәрбиесінен берілген мінез бастаған істі жарты жолда қалдырмау, үлкенге ізет, кішіге құрметпен қарауды үйретті. Дарынның спорттағы жетістіктері отбасында қалыптасқан қасиеттермен ұштасып жатыр. Орта мектепті аяқтаған соң Қарағандыға жол тартқан жас спортшы қызығы мен шыжығы мол үлкен өмірге бет алады. Әрине, ауылда жарысқа апарып бағын сынайтын бапкері жоқ, жекпе-жекке өнерінің түрлі әдіс-амалын үйренбеген, көше төбелесімен ғана көзге түсіп жүрген Дарынды бірден бауырына тартқан ешкім болмады. Қиындықта босаңсып, жасып қалу қасиетінде жоқ жас жігіт 2009 жылы әке жолын қуып ішкі істер органдарына қызметке кіріседі. Күнделікті қызмет бабымен жүріп, қолы қалт еткенде жаттығу залына асыққан Дарын көп ұзамай өзінің күш-қайраты өзгелерден ерекше екендігін дәлелдей бастайды. Талапшыл жастың бойындағы елден ерек құлшынысты байқаған облыстық «Джиу-Джитцу» федерациясының директоры, жеке бапкер Айдын Жанатов өзінің қанатының астына алып, қамқорлық танытады. Бірнеше жылдан бері Қарағанды өңірінде джиу-джитцу, әскери самбо және қоян-қолтық ұрыстан көптеген чемпиондар тәрбиелеген тәжірибелі бапкер мұқият бақылап, жүйелі жаттығу жұмыстарын бастап кетеді. Халықаралық қатынастарда мемлекеттің туы екі жағдайда ғана жоғары көтерілетінін білеміз. Бірі мемлекет басшысының сол елге іссапары кезінде болса, екіншісі спортта биік шыңды бағындырған жеңімпаздың құрметіне орай көк туымыз желбіреп жүр. Қазіргі уақытта спортта жүрген азаматтарды бүгінгі күннің батырлары десек те жарасып тұр. Әр елдің үмітін арқалап келген небір мықтыны есінен тандырып, тізеге басып жүрген жігіттерді батыр деуге әбден лайық. Кезінде ата-бабаларымыз қарумен ел қорғаса, бүгінгі бейбітшілік заманда елдің намысын көтеріп жүрген спортшылар екендігі анық. Өзіне сенім артқан бапкердің көңілінен шығу оңайға соқпады. Алдымен облыс біріншіліктерінде бағын сынап көріп, республикалық жарыстарда атой сала бастады. Жекпе-жек өнерінің қыр-сырын әбден меңгерген соң әлемдік додаларда небір мықтылармен терезесі тең түсе бастады. Жеткен жетістігі де аз емес. Ащы терін алып оқтаудай боп жараған сәйгүліктей бүгінде шиыршық атып келесі жарысқа әзірлік үстінде.
– Соңғы жекпе жегім 2014 жылдың 16 желтоқсанында Ресей астанасы Мәскеуде өтті. Әскери самбодан әлем чемпионатында қола жүлдегер атандым. Қарсыластарымның бәрі мықты спортшылар болды. 16 желтоқсан күні жеңіс тұғырына көтерілген кезде елімнің сол күні Тәуелсіздік мейрамын атап өтуімен іштей құттықтадым. Тәуелсіз елде еркін өскен ерке ұл екеніме масаттандым. Өз елімнің тәуелсіздігін ұлықтаған күні жеңіс тұғырына көтерілуім мені ерекше шаттыққа бөледі, – дейді батыр ұл өз сөзінде.

Аңсаған Тоқбергенов,
Қарағанды облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Үздіктер қатарынан табылды

2-3 тамыз күндері Петропавл қаласының «Метро» ойын-сауық мәдени орталығында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасы аясында …

3 Пікір

  1. Лаура

    Дарын, молодец! Сен ушин куаныштымын! Сен биздин Акадырдын мактанышы болып ардайым журе бер!

  2. Жарайсың бауырым

    • Талғат

      Өте керемет, Азамат. Осындай бауырларымыз көп болсын деп тілеймін. Алда күтіп жүрген кішкентайын, өзіңе татсын.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған