Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / АН-2 тағы апатқа ұшырады

АН-2 тағы апатқа ұшырады

Резервная_копия_маленький шаблонАспандағы апаттарды ескі жылдың еншісінде қалдырып, есімізді енді жия бастаған едік. Өкінішке қарай, қуанышымыз көпке ұзамады. Әуе апаттарынан көз ашпайтын болдық. Күні кеше ғана Жамбыл облысында орын алған әуе апаты жайлы қаралы хабар тағы да талай отбасының қара жамылуына себепші болды.
Оқиға Жамбыл облысының Шу ауданында, Төле би ауылынан шығысқа қарай 45 шақырым жерде орын алған. Айта кетейік, 12 орындық АН-2 ұшағы Қарағанды қаласындағы «Олимп-Эйр» компаниясының иелігінде болыпты. Қысқаша тоқталсақ, АН-2 – әртүрлі мақсаттарға қолдануға арналған жеңіл ұшақ. Оның максималды ұшу жылдамдығы сағатына 256 шақырым. Ал аспанға көтерілгенде 4500 метр биіктікті бағындыра алады. Жалпы ұшу салмағы 5 тоннадан жоғары. Ұзындығы мен биіктігі, сәйкесінше 12 және 4 метрден астам. Дәл осы ұшақтың қатысуымен бүгінге дейін әлемде 407 әуе апаты тіркелген. Басым бөлігі Ресей мен Украина елдерінде орын алған. Ал елімізде Ан-2 ұшақтары 3 рет апатқа ұшырады. Жалпы айтқанда әлемде болған апаттардан 400-ге жуық адамның өмірі қиылған. Бұл дегеніміз ауа-райының құбылмалылығынан бұрын әуе көлігінің өзінде ақаудың жиі болатынын дәлелдеп отыр. Ал кеше «Қазақмыс» компаниясы АН-2 ұшағының апатынан қаза тапқан өз қызметкерлері туралы ресми мәлімдемені жария етті. Мәлімдемеде ұшақ бортында жеті адам болғаны және олардың төртеуі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің қызметкерлері, ал үшеуі – экипаж мүшелері екенін айтылған. Оның ішінде, «Қазақмыс» корпорациясының үш қызметкері: техникалық даму департаментінің директоры Г.Төлеубаев, «Балқаштүстімет» ӨБ-нің бас механигі Е.Ибраев, техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы У.Есмағанбетов апат орнында көз жұмған. Ал 29 жастағы бас геолог Әсем Шаяхметованы қансырап жатқан жерінен Шу қалалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер науқасқа Астанадан келетін арнайы мамандар келгенше алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен. Енді дәрігерлердің кеңесімен жарақаттанушының екі аяғына ота жасамақ. «Науқастың түскен кездегі жағдайы өте ауыр болды. Екі аяғында ашық жарақаты бар. Бас миы шайқалған. Қажетті ем-дом жасалды. Жағдайы әлі ауыр. Бірақ тұрақты», – дейді реаниматолог Бану Спанқұлова.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жұмысқа қызу кірісті. Оқиға орнында жұмыс жасап жатқандардың айтуынша, апат ұшақ қонып жатқан кезде орын алуы мүмкін. Оқиға болған уақытта күн райы күрт бұзылып, айналаны көру нашарлаған. Алайда әуе көлігінің апатқа ұшырау себебі әзірге нақты анықталмай отыр. Ұшақ сағат 12:09-да Қарағанды облысы Балқаш қаласынан Шу ауданындағы Шатыркөл кенішіне бет алған. Алайда арада 3 сағат өткеннен кейін 112 телефонына Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен осы ұшақтың құлағаны туралы ақпар келіп түскен. Іле-шала іздестіру және құтқару жұмыстарына жүзден астам адам мен ондаған техника жұмылдырылған. Сағат 17:00 шамасында Ан-2 ұшағы кен орны маңында қирап жатқан жерінде табылған. Осыған дейін де орын алған әуе апаттарынан кейін іле-шала құрылған арнайы комиссия апаттың себебін табиғаттың тосыннан келген мінезінен, яки техникаларының ескіруінен көреді. Бұл айтылғанның да жаны бар, әрине. Өйткені, техникамыз темірдей деп жүргенімізбен, қарау-жарақ жарамдылығы сынаққа түскен көрсеткішке сенсек, еліміздің техникасы әлдеқашан ескіргені айтылады. Бұл туралы жаһандық жаңалықтан хабары бар жұртшылық та, жоғарыда отырған халық қалаулылары да талай рет айтты. Сондай-ақ, халық қалаулылары ұшқыштардың тиісті дайындықтан өтпеуі мен тозығы жеткен ұшақтар мәселесі – әуе қауіпсіздігіне кері әсер етіп отырған негізгі факторлар ретінде атады. Еске салсақ, елімізде апатқа ұшыраған әуе көліктерінің көбісі күрделі жөндеуден өткен. Алайда күрделі жөндеу көрген көліктердің өзі күрделі мәселеге айналып отырған жайы бар. Бұл жайлы әскери саланың жілігін шаққан майталман мамандар жөндеудің тиісті деңгейде жасалғанына күмән келтіреді. Апат айтып келмейтіні ақиқат, әрине. Әйткенмен өткеннен сабақ алатын күннің әлдеқашан келгенін түсінетін кез келді. Сондықтан «ауруын жасырған өледінің» кері келмеу үшін «ауруға ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» дұрыс-ақ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Сондай-ақ, оқыңыз

Әскердің әлеуеті артып келеді

Қазақстан Президенті Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады. Мемлекет басшысына Қорғаныс министрі еліміздің Қарулы Күштерінің қазіргі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған