Түн ішіндегі атыс

666Оңтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері үйлесімді әрі тиянақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде адам өлтірмек болған үштікті қолға түсіріп, қамауға алды.
Шымкент қалалық ІІБ Абай ПБ-нің қызметкерлері 2015 жылдың қаңтар айының 13-нен 14-не қараған түні қаланың Б.Момышұлы көшесінде болған оқиғаға соңғы нүкте қойды. Сол түні Абай ПБ-нің кезекші бөліміне облыстық 1-жарақат пунктінен қолынан оқ жарақатын алған 21 жастағы бойжеткеннің жеткізілгендігі туралы хабарлама түскен болатын. Полицейлер оқиғаның қандай жағдайда болғанын анықтап жатқанда кешкі сағат 22:05 шамасында Шымкент қалалық ІІБ Қаратау ПБ-нің кезекші бөліміне қаладағы ауруханалардың біріне басынан оқ жарақатын алған жас жігіттің жеткізілгендігі туралы тағы бір хабарлама түседі. Кейіннен тәртіп сақшылары бұл жігіттің Шымкент қаласының 1993 жылы туған тұрғыны екенін, оған «Ниссан» автокөлігінде келе жатқанда белгісіз біреулердің шабуыл жасағаны, соның салдарынан жарақат алғанын анықтайды. Оқиға орнынан полиция қызметкерлері шолақ мылтық пен травматикалық тапаншаның оқтарын алған.
Полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, куәгерлерді сұрастырып, Б.Момышұлы көшесінде орнатылған бейнебақылау камерасын қарау нәтижесінде қарулы шабуылдың сол күні кешкі сағат 21:00 шамасында болғанын анықтайды. Жас жігіт жанында 1993 және 1994 жылы туған екі жолаушысымен бірге «Тайота Камри» автокөлігімен кетіп бара жатқанда олардың жолын «Ниссан» маркілі автокөлігі кесіп өткен. Бір кезде көліктегілер қарудан «Тайота Камри» автокөлігінің жүргізушісіне қарата бірнеше рет оқ атады. Жәбірленуші қашпақ болғанда, қаскүнемдер оның автокөлігін қуып жетіп, оған қарай тағы оқ атқан. Осы кезде көшеде кетіп бара жатқан Шымкент қаласының тұрғыны – 1993 жылы туған қызға оқ тиген. Осыдан соң күдіктілер белгісіз бағытқа қашып, іздерін суытқан. Травматикалық қарудың оғы қолын тесіп өткен қызға медициналық көмек көрсетілді. Қылмысты ашу мақсатында полиция қызметкерлері ұстау жоспарын қала бойынша жариялады. Шымкент қалалық ІІБ Абай ПБ КПБ-нің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында тәулік ішінде қылмыстың ізін суытпай 1992, 1994 және 1996 жылы туған облыс орталығының тұрғындарын күдікті ретінде құрықтаған. Ұсталған күдіктілер өз кінәларын толық мойындаған. Күдіктілердің бірінің үйінің ауласынан полиция қызметкерлері 16-калибрлі екі шолақ аңшы мылтығын көміп қойған жерінен тауып, тәркіледі. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары айғақ зат ретінде «Ниссан» маркілі автокөлігі, газ травматикалық тапаншасы және басқа да айғақ заттарды тәркіледі. Тергеу кезінде бұл қылмыстың басты себебі жас жігіттер арасындағы бас араздық болғаны анықталып отыр. Қазіргі таңда бұл фактіге байланысты ҚР ҚК-нің 24-99-бабы (Адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*