Мазасыз жеті күн

алаякЖамбыл өңірінде соңғы бір апта ішінде, нақтырақ айтсақ, 12-18 қаңтар аралығында 169 қылмыс тіркелген. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі, сондай-ақ, жәбірленушілердің құзырлы органдарға дер кезінде ақпарат беруінің арқасында бұл заңсыздықтардың барлығы әшкереленіп, аз уақыттың ішінде күдіктілер анықталған. Сондай-ақ, жеті күн ішінде іздеуде жүрген және хабар-ошарсыз кеткен 7 адамның мекенжайы анықталды.
Ізі суымай ашылған қылмыстардың ішінде ұрлық деректері көп. Апта ішінде 51 ұрлық фактісі тіркелсе, оның 5-уі пәтер тонауға қатысты болып отыр. Осы заң бұзушылыққа қатысты деректердің бірі Тараз қаласында болған. Қалалық ІІБ Жедел басқару орталығына хабарласқан Мойынқұм ауылының тұрғыны Тараз-Шу бағытына қатынайтын автобуста белгісіз біреудің құны 100 мың теңге болатын жеке заттарын жымқырып кеткендігін айтып, арызданған. Елуді еңсеріп қалған жәбірленушінің арызынан кейін іске кіріскен 2-ПБ қызметкерлері дереу жедел іздестіру іс-шараларын қолға алады. Нәтижесінде ұрлыққа күдікті ретінде 22 жастағы тараздық ұсталған. Алдын ала тергеу барысында ұры бар кінәсін мойындап, ұрланған заттарды иесіне қайтарып берді.
Ірі көлемде екі рет ақша ұрлаған күдікті де көп ұзамай қолға түсті. Полиция қызметкерлері алғашында қаланың Төле би көшесінде орналасқан қонақ үйлердің бірінен 100 мың теңге, кейіннен 9-шағын ауданда тұратын әйелдің пәтерінен 200 мың теңге ақшасын ұрлап кеткен 23 жастағы сұғанақ қолды жігітті алысқа ұзатпай ұстады. Қос қылмысын да мойындаған күдіктінің үстінен қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал, аптада тіркелген кісі тонау дерегі – 9. Осы 9 фактінің бірі аймақтың Байзақ ауданында болған. Аудандық ІІБ-не шағымданған Көктал ауылының тұрғыны белгісіз біреулердің үйіне терезе арқылы баса-көктеп кіріп келіп, кішкентай балаларын дәретханаға қамап тастап, екі ноутбук пен планшетті ұрлап кеткені жөнінде айтқан. Қаскөйлер жәбірленушілерге 280 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Жедел іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар жәбірленушінің ауылдастары – екі жас жігітті тұтқындады. Олар жасаған қылмыстарын толық мойындап, ұрланған заттарды иесіне қайтарып берген. Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жеті күннің ішінде әшкереленген қылмыстардың ішінде тәнін саудаға салған түнгі көбелектерге қатысты да деректер жоқ емес. Жамбылдық тәртіп сақшылары жезөкшелікпен айналысу орнын ұйымдастыру немесе ұстауға қатысты бір деректі әшкерелеп, істі тергеуге жіберген. Облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Тараз қалалық ІІБ 2-ПБ Анықтау бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел шара барысында қаланың қақ ортасында орналасқан сауналардың бірінен жезөкшелер ошағы анықталған. Операция кезінде жас қыздарды саудаға салып, «кәсібін» қыздырған 47 жастағы әйелдің қолына кісен салынды. Қазіргі таңда, оның үстінен жезөкшелікпен айналысу орнын ұйымдастырып, ұстағаны үшін ҚР ҚК-нің 309-бабы, 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілей отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, Аймақаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел шара кезінде Шу қаласына апаратын күре жолдан бұрын бірнеше бап бойынша сотты болған Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынын тұтқындады. Тексеру кезінде күдіктіден салмағы 840 грамм болатын гашиш табылып, тәркіленді. Есірткі тасымалдаған жігіт ағасының үстінен ҚР ҚК-нің 296-бабы есірткі құралдарын заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Аптада әшкереленген қылмыстардың ішінде сонымен қатар, 26 бұзақылық, 32 алаяқтық дерегі бар. Барлық ашылған қылмыстар бойынша тергеу жалғасуда.

Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*