Жолаушылары бар автобус Алматыда 10 көлікті соқты

photo_12906Алматы қалалық Ішкі істер департаменті 18 қаңтар күні «Қазақфильм» шағын ауданында болған ірі жол апатына қатысты түсінік берді. Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, жол апатынан 10 адам зардап шеккен, арасында үш бала бар. Ал автобус жүргізушісі жол-көлік оқиғасы салдарынан қолы мен аяғын сындырып алды. Автобус жүргізушісін темір жаншып қалғандықтан оны босату үшін құтқарушылардың көмегі қажет болды. Қазіргі уақытта оқиға болған жер қоршауға алынды. Мамандардың айтуынша, Есеналиев көшесімен солтүстік бағытта жүріп бара жатқан №31 Mercedes маркілі автобус жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, сол бағытта кетіп бара жатқан Hyundai көлігіне соғылды. Соңынан жолаушылары бар автобус 44 жастағы ер адамды қағып кетті, ол жарақат алғанымен емханаға жатқызылған жоқ. Балалардың бірінде сынық бар екені анықталды, ал қалған екеуі бас пен іштен соққы алған. Бұдан басқа аяқ-қолдары сынғандар, көкірек қуысын соғып алғандар мен ішінен жабық жарақат алғандар бар. Жол апатынан кейін зардап шеккендердің екеуі қалалық орталық клиникалық ауруханаға, тағы екеуі №7 ауруханаға, бір адам тұрғылықты мекенжайы бойынша облыстық емханаға және кәмелет жасына толмағандар №1 қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Жапа шеккендердің ішінде үш бала және жүкті әйел болған. «Бұдан әрі автобус бірнеше көлікпен соқтығысты. Автобус МAN маркілі жүк көлігіне соғылғаннан кейін ғана тоқтады. Біздің алдын ала мәліметтеріміз бойынша, жол апатына автобустан өзге автотұрақта тұрған сегіз автокөлік пен жол-жөнекей кетіп бара жатқан үш жеңіл көлік қатысты», – деп хабарлады Ішкі істер департаментінің мамандары.
Ірі жол апаты туралы факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ведомство мәліметтері бойынша, жол-көлік оқиғасына қатысты алдын ала қылмысты саралау жұмыстары ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 1-бөлімі бойынша жүргізіледі. «Өндіріс барысында тиісті сараптамалар тағайындалады», – деп хабарлады Ішкі істер департаментіндегілер. Бұған дейін жол апатынан жүкті әйелдің жапа шеккені анықталған болатын. Дәрігерлердің көмегіне 10 адам жүгініп, олардың тоғызы ауруханаға жатқызылды, арасында үш бала бар.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*