«Жез киік біздің жаққа қайдан келдің?»

жез ки3к«Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.
Бөкенді атып мерген өлтіргенде,
Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?» – деп өлеңге қосқан Сәкен Сейфуллиннің жанайқайы бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлімсақтан, аңшы қазақ аң аулаудың да жөн-жосығын білген еді. Аң аулаудың өзіндік қыр-сырын терең меңгерген халықтың ұрпағымыз.
Ең азулы хайуанның бірі қасқыр екеш қасқырдың да бөлтірігі бауырын көтергенше бауыздамаған, жазықсыздың жанын алмаған. Қазақ үшін киелі саналатын жан-жануар жетерлік. Соның бірі – көзі жәудіреген киік еді. Сайын далада емін-еркін жортқан ақбөкеннің қазіргі жағдайы қалай? Сахараның сұлу кербезі – киіктің бүгінгі күйі кімді болса да күйзелтпей қоймас. Бір кездері қазақ даласында сан мыңдап өріп жүрген киікті атып, мүйізін сыртқа сатып, пайда табуды кәсіпке айналдырдық. Сөйте-сөйте бір кездегі сансыз киіктен бүгінде санаулы ғана қалды. Құралайды көзге атқан мерген де өзіміз! Мүйізін шетке сатып ақшаға құныққан да өзіміз! Осыдан бірнеше жыл бұрын тұқымы жойылуға шақ қалған киікті қорғау мәселесі Үкімет деңгейінде көтерілді. Арнайы заң жобасы әзірленіп, киік атушылар енді заңмен қудаланатын болды. Ішкі істер органдарында табиғат қорғау полициясы жұмыс аясын кеңейте бастаған кезең бұл. Бетпақдалада өрген киікті қару асынған полицейде қорғайтын болды. Киіктерді жыл сайын санап, оларды кезегімен белгілеп қамқорлық танытып та жүрміз. Бірақ та, құныққаннан дәніккен жаман демекші киік аулаушылар қатары сиремей тұр. Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасына қарасты табиғат қорғау полициясы және облыстық «Охотоопром» аң шаруашылығының өкілдері жаз бойы киіктерді қорғау мақсатында алдын алу шараларын жүргізуде. Ала жаздай кең даланы кезіп, арнайы рейдтік жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алған. Киік аулаушыларды қолға түскенін заңмен қудалап, жазасын беріп те жүр. Бүгінге дейін облыс аумағы бойынша оннан астам киік ату бойынша іс тіркелген екен. Киік атып ұсталғанның көбі ауылдың қазағы. Құжаты жоқ көлікпен, тіркелмеген мылтықпен жүріп қолға түсіп жауапты болып жүр. Арқада күн суытып, киік атаулы жылы жаққа ауған мезгілде, киік атушылар да асай-мүсейін асынып, жол бойын торитыны анық. Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы дөп келген бұл уақытта ауылды қойып, қаладан киік атқыштар топ-тобымен жортуылға шығатын әдеті. Әрине, осы кезде қосымша күшпен толықтырылып, жүрдек көлікпен қамтылған сақшылар да кірпік қақпай қызметіне кіріседі. Мысал ретінде таяуда орын алған мына бір оқиғаға тоқталайық, облыстық Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы табиғат қорғау полицейлері және Ұлытау мен Жаңаарқа ауданының сақшылары тізе қосып, бірлесе жұмыс атқаруы барысында, облыс орталығына қарасты Жаңаарқа ауданы Ш.Ералиев ауылына таяу маңда ақбөкенді қанжығасына бөктерген мерген қолға түсірді. Мемлекеттік нөмірі жоқ «Ямаха» мотоцикліне мінген Жайрем кентінің тұрғыны 12-калибрлі мылтығымен қос киікті атып олжалы болғанымен жолы болмады. Бүгінгі күні қолға түскен киік атушыға қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жалғасуда.

Аңсаған ТОҚБЕРГЕНОВ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*