Барымызды бағалап жүрміз бе?

DSC_9484Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, Отан алдындағы парызына адал батырларымыз аз болмағанын білеміз. Ұлан-ғайыр қазақ жеріне көз тіккен сан алуан сыртқы жаудан қорғану, ел бірлігін сақтап қалуда еңбегі сіңген ерлердің есімі әрқашанда алтын әріптермен жазылған. Ал бүгінде өз басын өлімге тігіп, өзгенің өмірі үшін мерт болған ерлерімізді білеміз бе? Ортамызда жүрген көзі тірісіне батырға лайық құрмет көрсетіп, ұлықтай алып жүрміз бе?! Асылы, қайталанбас ерлік жасап, қайтпас сапарға аттанған ерлердің есімін өшірмей, қайта жаңғырту парыз. Бұлай етпесек, келер ұрпақ үшін қиянат жасаған боламыз… Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қоғам қауіпсіздігін қадағалау жолында мерт болған сақшылар қатары да аз емес. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде бірі қандықол қарақшының қолынан оққа ұшса, бірі жол-көлік апатын болдырмау үшін өз басын бәйгеге тікті. Бұлардың ішінде қарағандылық полиция қызметкерлерінің де ерліктері ел есінде сақталып қалмақ. Он алты жыл бұрын Қарағанды халқының төбе шашын тік тұрғызған қанды оқиға көпшіліктің жадында шығар, бәлкім. Голливудтың шытырман оқиғалы боевик фильмдеріне ұқсас бұл оқиға қалай басталған еді?.. 1998 жылдың қараша айында Қарағанды қаласындағы қант өңдіретін орталыққа бетперде киген екеу қару кезеніп кіріп, кассадағы қыруар ақшаны алып тайып тұрады. Осыған орай облыстық Ішкі істер департаментінің «Тосқауыл» операциясы іске қосылып, қарақшыларды тез арада құрықтау жұмыстары ұйымдастырыла бастайды. Көтерілген дабыл бойынша белгіленген жерге жеткен милиция аға сержанты Рустам Мәжитов пен серігі Виталий Сатанов Жаңа Майқұдық стансасы мен Қарағанды-Сұрыптау жол бойында күдікті көрінген DSC_9543көлікті тоқтатып, тексермек болады. Бірақ күтпеген жерден көлік ішінен оқ атылып, Рустам Мәжитов алты жерден жараланып, сол жерде қаза табады. Ал Қарағанды қалалық ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Нұрлан Байғаскин қаладағы пәтерлердің бірінде полицей Р.Мәжитовтің өліміне қатысты күдіктілерге тосқауыл қою кезінде жан тапсырды. Қарулы қақтығыста Нұрлан Байғаскин қаза тауып, әріптесі Николай Редченко жараланады. Қанды оқиғада қылмыскердің бірі жараланып, екіншісі көз жұмды…
Жуырда Қарағанды облыстық ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е.Уахитовтың жетекшілігімен Рустам Мәжитовтің туған ауылында кездесу өтті. Шет ауданына қарасты Талды ауылының орта мектебіне жиналған ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары өз ауылдарынан шыққан батырдың ерлігіне тағы да бір тағзым жасап, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Айта кету керек, Талды ауылының бір көшесі бүгінде батырдың есімімен аталады. Мектеп алдына Рустам Мәжитовтің мемориалды тақтасы ілінгеніне қарап, ерін ұлықтауды ұмытпаған ел екендігімізге тағы бір мәрте сүйсіндік. «Ерліктер сабақтастығы» деп аталатын бұл кездесуге Рустам Мәжитовтің ата-анасы мен бауыры, қызметтес серіктері құрметті қонақ ретінде шақырылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Хабар» телеарнасының дайындаған «Патриот» бағдарламасы он алты жыл бұрынғы қанды оқиға туралы естелік сюжеті көрсетілгенде, ауыл тұрғындары көздеріне жас алды. Сондай-ақ, бұдан соң Ішкі істер департаментінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы қойылып, Рустам Мәжитов туралы естелік сөздер айтылды. Батырды дүниеге әкелген ата-анасы Рафик Ярмухамедұлы мен Телебиль Мүбәрәкқызына Ішкі істер департаменті атынан гүл шоқтары табысталып, қарағандылық барша полицей атынан осындай ержүрек ұл тәрбиелегені үшін алғыс айтылды. Ерлікпен қаза тапқан сақшылардың отбасы мүшелері мен ауыл тұрғындары бұл шараның жас ұрпаққа патриоттық сезім сыйлайтынын, маңызы зор екендігін атап өтіп, Ішкі істер департаменті басшылығына алғыстарын білдірді.

Аңсаған МӘУЛЕНҰЛЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*