Әскери бөлімдегі тәжірибе

DSCN1161М.Х.Дулати атындағы Тараз МУ-нің Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенттері Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513-әскери бөлімінде тәжірибе алмасты. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға «Психология және педагогика» кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Саламат Момынова жетекшілік етті.
«Әрине, қатаң тәртіп орнаған әскери бөлімге келу алғашында барлығымызға қорқыныш сезімін тудырды. Бірақ, әскери ғимараттың ішіне кіргенде мүлде басқаша сезімде болдық. Бізді жоғары оқу орны мен әскери бөлім арасында тәжірибенің басты үйлестірушісі болған психолог Айдос Оңғаров қарсы алды. Алғашқы күннен әскери өмірдің тәртібімен жан-жақты таныстырды. Бұл тәжиірибе әскери психологиялық тәжірибемізге одан әрі қызығушылығымызды арттырып, алдымызға берік мақсат қоюға жетелегені рас», – дейді сабаққа белсене қатысқан студенттер. Шара кезінде әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Винир Өтеев жастарға алда үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын айтып, сәттілік тіледі. Әскердегі азаматтардың ұлттық рухын, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, аз да болса психологиялық-моральдық кеңес беруді мақсат тұтқан тәжірибе барысында «Отбасым – тірегім», «Достық ізгілік алаңы» атты көптеген психологиялық тренинг сабақтар ұйымдастырылды. Сабақтар барысында сарбаздар белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салып, өнерлерін де көрсетіп, ұшқыр ойларымен ерекшеленді. Алғашында белгілі бір тәртіпке үйренген сарбаздармен жұмыс істеу аз да болса қиындық тудырғанын айтады студенттер. Бірақ болашақ психологтар жақсы қарым-қатынас орнатып, сабақтарды ауқымды әрі қызықты өткізуге тырысты. Сарбаздарды ұстамдылыққа, төзімділікке шақыру үшін түрлі кеңестер беріп, мәні терең түрлі тақырыптағы бейнеөнімдер көрсетіп, талқылады. Түрлі тақырыптағы психологиялық анкеталар, сауалнамалар, тесттер алу арқылы әр сарбаздың жеке қасиеттері, ерекшеліктері, қызығушылықтарын анықтады. Сарбаздар мен жеке сұхбаттар жүргізу арқылы психологиялық жеке кеңестер берілді. Нәтижесінде 1 ай көлемінде өткен машықтану аралығында сарбаздар өмірлеріне қажетті тұстарын ойға бекітіп, рухани күш-жігер алғандарын айтып, алғыстарын білдірді. Бөлімге келудің нәтижесінде Луиза Кукубаева мамандығына деген қызығушылығының одан әрі ашылғандығын айтты. Кең байтақ жері бар қазақ елі ең алдымен өзінің қорғанысына баса назар аударады. Сол қорғаныстың тұтастығын қамтамасыз ету – еліміздің қауіпсіздігін қорғау әрр азаматтың Отан алдындағы парызы. Ал сол ауызбіршілікті қадағалайтын қазақтың айбынды әскері. Студенттер сабақ барысында қатаң тәртіп пен жүйелі жаттығулардан тұратын әскери өмірдің тезіне түсудің оңай емес екендігін түсінді. Сондықтан әскердегі әр азаматтың жүрегі ерлікке, ерік-жігерге толы деп біледі. «Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті» деп Бауыржан Момышұлы атамыз өсиет еткендей, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жатқан әр қазақ жігіті тұғырлы елімізді аманатпен қорғайтынына, Отанға деген махаббаттарының биік екеніне сенімім мол.

Мөлдір ТӨРЕХАН,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенті,
Суретті түсірген Айдос ОҢҒАРОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*