Ауыр қылмыстар азайып келеді

АЛАКОЛ-3Полиция полковнигі Сабыржан КҮРЕНКЕЕВ:
Ауыр қылмыстар азайып келеді
Алматы облысына қарасты Алакөл ауданы атақты көлімен аты әлемге танымал мекен. Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасындағы көркі көз тартатын Алакөлдің емдік қасиеті аңызға бергісіз. Суы тұздылығымен ғана емес, құрамында йодтың көп болуының арқасында кеңес кезінде ғарыштан оралған ғарышкерлерді бірден Алакөлдің суына шомылдыратын болған. Мұнда кезінде ғарышкерлерге арналған денсаулықты қалпына келтіру орталығы салынған болатын. Одан арғы тарихты қозғасақ, Шыңғысхан да жаралы әскерін осы көл суымен сауықтырған деседі. Бүгінде Алакөлдің жағасында демалыс орындары көптеп салынуда. Жуырда жолымыз түсіп республикамыздың түкпір-түкпірінен келушілер ат басын тірейтін аудан тыныштығын қорғап жүрген Алакөл аудандық Ішкі істер бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, бөлім бастығы, полиция полковнигі Сабыржан Күренкеевпен әңгімелескен болатынбыз.
– Сабыржан Жексенбайұлы, сөз басында ауданның орналасу ерекшелігі, аймақтың қылмыстық ахуалы, жалпы ІІБ-нің тіршілігі жөнінде айтып өтсеңіз.
– Біздің аудандық Ішкі істер бөлімі көлемі 25 мың шаршы шақырымға жуық аумақтағы 56 елді мекеннің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға қызмет етеді. Аудан шекарасы Шығыс Қазақстан облысы және Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Ауданда қылмыс негізінен жаз айларында жиі тіркеледі. Қазір мұнда арнайы салынған пансионаттардан басқа жекеменшік демалыс орындары да көбейген. Қалай жаз басталады, солай біздің жұмыс та қыза түседі. Әсіресе, көлге жақын орналасқан ауылдарды ерекше бақылауға аламыз. Аудан арқылы өтетін Ақтоғай-Достық теміржол тарамының бойында Бескөл және Достық бекеттері орналасқан. Бұл аймақтар да ерекше бақылауды қажет етеді. Сонымен қатар, біздің аудан аумағынан республикалық маңыздағы Алматы-Өскемен және Алматы-Үшарал-Достық жолы өтеді. Өткен тоғыз айда аудан аумағында 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 адам қаза тапса, 58 адам дене жарақатын алды. 740 жол ережесін бұзған жүргізуші анықталса, оның ішінде 39 адам көлікті мас күйінде жүргізген. Аудандағы қылмыстық ахуалға тоқталсақ, тіркелген қылмыс саны төмендеп келеді. Керісінше, қылмысты ашу көрсеткіші артты. Мысалы өткен тоғыз айда аудан бойынша 331 қылмыс тіркелсе, қылмысты ашу пайызы 76,0 болды. Қылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар тәулік бойы өткізіледі десем, артық айтпаймын. Кешкі және түнгі уақыттарда елді мекендерде рейдтік шаралар өткізсек, демалыс күндері де алдын алу шаралары толастамайды. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында аудан көлемінде ауыр қылмысты азайттық. Мысалы өткен жылдың тоғыз айында 24 ауыр қылмыс тіркелсе, биыл 6 ауыр қылмыс тіркелді.
– Алакөлдің аумағы мал өсіруге қолайлы жер екен әрі облыс орталығынан бірталай қашықтықта АЛАКОЛ-1орналасыпты. Аудан аумағында мал ұрлығы да жиі тіркелетін шығар?
– Аудан облыс орталығы Талдықорған қаласынан 300 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, атақты Алакөл қорығы бар. Жыл басынан бері 44 мал ұрлығы тіркелді. Ең көп мал ұрлығы тіркелген ауыл – Көлбай ауылы. Мұнда 8 факті анықталды. Аудан орталығы – Үшаралда да бес мал ұрлығы тіркелді. Біздегі үлкен проблема – мал ұрлығының ашылу деңгейі төмен. Оның басты себебі – барлық жердегідей мал иелерінің дер кезінде хабар бермеуі. Қазір біз бар күшті осы мал ұрлығын дер кезінде ашуға салып жатырмыз. Әрине, полиция қызметкерлерінің тұрғындар алдындағы беделі қылмыстың дер кезінде ашылуына тікелей байланысты. Бірақ, мал иелерінің жайбарақаттығы бұл іске кәдімгідей қолбайлау болуда. Осыған орай, үнемі тұрғындар арасында насихат жұмысын жүргіземіз.
– Жергілікті мамандар болмаса алыстағы Алакөлге кадр да келе қоймайтын шығар. Сіздерде кадр тапшылығы деген проблема жоқ па?
– Біздің мамандар негізінен тұрғылықты жерден. Осы аудан тұрғындарының арасынан маман дайындау жұмысымен де үзбей айналысамыз, мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесу ұйымдастырып, тәртіп сақшысы болудың алғышарттарымен таныстырамыз. Бізде жлпы жеке құрам саны 125 болса, оның бесеуі ерікті жалдамалы. Бос орын – 9. Қызметкерлердің 95-інің жоғары білімі бар. Оның ішінде 17 қызметкер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарын бітірген. Кадр тапшылығы сондай сезілмесе де учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдердің жетіспеушілігі қиындық тудырады. Жаңағы тоғыз бос орынның ішінде бір бірден жедел уәкіл, учаскелік инспектор, патрульдік полиция тобының полицейі бар.
– Баспасөзде жарияланған ақпараттарға талдау жасап отырсақ, полиция қызметкерлерінің қылмыскерлердің қолынан қаза тапқаны немесе жарақат алғаны жайлы фактілер баршылық. Сонда қазіргі полицейлердің кәсіби шеберлігін дамытуға уақыттары жоқ па немесе жағдай жоқ па?
– Осы мәселе көптеген жылдар бойы бәрімізді толғандырып жүрген мәселе болатын. Бірақ, полиция қызметкерлерінің шымыр да шыныққан болуы, атыс қаруларын меңгеруге шебер болуы керек екенін уақыт өзі талап етіп отыр. Қазір бұрынғыдай жұдырықтасып төбелесіп, артынан жайбарақат тарқап кететін бұзақылар жоқ. Керісінше, бір-біріне қару ала жүгіреді. Тіпті, болмағанда пышақ сілтеседі. Бұл жағдай біздің назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Бұрын біздің қызметкерлерді атыс қаруларын меңгеруге машықтандыру үшін арнайы орын іздеп, әуре-сарсаңға түсетінбіз. Үстіміздегі жылы өзіміздің Ішкі істер бөлімінің аумағынан тир салдық. Бүгінде біздің қызметкерлер арнайы бекітілген жауынгерлік даярлық сабақтарынан басқа уақытта да тапаншадан ату шеберліктерін шыңдай алады. Полиция қызметкерлерінің қылмыскердің қолынан қаза табуынан гөрі жол-көлік оқиғаларынан қаза табуы көп. Көбінесе олар оқиға орнына асығып бара жатып немесе күдіктіні қуып келе жатып жол апатына ұшырайды. Бұл себептер негізінен біздің ауданда болмаса да қызмет бабында қаза тапқан полицейлер туралы ақпараттарды оқығанда республика көлемінде жиі кездесетіні анық.
– Үстіміздегі жылы «Біздің заманның қаһармандары» атты қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне тағзым ету күні екінші жыл аталып өтпекші. Сіз қызмет бабында қаза тапқан әріптестеріңіз жайлы не айтар едіңіз.
– Бұл бір игілікті шара болды. Әрине, біздің қызметтің қауіп пен қатердің өтіндегі қызмет екені даусыз. 2006 жылғы 20 мамырда Ақтүбек ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Алмас АЛАКОЛ-2Иманмәлікұлы Әлинов бұзақылардың қолынан қаза тапса, учаскелік полиция инспекторы Берік Серікұлы Оралбаев 2005 жылы 30 желтоқсанда арыз бойынша құқық бұзушыны ұстап алып келе жатқанда жол-көлік оқиғасынан қаза болды. Жол-көлік апатынан 2003 жылы учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Елтай Шәкенұлы Әубәкіров қаза тапса, 2004 жылы Көші-қон полициясы бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Асылбай Атанбайұлы Бибатыровты қызметтік міндетін орындау барысында мас жүргізуші қағып кетіп қаза болды. Біздің жеке құрам арасында қызмет бабында қаза болған қызметкерлерімізді еске алу шарасы жиі өткізіліп тұрады, қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз. Алмас Әлинов қаза тапқаннан кейін оның жары Айнаш Әлинованы ішкі істер органына қабылдауға ықпал етіп, қазір ол біздің аудандық Ішкі істер бөлімінде штаб инспекторы, полиция лейтенанты. Ал, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, 1997 жылы қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде кәсіби шеберлік қана емес қайсарлық та таныта білген әріптесіміз Ойрат Сәметұлы Ақтымбаевтың сол кездегі ерлігін біз әлі күнге дейін жеке құрамға үлгі етіп келеміз. Ол қазір бізде жол-патрульдік полициясында қызмет атқарады. Алакөл аудандық Ішкі істер бөлімінде болғанымызда көптеген игі істердің куәсі болдық. Шағын да болса аудандық ішкі істер бөлімінің өткен тарихынан сыр жеткізетін мұражайда бөлім қызметкерлерінің спорттық жетістіктерінің куәсі болатын жәдігерлерден басқа милиция қызметкерлерінің өткен ғасырда қолданған қарулары мен нысанды киім үлгілері қойылыпты. Бөлімдегі тағы бір жаңалық – жуырда кинолог-инспектор лауазымы енгізіліп, облыстық Ішкі істер департаментінен қызметтік ит беріліпті. Полиция сержанты Айдос Жақанбаев өзіне бекітіліп берілген «Верон» атты неміс овчаркасын сақшылардың сенімді серігіне айналдыру үшін тынбай еңбектенуде.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*