Ержанның ерлігі ешқашан ұмытылмайды

АХМЕТОВ (7)Алматы облыстық Ішкі істер департаменті «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкері, полиция капитаны Ержан Боранбайұлы Ахметов қырық жасын тойлауға аз ғана уақыт қалғанда 2013 жылдың 12 маусымы күні қарулы қарақшының қолынан қаза тапты.
Ержан ажал құшардан бір күн бұрын Қарасай ауданы Алатау ауылындағы саяжайлардың бірінде қарулы бұзақы тұрғындардың шақыртуы бойынша келген учаскелік инспекторға мылтық атып, мойнынан және арқасынан жаралап қашып кеткен болатын. Саяжайдағы бейбіт адамдарға төнген қауіптің алдын алу үшін сол кездегі облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаев дереу 25 ұтқыр топ құруға пәрмен берді. Тұрғындардың айтуынша, қолында мылтығы бар бұзақы көршісінің терезесіне оқ атып, үйдің ішіндегі адамдардың өміріне қауіп төндірген. Саяжайдағы 200 үйді шетінен сүзіп келе жатқан Ержанның тобы қараусыз қалған үйдің ауласынан өздері іздеп жүрген адамға ұқсайтын біреуді байқап қалады. Аулаға жақындап қалған полиция қызметкерлерін көрген күдікті де дереу иесіз қораға жасырынып үлгереді. Топтың алдында келе жатқан Ержан Ахметов бірінші болып ұстауға ұмтылғанда бұзақының оғы тура басына тиген. Ержан Ахметов Қаратал ауданының Кәлпе ауылында туып өскен. Әкесі Боранбайдың кіндігінен тараған он перзенттің сегізіншісі Ержанның бір ерекше қасиеті – досқа адал, қандай шаруаға араласпасын тиянақты еді. Оның полиция қызметкері болуына бойындағы бала кезден қалыптасқан батылдық пен спортқа деген сүйіспеншілік себеп болса керек. Ал, полиция қызметкері болу бір басқа да, оның ішінде нағыз жігерлі жігіттер топтасқан «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесіне өту үшін тиянақты дайындық пен шымырлық қажет екені белгілі. Небір қауіп-қатердің қақ ортасында жүретін арландықтардың өмірі қашанда мылтықтың аузында екенін жақсы білетін Ержанның таңдауы нағыз батыл жігіттерге тән осы қызметке түсіп еді. 2004 жылдан бастап Алматы облыстық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінде қызмет атқарған полиция капитаны Ержан Ахметовтің ұлы Азамат әкесінің ерлігін мақтан тұтады, оның атын шығаруды арман етеді. Ержанның жары Баян да қазір Алматы облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасында қызмет атқарады, полиция аға лейтенанты. Баянның арманы да асқар таудай азаматынан айырылса да ұлы Азаматты нағыз азамат етіп өсіру. Иә, «ат тұяғын тай басар» дегендей артында ізін жалғар ұлы барда, оның ерлігін естен шығармайтын әріптестері барда қапияда қаза тапқан полиция капитаны Ержан Боранбайұлы Ахметовтің аты өшпейді. Ержан Ахметов қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*