Теміржолдағы тосын оқиғалар азаймай тұр

На-железной-дороге-12014 жылдың 9 айы ішінде теміржол бойында 345 жарақаттану мен жазатайым оқиға тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 63-ке көбейген. Сондай-ақ, өткен жылы пойыздың қағып кетуі салдарынан 70 адам көз жұмса, биылғы жылы 63 адам мерт болған.
Көлік сақшылары қанша дабыл қаққанымен, өкінішке қарай, бақытсыздық жағдайлар азаймай отыр. Мұндай оқыс оқиғалардың көбі адамдардың өз өмірлері мен денсаулықтарына немқұрайлы қарап, ережелерді дұрыс сақтамағандықтарынан болып жатады. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді халқымыз. Расында маңдайдан жазылғаннан қашып құтылған пенде жоқ. Десе де «Сақтансаң сақтаймын», деген нақылды да бір сәт естен шығармағанымыз абзал. Мәселен, 2014 жылдың 26 наурызында Булаев стансасында болған сол бір оқиға әлі күнге дейін көпшіліктің есінде. Ата-анасы үкілеп өсірген С. есімді техникалық колледждің 3-курс студентін жүк пойызы қағып кетеді. Өкінішке қарай, аудандық ауруханаға жеткізілгенмен жарақаттың ауырлығынан дәрігерлер қанша тырысқанымен жас қызды ажал аузынан арашалап қала алмады. Ал, 2014 жылы мамыр айында, Алғабас-Аңқаты стансасында 45-50 жастағы Ф. есімді азамат абайсызда пойыздың астына түсіп мерт болды. Бұл оқиғалар да теміржол бойында жүріп-тұру ережелерін сақтамағаннан орын алған. Бар екпінімен жүйіткіп келе жатқан пойыз дабыл қаққышын іске қосып, тежегішті басып үлгергенмен төтенше жағдайдың алдын-алу мүмкін болмаған. Келесі бір теміржол бойындағы пойыздардың тежелуіне себеп болатын жәйт малдардың теміржол бойында жайылуы. Қараусыз қалған малдар теміржол өткелдерінен өтіп, пойыздың астына түсіп жатады. Соның салдарынан пойыздардың жүру кестесіне нұқсан келеді, бөгелген уақыт қыруар шығындарға әкеліп соқтырады. Қала берді мал иесі де материалдық жапа шегеді. Мәселен, биылғы жылы малға қатысты 241 факті тіркелген. 2014 жылы 29 тамыз күні Астана-Қырқыншы стансасында Петропавл-Алматы-2 бағытындағы пойызға «шұғыл тежеу» туралы ақпар келіп түскенімен машинст үлегере алмай жолдағы сиырды қағып кеткен. Салдарынана пойыз 14 минут стансада тоқтап тұрған. Пойыздардың бөгелуінің тағы бір себебі, теміржол бойындағы қауіпті аймақтарда балалардың ересектердің бақылауынсыз жүруі. 2013 жылы 29 наурызда кешкі сағат 19.35-те Ақтөбе стансасында теміржол бойында жүрген кәмелет жасына толмаған бір жасөспірім шұғыл тежеу нәтижесінде аман қалды. Өкінішке қарай, көлік нысандарында жарақаттанудың, шұғыл тежеудің алдын алудың негізгі және пәрменді механизмі ретінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 439-бабы 5-бөлігін (белгіленбеген жерлерде теміржол арқылы өту) қолдану арқылы әкімшілік жазаға тартуға болады. Бұл тек қауіптілігі жоғары аймақта бөтен адамдардың жүруіне болдырмауға ықпал етеді. Алайда, тиісті өту көпірлері мен төсемдері бар ірі стансалардың перрондарында ғана аталған бапты қолдану мүмкін екенін атап өту қажет. Қалған барлық теміржол төсемінің бойында өткелдер, ескерту белгілері мен дабыл қаққыштар жоқ. Тиісті өткелдердің, ескерту белгілерінің болмауы ең алдымен, азаматтардың өміріне қауіп төндіретін жағадайларға жол береді. Балалардың қауіптілігі жоғары аймақта жүруінің алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде жасөспірімдердің ата-аналары аталған секторда қандай да бір ескерту белгілерінің, төсемдердің, өткелдердің немесе қоршаулардың жоқ екенін айтады. Кейде теміржол бойына бөгде заттарды қойып кету ойын балаларының қолымен жасалады. Биыл мұндай оқиғалар 10 фактіге өскен. Мәселен, 2013 мамыр айында Астана-Жезқазған бағытындағы жүк пойызы Оксакаров стансасына жеткенде жол бойындағы бөгде заттың кесірінен пойызды шұғыл тежеуге мәжбүр болған.
Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Өтетілеуовтың айтуынша, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нұқсан келтіретін оқиғалардың алдын алу мақсатында Көліктегі ішкі істер департаменті ұдайы профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеді. Айтылған келеңсіздіктердің салдарын жою үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері мектеп оқушыларына, еңбек ұжымдарына, ата-аналар мен мұғалімдерге, колледж студенттеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, акциялар, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. «Тек қана акциялар мен рейдтік іс-шаралар арқылы төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғалардың себептерімен күресу мүмкін емес. Сондықтан, бұған баршамыз болып күрескенде ғана орын алған мәселелердің күрмеуін шеше алмақпыз», – дейді Талғат Жүкенұлы. Демек, әрбір азамат өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнамалар мен ережелерді қаперлерінде ұстап, олардың орындалуына өз үлестерін қосуы керек-ақ.

Білімбек ТАБЫСҚЫЗЫ, Көліктегі ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*