Ерлікке тағзым – елдікті ұлықтау

_MG_0329ІІМ-нің ақпараттық тобы болған соңғы аудан – тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған киелі топырақ Түлкібас елді мекені. ІІМ ақпараттық-насихат тобының мүшелері ең алдымен Түлкібас ауданының кіреберісіндегі Жастар аллеясында орнатылған Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тұғыры биік тұлғаға тағзым етті. Аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында өткен кездесуге ансамбль мүшелері Алматы қаласында қызмет бабында қаза болған полиция қызметкері Мақсат Дабыловтың анасы Хадиша апайды арнайы шақырып, құрмет көрсетті. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын Алматы қалалық ІІД-нің Патрульдік полиция полкінде қызмет еткен полиция аға сержанттары Мақсат Дабылов пен Ғалымжан Әбдіров қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапқан болатын. «Боран-70» автоэкипажына жасалған қарақшылық шабуыл естіген елдің жағасын ұстатқан еді. Қанды қарашада кеуде тұсынан үш оқ тиген Мақсат Дабылов сол жерде көз жұмып, екі жерінен жараланған Ғалымжан Әбдіров жедел көмек көрсету кезінде қаза болған еді. Патрульдік полктегі қызмет барысында бірнеше ауыр қылмыстардың бетін ашып, спортта да алдыңғы қатардан көрініп жүрген Мақсат небәрі 33 жасында қыршын кетсе, артында екі қызы боздап қалған Ғалымжан екі жылдан кейін қырықтың қырқасына шығар еді. Салтанатты жиын барысында ансамбльдің әншілері – полиция қызметкерлері Теміржан Мұсаев пен Арынғазы Жұматаев өздерімен бірге қызмет еткен жолдастары әрі әріптестері Мақсаттың анасы Хадиша апайға арнайы сыйлықтарын табыс етті. Үлкен ұлымен бірге қызмет еткен жігіттердің жырын тыңдап, құрметтерін сезінген ана көз жасына ерік берді. Ұлына деген сағынышын, артынан аңырап қалған үш бірдей шиеттей баласы мен жарының жүректерінде қалған назын Ананың сол сәттегі тебіренсінен-ақ сезінуге болар еді. Концерт біткенде Хадиша апай: «Маған марапат та, сыйлық та қажет емес. Маған сіздердің осылай баламның есімін ұмытпай еске алып, еңбегін бағалағандарыңыз да жетеді», – деді жылап тұрып. Жалпы «Мәңгілік ел» идеясымен айшықталған Жолдауды Оңтүстік өңір жұртына насихаттау барысында ІІМ-нің ақпараттық тобы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған бірқатар сақшылар отбасы мүшелеріне арнайы сыйлықтар табыс етіп, халық алдында құрмет жасады. Әр кездесудің басында әр елді мекенде қызмет атқарған, алайда, өкінішке орай, бүгінде ортамызда жоқ тәртіп сақшыларының есімдері аталып, ерліктері ұлықталды. Мәселен, Шымкент қаласында өткен салтанатты жиынға Александр Латовтың жары Татьяна Латова, Қалмұрат Онғарбаевтың жесірі Хайрниса Онғарбаева, Давранбек Жұмабаевтың жары Гулчахра Жұмабаева, Нұраш Байтіленовтің жары Гүлжамила Сәуленбаева, Марат Бердалиевтің жесірі Роза Бердалиева арнайы шақырылса, Тайыр Шералиевтің әкесі Нақыпжан Беркінбаевқа, Тимур Дөненовтің жары мен қызы Гүлшахра мен Әйгерімге, Төле би ауданының тумасы Данияр Егізбаевтың ағасы Мұрат Егізбаевқа, киелі Қазығұртта Атымтай Ахметовтің жесірі Гүлмира Ахметоваға, Сарыағаш ауданында Бағдаулет Елшінбековтің жесірі Базаркүл Ахметоваға, Мақтаралда Нариман Абрахмановтың жесірі Ольга Абдрахмановаға, Шардара елді мекенінде Әскер Жардембаевтың жары Гауһар Жанкесейова мен Федор Лачугиннің жесірі Валентина Лачугинаға және т.б. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың атынан сыйлықтар табыс етілді. Айта кету керек, тек тәуелсіздік жылдары қызметтік міндеттерін орындау кезінде 725 полиция қызметкері қаза тапқан болса, оның 22-сі оңтүстікқазақстандықтар. Әрине, ерлердің есімі елеусіз қалған жоқ. Мемлекет опат болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлігін жоғары бағалады. Қазіргі таңда 916 ішкі істер органдарының қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болса, өкінішке орай, олардың 94-і бұл наградаларға қайтыс болғаннан кейін ұсынылған.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*