ЖЕЗӨКШЕ ТЕҢІҢ БЕ ЕДІ, ЖЕДЕЛ УӘКІЛ?

aee44fc32e47f07b5fe3050745ad94ac_XLҚара басайын десе қап-қараңғы түн емес, күндіздің өзінде екі аяғы салбырап төбеңізден топ ете түседі екен. Бұл енді анау-мынау емес, ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының дап-дардай жедел уәкілінің жасайтын тірлігі ме еді?..
М.Т. жұмыс бөлмесінде отыр еді, бір кісі бақылау-өткізу бекетінен телефон шалып, тығыз шаруасы бар екенін айтты. Жедел уәкіл өтініш иесін бөлмесіне кіргізіп алды.
– «Самал-1» шағын ауданындағы сауналардың бірінің әкімшісі жеңгетайлықпен айналысады. Соның сорақы тірлігін әшкерелеуіңіз керек,- деді өтініш иесі А.А.
Жедел уәкіл жедел ашатын қылмыс іздеп жүдеп отыр еді. Мынау енді «іздегенге сұраған» болды. Уақыт – зымыран. Кешіктіре берсе бастағалы отырған тірліктің күйі кетеді.
– Осы істі әшкерелеуге өзіңіз ат салыссаңыз қайтеді?- деді жедел уәкіл шағымданушыға.
– Қалайша?
– Сол саунаға клиент болып барасыз.
– Сонда?
– Енді жігіт емессің бе, қыз сұрайсың.
– Мынау бір қатып кеткен іс болды ғой.
– Онда іске кірісейік. Мына сегіз мың теңгені алыңыз да, саунаға қойып кетіңіз. Қасыңызға тағы бір жігіт қосамын. Ол куәгер болады.
– Біреуден екеу жақсы деген. Қатып кетті.
А. бөгелген жоқ. Қасындағы жігіт те жалаңдаған біреу екен. Саунада Г. деген жезөкшеге көзі түсті. Келісті. Қолына сегіз мың теңге ұстатты. Г. сегіз мың теңгені сауна әкімшісіне өткізді. Жалпы, жезөкшелер табысының 25 пайызын сауна әкімшісіне беріп тұруға міндетті еді.
Осы кезде саунаға М.Т. кіріп келді. Кіріп келді де сауна әкімшісіне «рейдтік іс-шара өткізіп жүрген басқарма өкілімін» деп куәлігін көрсетті. Сол екі ортада бейнетүсірілім де жасап үлгерді. Түнгі көбелектен алты мың теңге табылды. Бейнетүсірілім кезінде М. деген тағы бір жезөкше камераға түсіп қалды.
– Мына жазбалар телеарналардан көрсетіледі,- деп сес көрсетті жедел уәкіл.
Енді қанша жерден жезөкше болғанмен, онда да ұялу, қымсыну сезімдері бар. Ертең телеарналардан бадырайтып мұны саунадағы жалаңаш күйінде теледидардан көрсетіп жатса, ел бетіне қалай қарайды. Оның да туған-туыстары, бауырлары, таныстары бар. Осыны ойлағанда М.-ның мазасы қашты. Сосын жедел уәкілге жата жабысты. «Түсірілімді телеарналдардан көрсете көрмеңіз» деп жалынды. Егер бұл іс теңгемен шешілетін болса, қанша сұраса да беретінін емеурінмен жеткізді.
«Теңге беремін» дегенді естігенді жедел уәкіл елп ете қалды. Ол ойланып жатпастан шешімді бір-ақ кесті.
– Жүз жиырма мың теңге берсең, теледидардардан түрін көрінбейтін болады,- деді жедел уәкіл.
Саунадағы сауыққой сұлудың ұсынған теңгесін М.Т. қолма-қол алудан қорықты. Сөйтіп, оған танысын жұмсады. 120 мың теңгені қалтаға басқан соң жедел уәкіл мен жезөкше арасындағы байланыс бітті деп осы материалға нүкте қоя салуымызға болатын еді. Бірақ, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының уәкілі енді иіні жұмсақтау Г.-ні бопсалап көрмек болды. Оны оңай тапты. Алдады, арбады, сосын қорқытып, үркітті.
– 1000 АҚШ долларын берсең, саған қозғалған қылмыстық істі қысқартамын,- деп қоқиланды. Желіппе қыз күрсінді. «Мұндай қаржыны қайдан табамын» деп уайымдады. Ақырында келіскен сыңай танытты.
Бірақ, ол саунадан шығысымен сандалмай, доллар іздеуге емес, долданып қаржы полициясына қарай бет түзеді. Қаржы полициясының қызметкерлері арнайы ұнтақ жағылған 180 мың теңгені Г.-нің қолына ұстатты. Сонымен бірге, оны арнайы техникалық құралдармен жасақтады. Сөйтіп, жедел уәкілмен кездесуге жөнелтті.
Жедел уәкіл бұл кезде аздап сақтық шараларын меңгеріп те қалған еді. Ол кездесуге әу бастығы шағымданушы А.А.-ны бірге ертіп келді. Сауысқаннан сақ жедел уәкіл Г. әкелген теңгені А. арқылы алғысы келді. Міне, осы кезде қаржы полициясының қызметкерлері сау ете қалды. Оқиға орынында арнайы ұнтақ жағылған 180 мың теңге тәркіленді. «Қулығыма құрық бойламайды» деп өзіне өзі сенген М.Т.-ның қолына кісен салынғанда ол не істеп қойғанын сонда барып түсініп, өкініштен бармағын тістеледі. Тексеру барысында жедел уәкілдің міндетіне рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде түсірілген бейне жазбаларды телеарналарда жариялау немесе жариялауға шешім қабылдау құзіретіне кірмейтіні белгілі болды. Сонымен бірге, оның қарауында жезөкшелерге қатысты қылмыстық іс болмаған. Демек, оған осы іс бойынша оң шешім қабылдауға ықпал етерлік мүмкіншілік берілмеген. Жедел уәкілдің ісі Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Судья М.Әбдірәсілов сотталушы М.Т.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 24 бабы 3 бөлігі, 177 бабы 3 бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп тауып, оны 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтейтін болды. Жедел уәкілдің банктегі жеке есеп шотындағы 395 мың теңгесі тәркіленді. Судья оны капитан шенінен айырды. Сонымен бірге, ол бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесінде қызмет ету құқығынан шеттетілді.
Қайран қазекем айтса, өлтіріп айтады. «Тек жүрген тоқ жүреді» деген нақылда үлкен ақыл бар. Жедел уәкіл екенсің, жезөкшеде нең бар? Айналада ұйымдасқан қылмыс аз ба? Қолыңды қараға былғағанша, толып жатқан былықтың біреуін ашсаң бар ғой, бүгінде алшаң басып жүрмес пе едің?
Тағы да атам қазаққа жүгінелік. «Ұры иттен сұқ ит жаман» демейтін бе еді?..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*