Әйелдерді азаптауға жол берілмейді

DSC_0749Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында тұрмыстық қылмыстардың алдын алу және әйелдердің заңды мүдделерін, құқығын қорғау нақты прогреске жетті. 1999 жылы ішкі істер органдарының құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде бөліністер ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша бұл салаға қатысты бөліністерде 133 қызметкер жұмыс атқарады. Ал Қазақстан кеңес заманынан кейінгі аралықта осындай бөлініс құрған жалғыз мемлекет.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ ӘПК ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмысын ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Роза Бекішева осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қызметтің негізгі міндеттері конституциялық құқықтарын, бостандықтарын және әйелдердің заңды мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесу және ескерту мәселелерін ішкі істер органдары бөліністеріндегі қызметін үйлестіру, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлеріне, формаларына және әдістеріне, сондай-ақ, оларды жасауға ықпал ететін себептері мен шарттарына сараптамалық зерттеулер жүргізу. «Бұл міндеттерді іске асыру үшін Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясаты жөніндегі ұлттық комиссияларымен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз қарым-қатынас жасайды», – деді Роза Мұхамедярқызы өз сөзінде. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге көмек көрсету мақсатында бөлініс қызметкерлерінің дағдарыс орталықтарымен жұмысы дұрыс жолға қойылған. Қазіргі уақытта мемлекетте 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге көмек көрсетеді. Өткен жылы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлініске 12 мыңнан астам әйел шағымданған екен. Олардың мыңнан астамы дағдарыс орталықтарына жіберіліп, оларға заң, психологиялық тұрғыдан көмектер көрсетілген. Роза Бекішева ішкі істер органдарының бөліністерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге көмек көрсету үшін 54-тен астам сенім телефоны жұмыс істейтінін, қазіргі таңда 4 мыңнан астам қоңырау түскенін және сол бойынша тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді. Рас, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда ІІМ бірқатар шара атқарды. Мәселен, «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Сіздің қорғануға құқығыңыз», «Отбасында зорлық-зомбылықты тоқтатамыз», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Зорлық-зомбылықсыз үй» акциялары әйелдердің құқықтарының тапталуының алдын алып, зор ықпал еткені анық. «Кәсіпорындар мен ұйымдарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша заңнаманың жаңа нормаларын түсіндіру бойынша 3 мыңнан астам баяндама жасалып, 5 мыңнан астам дөңгелек үстел және тренингтер өткізілді», – деді Р.Бекішева. Статистика көрсеткендей, 2005 жылдан бастап елімізде тұрмыстық саладағы қылмыстар деңгейі төмендеуде. Ал жаңадан қабылданған заң ішкі істер органдарына отбасындағы келісе алмаушылықтың бастапқы кезеңдерінде-ақ алдын алу жұмысын жүргізуге жазбаша өкім арқылы мүмкіндік береді.
Жазбаша өкім, бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға қолданылатын шара. Оның негізгі мақсаты – жәбірленушіге дене зардаптары немесе психологиялық азап келтіру қаупі туындаған кезден ізін суытпай қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қорғаныс туралы жазбаша өкімі шығарылғаннан кейін жәбір көрсетушіге тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, ауызша және телефондық сөйлесулерге, өзге де байланысқа түсуге 30 тәулік ішінде тыйым салынады. Бұл тыйымдарға жәбірленуші қалауынша толық көлемде немесе әр тымды таңдау арқылы бөлек жазылуына мүмкіндігі бар. Жәбірленушінің арызы бойынша қорғаныс туралы жазбаша өкімнің мерзімін отыз тәулікке дейін ұзартуға болады. Жәбір көрсетушіге қорғаныс туралы жазбаша өкімді бұзғаны үшін заңнамамен көзделген айлық көрсеткіштің беске дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады (ӘҚБтК 355-1-бап). Қазіргі уақытта мемлекеттің заңнамасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының жеткілікті тізбесі бар.

Ғани АТЫМТАЙ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*