Қуаныш ән салғанда әуелетіп…

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Әрине, бұдан жігіттердің көп қырлы болып өсуін аңсайтынын, армандайтынын аңғарамыз. Жан-жақты болып өскен жан өмірде лайықты орынын алады. Мұндай жігіттерді қазекем «сегіз қырлы, бір сырлы» деп мақтайды. Міне, осындай азаматтардың бірі ОҚО Төлеби аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон полиция тобының қызметкері, полиция капитаны Қуаныш Түймебеков. Ол домбырада ән шырқап, терме айтады. Ән салады. Тіпті, күреске де қатысады. Қуаныш Ыбырайұлының өнердегі қол жеткізген табыстарын санамалап шықсақ, төмендегідей өріледі.
2004 жылы Отан қорғаушылар күні мерекесі аясында күштік құрам арасында «Лира» атты эстрадалық ән орындаушылардың байқауы өтті. Міне, осы байқауда Қуаныш үшінші орынды иемденді. 2006 жылдың ақпан айында ОҚО ІІД қызметкерлері арасында өткен «Термеші-жыршылар» байқауында Бас жүлдені иемденді. 2008 жылы ОҚО ІІД қызметкерлері арасында «Біздерде де ақын бар» атты байқау өтті. Осы байқауға қатысқан Қуаныш тағы да Бас жүлдемен оралды. Ал, 2012 жылы Астана қаласында ҚР ІІМ құрылымдары арасында өткен патриоттық ән орындаушылар байқауында бірінші орынды талассыз жеңіп алды. Бұл – Қуаныштың өнердегі табыстары. Енді оның екінші қырына тоқталсақ. 2010 жылы ОҚО ІІД қызметкерлері арасында «Қыз Жібек пен Төлеген» атты байқау өтті. Төлегеннің образын әр қырынан жан-жақты аша білген кейіпкеріміз бірінші орынды қанжығасына бөктеріп қайтты. 2006 жылы қыркүйек айында «Сайыпқыран сақшы» атты байқау өтті. Өзінің жан-жақты екенін таныта білген Қуаныш мұнда да Бас жүлдені ешкімге ілдірмей өзі иемденді. Ал, 2011 жылы Астана қаласында ҚР ІІМ құрамдары арасында өткен «Парасатты полицей» байқауында оңтүстікқазақстандықтардың намысын команда капитаны ретінде қорғады. Олар командалық есепте екінші орынға ие болды. 2005 жылдың тамыз айында ОҚО ІІД қызметкерлері арасында Макаров тапаншасымен ату сайысында он оқтан 93 ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды. 2009 жылы Макаров тапаншасынан ату сайысында бес оқтан 38 ұпай жинап, үшінші орынды місе тұтты. 2011 жылы ОҚО ІІД қызметкерлері арасында самбо күресінен жарыс өтті. 62 келі салмақ дәрежесінде Қуаныш күреске де қатысып, екінші орынға табан тіреді. Біздің кейіпкеріміз шыбық қадасаң зәулім ағаш өсетін топырағы құңарлы Төлеби ауданының тумасы. Осындағы Бірінші Мамыр ауылында орта мектепті үздік аттестатпен бітірген ол Б.Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжіне қабылданды. Колледжді қызыл дипломмен бітіріп шыққан ол аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызметін бастады. Қазір көші-қон полициясы тобының инспекторы. Төлеби ІІБ КҚПТ қызметкерлері 2014 жылдың алты айында аудан аумағында заңсыз келуші тұлғаларды анықтау, шетелдіктерге бақылауды күшейту, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, сонымен қатар, еліміздегі құқық тәртібін қамтамасыз ету, азаматтарды құжаттандыру мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылғаны байқалады. Атап айтқанда, тиісті мерзімде аудан аумағына түрлі мақсаттармен келген 1981 шетел азаматы уақытша тіркеліпті. Оның ішінде 49 шетел азаматы мен оралмандар тұрғылықты тұруға қалдырылған. 1123 шетел азаматы қонаққа, туристік сапарға келген. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 8 ақпандағы №76 бұйрығымен бекітілген «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және қайтарып алу, сондай-ақ еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, олардың дактилоскопиялық, фотоесептерін қалыптастыру және жүргізу қағидасы» негізінде аудан көлеміне жұмыс істеу мақсатында келген 809 шетел азаматының өтініштері қабылданып, іс құжаттары рәсімделген. Олардан аудан бюджетіне 5 133 744 теңге өндірілген. Топ қызметкерлері 166 азаматқа әкімшілік шара қарастырыпты. 6 азаматқа ескерту жасалынған. 91 азаматқа 1 666 800 теңге айыппұл салынып, толығымен өндіріліпті. 69 шетел азаматына қатысты әкімшілік іс құжаттар аудандық сотқа жолданған. Келуі күмәнді 14 шетел азаматы республика аумағынан аластатылған.
Міне, бұл сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың қызмет барысында қол жеткізген табыстары. Бүгінде облыстық департаменттегілер Қуаныш Ыбырайұлын «сегіз қырлы, бір сырлы сақшы» деп атайды. Әлдеқандай байқау болатын болса Қуанышты іздейді. Ал, іздеушісі бар азамат, өмірде өз орыны бар азамат қашан да бақытты.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*