Намысты жанып, рухты шыңдап…

DSC_3076ІІМ-нің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ел Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қолға алған игі бастамаларының бірі – «Біз мәңгілік ел боламыз!» атты патриоттық әндерді орындаудың өңірлік байқауы Павлодар қаласында жалғасты. Тамыздың 20-21 күндері ұйымдастырылған өнер додасына Астана, Жезқазған қалалары мен Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары ІІД, ҚАЖД, МКҚБ-нен 100-ден астам тәртіп сақшысы қатысып, бақтарын сынады.
Сөз басында айта кетейік, дәл осындай өңірлік байқау ағымдағы жылдың 4-5 маусым күндері Орал қаласында өтіп, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының сақшылары өзара мықтыларды анықтаған еді. Бірінші бәйгеде бас жүлдені батысқазақстандық «Орал таңы» вокалдық-инструменталдық ансамблі қанжығаларына байлағанын да бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Патриоттық ән байқауы әнұранмен басталды әрине. Ән сайысының шымылдығын ашқан Павлодар облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Назымбек Жүнісов жеке құрамға жаңа серпін сыйлаған байқауға қатысушылар сәттілік тілеп, өнерлінің жеңіске жетуіне ниеттестік білдірді. Байқауды ұйымдастыруға біркісідей атсалысқан, сондай-ақ, белсенділік танытып, қолдау білдірген барлық полиция қызметкерлеріне алғысын білдірген ІІМ Кадр жұмысы департаментінің тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Болат Қаженов мұндай игілікті істің маңыздылығына тоқталып өтті. «Өздеріңіз білесіздер, Кереку елі ән мен жырға, таланттар мен дарындарға өте бай өңір. Бұл жердің қасиетті топырағынан аты әйгілі ақын, сазгер, әнші ұл-қыз түлеп ұшқан, өнерде өзіндік өрнегі бар, ерекше дәстүрі қалыптасқан. Бұл байқауды дәл осы аймақта өткізуіміздің бір себебі де осы. Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында патриоттық әндерді орындау сайысын өткізу идеясы арқылы біз қызметкерлердің мәдени және рухани деңгейін көтеруді көздедік. Сондай-ақ, сақшылардың ұлттық құндылыққа, өнерге деген ынтасын арттырып, қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру да қалтарыста қалған жоқ.
Бұл ән байқауының қазақстандық полиция өмірінде жарқын әрі ұмытылмас оқиғаға айналарына, жеке құрамды патриоттыққа тәрбиелеуде лайықты орын аларына сенім мол», – деді Болат Қойшыбекұлы.
«Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм». Батыр Бауыржанның көк дәптерінде жазылған бұл сөздердің құндылығы әлі де жойылған жоқ. Жалған намысты желеу етіп, жалаң ұранмен ұзаққа ұзамасымыз ұғыныңқы жайт. Ал, патриоттық ән дегеннің бәрі пафосты әуен, алаулаған, жалаулаған саз бен сөз емес екені тағы түсінікті. Мұндай әнді орындау үшін ең бірінші жүрек керек, дауыс, тыныс, диапазон мен әнді орындау шеберлігіне қойылар талап-міндеттер екінші кезектегі қажеттілік. Еліміздің басты заңы – Конституция күні қарсаңында ұйымдастырылған мұндай дода полиция қызметкерлерінің өнерлі бейнесін көрсетіп қана қоймайды, қиын да қауіпті қызметіне қуат береді, отансүйгіштік сезіміне от қосады. Елі мен жері, туған тауы мен тасына, өзен-көліне деген перзенттік сезімін арттыруға сеп болады. Бұл байқаудың көздеген басты мақсаты туралы атқанда ойға еріксіз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың музыканы адамзатты ізгілікке тәрбиелейтін және қиратқыш деп екіге бөлгені оралады. Естеріңізде болса, Алматыда өткен «Сағындырған әндер-ай» кешінде Мұхтар Шаханов: «Бүгінгі жаһандану кезеңінде қиратқыш музыка алға шықты» деген еді. Сондықтан ұлтты ұйыстырып, бірлікке шақырар, ерлік пен өрлікке үндеп, батырлықты, елдікті биік ұстайтын, жігерлендіретін мұндай сайыстардың маңыздылығы айдан анық. Патриоттық әндерге биік талғам керек болса, рухты туындыларды орындау шеберлігін таразылау да талап-деңгейді қажет етеді. Сазын тыңдап, сөзін түсініп, орындаушының дауысы мен шеберлігін, сахнада өз-өзін ұстауы мен киіміне дейін сүзгіден өткізген қазылар алқасының құрамында бұл жолы ІІМ Кадр жұмысы департаментінің бөлім бастығы, полиция полковнигі Болат Қаженов, И.Байзақов атындағы филармония директорының орынбасары Раушан Ерасылова, Павлодар облысы Білім басқармасының бас маманы Ернұр Дауенов пен ІІМ Мәдениет орталығының басшысы Анзор Гиорбелидзе болды. Екі айналымнан тұрған өнер сайысында Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің вокалдық тобы бас жүлдеге ие болса, 1-орынның тұғырынан Қарағанды облыстық ІІД-нің қызметкері, полиция аға сержанты Меруерт Тойбекова көрінді. Меруерт шырқаған терме залға жиналған жұрттың жүрегін бұлқындырып-ақ жіберді. Орындау шеберлігінде шек болмаған жүлдегердің талғам биіктігі жарасымды сырт келбетінен де анық аңғарылған еді. Ал, 2-орын Павлодар облыстық ІІД-нің қызметкері, полиция старшинасы Кенжалы Аралбаевқа бұйырды. 3-орынға екі бірдей өнерлі сақшы тұрақтады. Олардың екеуі де Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған полиция қызметкерлері, бірі – Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі, полиция старшинасы Қуашбек Қабытаев болса, екіншісі Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері, қатардағы полицей Ануар Мыңғатов. Осы тұста Ануардың орындауында халық ұйып тыңдаған «Аманат» әні жайлы айта кеткен жөн болар. Шындап келгенде, қатардағы сақшының сахнада абыройын асқақтатқан да осы ән. Ықылас Олжайдың сөзіне жазылып, Ибрагим Ескендірдің орындауымен жұрттың жүрегіне жол тапқан «Аманат» әні бұл байқауда екі рет шырқалды. Сөзі салмақты, рухы мол бұл әнді таңдаудың өзіне жүректілік керек. Бұлай деу себебіміз, «аспан тектес азаттықтың жолында» жанын қиған арда қазақтың жүріп өткен қилы жолын:
Тұяғы тозған тұлпардың,
Қанаты талған сұңқардың.
Атадан қалған киелі бұл жер,
DSC_2755Аманат бізге аманат, – деген төрт жолға сыйдырған туындыға жүрекпен қатар, зор дауыс, кең тыныс қажет.
Отан, ел, жер, туған өлке туралы әндердің ортасында шырқалған «Желтоқсан желі» әні жиналғандарға ерекше әсер етті. Қазақтың қара домбырасымен орындалған ән кезінде ызғарлы 86-ның жантүршіктірер көріністерін көз алдыңа алып келер бейнебаян көрсетілді. Жалпы Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған ән санаулы. Қостанайлық полиция қызметкері Е.Сейтмахамбет әуелете шырқаған бұл ән елдік пен ерліктің шежіресін ғана емес, егеменді ел болуымыздың бастамасы ретінде құнды екені даусыз. Сол себепті де жүлдеге ие болмаса да байқауда орындалған әндердің төресі деуге толық негіз бар. Ел мен жерді қадірлеуге тәрбиелейтін тағы бір туынды – «Мекенім – Қазақстан» әні де байқауда бірнеше рет орындалды. Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстық ІІД-нің ансамблі шырқаған бұл ән жеңіл ырғағымен, ырғақты сазымен тартымды. Әнші Бүркіт пен Айшаның орындауында танылған «Мекенім –Қазақстан» әсірсе ел тірегі елжанды ұрпақ қосыла айтып жүрген туынды екенін де айта кеткен жөн. Енді ән байқауында бас қала мен бес өңірден келген өнерлі сақшылардан озық шығып, бас жүлдеге ие болған Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің вокалдық тобы жөнінде бірер сөз. Кереку жерінде өткен байқау қорытындысы бойынша Гран-приге ие болған топтың жетекшісі – Дидар Малаев. Құрамында: облыстық ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев, ІІД ӘПБ-нің аға инспекторы, полиция майоры Сағат Нұрмолдин, ІІД Жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы, полиция аға лейтенанты Дәулет Ғабдуллин, ІІД атты взвод полицейі, полиция сержанты Рауан Бимақанов, Петропавл қалалық ІІБ кезекші бөлімінің қызметкері, полиция сержанты Ержан Дәулетов пен қалалық ІІБ атты взводының полицейі, полиция старшинасы Мейрам Баймұханов өнер көрсеткен топтың бағы «Қазақ полициясымен» жанды. Бауыржан Исаевтың орындауында үлкен сахналарда шырқалып жүрген бұл туындының сөзін Мақсат Айтжанов, ал әнін Арман Дүйсенов жазған. «Бойына бабалардың байсалдығын сіңіріп», «жасаған ерлігі болашаққа жол ашқан» қазақ полициясының өрлігін жырлаған әнді вокалдық топ жігіттері нысандық формада тік тұрып, сап құрып тұрып орындады. Сахнада сәні мен салтанаты жарасқан полиция қызметкерлерінің әнді жүрекпен орындағандарына ешкімнің күмәні жоқ. Ал, жүрекпен айтылған ән қашанда жүрекке жетері сөзсіз. Топты бас бәйгеге жетелеген екінші туынды қызмет бабында қаза болған полиция қызметкерлеріне арналып жазылған. Әннің авторы – Жамбыл облыстық ІІД Қордай аудандық ІІБ қызметкері, полиция каптаны Өркен Рахымжанов. Өмір мен өлім таласқа түскен сын сәтте де Анттарына адалдық танытқан Қазақстан полициясы жігіттерінің биік болмысын көз алдыңа әкелер ән орындалғанда залда жиналған жұрт орындарынан тұрып, соңғы сазына дейін сілтідей тынып тыңдады. Ал, ән аяқталғанда вокалдық топ әншілері тізелерін бүгіп, бейбіт күндегі батырларға тағзым жасағанда тамыры бүлк етпеген жан қалмаған болар. Жалпы бұл байқау барысында санаңды селт еткізер отты жырлар аз болған жоқ. Бұл жерде сөзі мен әні үйлесіп, талайдан бері жанымызда жатталып қалған Қадыр Мырза Әлі сөзін, Нұрғиса Тілендиев әнін жазған «Өз елім», Ескендір Хасанғалиевтің орындауында қазақ жүрегінің жырына айналған «Атамекен», мұзбалақ Мұғағалидың «Атамекені» мен «Саржайлауын», Бекболат Тілеуханның дауысы естілгенде елең ете қалатын «Елім менің», таза Алтайдың мақамында жазылған «Көк тудың желбірегені», Батырхан Шүкеновтің жұлдызын жарқырата түскен «Отан-Ана» секілді елдің ыстық ықыласына бөленген, барлық қазақ жатқа айтатын әндерге тоқталудың өзі артықтық болар. Айтпағымыз – патриоттық ән додасында орындалған авторлық әндер жайлы. Осындай әндердің бірі – Қарағанды облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанатай Сембеков пен ансамбль қосыла орындаған «Айбынды сақшылар». Бұл әннің тарихы мен жүлделері жайлы біз бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Қарағандылық полиция қызметкерлерінің маршына айналып үлгерген әннің авторы Бақытжан Құдияров та бұл саладан алыста жүрген жан емес.
Басымыздан таймаса бақ шынары,
Ел үшін жаны даяр тапсырары.
Дара шыңның биігін тұғыр етсін
Алашымның айбынды сақшылары!
Бұл той-томалақта айтылатын ән емес. Тәртіп пен талабы сақталған сахнада орындалатын туынды. Оны айту үшін дауыс та, орындау шеберлігі де, биік рух та керек. Ал мұның барлығын біз Керекудей киелі жердің төрінен көрдік, естідік. Авторлық деп жарияланған басқа әндерден ерекшелігі «Айбынды сақшыларда» ұйқас қуып, үйлесім іздеп кетпеген. Жігер бар, жалынды. Сахна төрінде сан ғасырлық тарихымызды, музыкалық рухани байлығымызды ел аузында жүрген, талай ұрпақтың жүрегінде жатталып қалған рухты әндер орындаған сақшылар арасынан І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломанттар да анықталды. Атап айтқанда, І дәрежелі дипломмен керекулік тәртіп сақшысы, полиция капитан Қарлығаш Ташимова, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД қызметкері, әділет кіші сержанты Мақсат Серікханов пен Астана қалалық ІІД намысын қолдан бермеген полиция аға лейтенанты Әсел Күзбақова марапатталды. Ал, ІІ дәрежелі дипломант ретінде Шығыс Қазақстан облыстық ІІД-нің ансамблі, Ақмола облыстық ІІД-нің вокалдық тобы мен қазақтың киелі қара домбырасымен халық әнін әуелеткен Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД қызметкері, әділет майоры Болатбек Қопанов танылды. Қарағанды облыстық ІІД-нің ансамблі мен жеке дауыста көптің көзайымына айналған Қарағанды облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанатай Сембеков және осы өңір бойынша МКҚБ сақшысы, полиция лейтенанты Нұрлыбек Болсынбеков ІІІ дәрежелі дипломды қанағат тұтты. Ендігі таңда 100-ден астам өнерлі сақшылардың ішінен озып шығып, марапатқа ие болған бұл қыз-жігіттер елордада ағымдағы жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін республикалық «Біз мәңгілік ел боламыз!» атты патриоттық әндер байқауында бақтарын тағы бір сынамақ.

ТҮЙІН. Бір жылдары аймақтағы ішкі істер органдары әскери-патриоттық әндерге байқау жариялаған болатын. Сонда кейбір қалам ұстаған тілшісімақтар «Полицияға патриоттық ән керек пе?» деп даурыққан еді. «Оларға рухты көтеретін туынды не үшін керек?», «әлде қылмыспен күрес жүргізуде бұған дейін «рухтары» жетпей жүрген бе?» деген қисынсыз кекесінді де естігенбіз. Погон таққан қыз-жігіттер сахнаға шықса, «той тойлағанша, жұмысын бітірмей ме» дейтін ақылшылар да жетіп артылады. Қайтеміз, қоғамның кейпі осындай, таным-деңгейі осы… деп қолды бір сілтеуге болар еді. Алайда, дабырасы көп осындай далбасалыққа немқұрайды қарағымыз келмейді. Себебі, полицияға патриоттық ән керек! Керек болғанда да ауадай қажет! Күн-түні қылмыспен күрес жолында тыныштық көрмейтін, күндік жұмысы қым-қуыт қазақ полициясын еңсесін көтеретін, намысын жанып, рухын жігерлендіретін отты жыр, жалынды ән шындап келгенде бұл салаға ғана емес, ел қамын, ұрпақ жайын ойлаған әр азаматқа керек!

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, Астана-Павлодар-Астана
Суреттер Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінен алынды

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*