Нашақорлық – аса ауыр қылмыс

маман пикириҚазір бүкіл әлем елдері нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр. Себебі, нашақорлық індетінің адамзат баласына әкелетін кесапаты үлкен, зардабы өлшеусіз. Соңғы жылдары мемлекетіміз есірткіге қарсы заңнамасын барынша күшейтті. Еліміздің құқық қорғау органдарының алдына есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес аса маңызды міндет ретінде қойылды. Осы бір көкейкесті мәселенің кейбір көлеңке тұстары, аса ауыр қылмыстың алдын алуда көлік сақшылары атқарып жатқан ауқымды жұмыстар бағыт-бағдары, есірткі тасымалдаушылар үшін оңтайлы болып табылатын әуе және теміржол көліктеріндегі бұл заңсыздықтың алдын алу мақсатында қолға алынған іс-шаралар нәтижесі жайлы оқырмандарымыздың сұрағына ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Нариман Абылқасенов жауап береді.
СҰРАҚ: Нариман Абылқасенұлы, департаменттің қызмет көрсету аумағына республикамыздың теміржолдары мен әуе көлігі нысандары кіретінін білеміз. Ал, сіз басқарып отырған басқарманың атқаратын негізгі міндеттері қандай?
ЖАУАП: Көліктегі ІІД еліміздің теміржолдары және әуе көлігі нысандарында құқықтық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұған қоса, департаменттің қызмет көрсету аумағында Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Түркіменстан мемлекеттерімен шекаралас орналасқан теміржол стансалары бар. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің басты міндеті осы аумақтарда есірткіге қарсы күресті нығайту, соның нәтижесінде қылмыскерлерді ұстап, есірткіні тәркілеу. Бұл ретте, есірткіні тасымалдау деректерін зерттеу, ірі көлемін табу, оның ең ауыр түрі – героинді анықтау, сөйтіп, есірткі өндірушілердің жолын кесу басты шарт. Әсіресе, есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдаудың алдын алу біздің жұмысымыздың өзегі десек те болады. Басқарма қызметкерлері есірткіні заңсыз тасымалдаумен, сатумен айналысатындарды анықтап, заңсыз айналымнан есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды алу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізеді.

СҰРАҚ: Жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны қанша? Есірткіні сату деректері көп пе, әлде, контрабандалық жолмен тасымалдау фактілері басым ба?
ЖАУАП: 2013 жылдың қаңтар-мамыр айларында Көліктегі ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 130 қылмыс тіркеген болса, оның ішінде 59-ы сату және 10-ы есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдау фактілері екендігі анықталды. Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 206 келіден астам әртүрлі есірткі заттары алынса, оның 12 келісі героин. Мәселен, 2013 жылдың сәуір айында басқарма қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Астана қаласында тұратын 59 жастағы зейнеткер әйелдің үйінен жалпы салмағы 10 келіні құрайтын героин есірткі затын алды. Қазір аса ірі көлемдегі бұл есірткі затымен ұсталған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, героиннің жеткізілу каналдарын анықтау бойынша шаралар жүргізілуде.
СҰРАҚ: Кейінгі кезде жолаушылар пойыздарындағы кейбір жолсеріктердің өздері есірткі тасымалымен айналысып, қылмыстық әрекеттерге баруы жиіледі. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
ЖАУАП: Расында, соңғы уақытта теміржол мен әуе көлігі мекемелерінде жұмыс істейтін кейбір азаматтардың есірткі тасымалдап, қылмыс жасауы қынжылтады. 2013 жылдың ақпан айында Защита стансасындағы ІІЖБ қызметкерлері Өскемен қаласы әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерінен 2 келіден аса марихуана есірткі затын тәркіледі. Бұл факті бойынша Защита стансасындағы ІІЖБ тергеу бөлімі қызметкерлері ҚР ҚК-нің 259-бабының 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, жыл басында көлік полицейлері Алматы-Атырау бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде аталған пойыздың вагондарының бірінің 38 жастағы жолсерігін ұстады. Тексеру барысында 38 жастағы әлгі жолсеріктің 2 келі 290 грамм аса ірі салмақта марихуана есірткі затын Ақтөбе облысы арқылы Атырау қаласына алып өтпек болғандығы анықталды. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 259-бабы, 1-бөлімінің 1-тармағы бойынша («Аса ірі көлемдегі есірткі затын сақтағаны үшін»), сондай-ақ, Қылмыстық Кодекстің 250-бабы, 4-бөлімі бойынша («Аса ірі көлемдегі есірткі затын заңсыз өткізу») қылмыстық іс қозғалды. Ағымдағы жылдың 31 наурызы күні Алматы-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызының 9 вагонында Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аумақтық филиалының жолсерігін ұстады. Тексеру барысында одан жалпы салмағы 17 келі 361 грамды құрайтын кептірілген марихуана есірткі заты салынған екі жол сөмкесі алынды. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
СҰРАҚ: Жолсеріктердің осындай ауыр қылмысқа баруының басты себебі неде? Бұл заңсыздықтың алдын алу, тамырына балта шабу үшін не істеу керек?
ЖАУАП: Осының барлығы азаматтардың қылмыстық әрекеттердің астарына жете үңілмеуінен, есірткінің зардабы мен залалына мән бермеулерінен деп ойлаймын. Меніңше, қай салада болсын, қызметкерлерді іріктегенде, ең алдымен олардың кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне баса назар аударған жөн сияқты. Кез келген мекеме, ол мемлекеттік болсын, тіпті, жекеменшік болсын, қызметке қабылданатын азаматтардың санына емес, керісінше, сапасына мән беруі керек-ақ. Жауапты қызметтерге «көлденең көк аттының» алынуы, жоғарыдағы келеңсіздіктердің орын алуына бірден-бір себепші. Ал, ақшадан гөрі абыройды биік қоятын мекемелер өз беделіне нұқсан келтіретін қызметкерлерден арылулары қажет деп есептеймін.
СҰРАҚ: Бүгінгі күні басқарма есірткі қылмысына қарсы нақты қандай шараларды жүзеге асыруда?
ЖАУАП: Жалпы нашақорлыққа қатысты қылмыстардың барлығы ауыр қылмыс түріне жатады. Жыл сайын мемлекетіміз есірткі қылмыстарының алдын алу, жолын кесу мақсаты үшін қомақты қаржы бөліп келеді. Елімізде арнайы қабылданған бағдарламалар негізінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы есірткіге қарсы заңнамасын күшейткен мемлекеттердің бірі. Осыған сәйкес, Қазақстан аумағына есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдағандарға – өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын болды. Сондықтан болса керек, қазірдің өзінде, нашақорлық қылмыстарының едәуір төмендегені байқалады.
Өткен жылы да, биылғы жылдың 5 айы ішінде де Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткіге қарсы күресте департаменттің желілік бөліністері, басқа да құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерімен бірлесе отырып бірқатар шаралар атқарды. Департаментттің қызмет көрсету аумағында тиісті жоспарға сәйкес түрлі акциялар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер жиі өткізіліп тұрады.

Дайындаған Ләззат БАҚАШҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*