Құнанбайдың құлы болып ойнасам да қарсылығым жоқ

DSC_0174+ Боранбай МОЛДАБАЙ, актер, ҚР мәдениет қайраткері:                                                                                                                                                                                                                                                                                   Өнер – көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болса керек. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Өнер жолында жүру әрбір өнерпаз үшін қиын да ауыр жол. Себебі, әрбір әртіс өз өнерімен халық алдында тәрбиелеуші рөл атқаратынын біледі. Ендеше, қиын да болса қызықты әрі тартысты жолды жанына серік еткен әртістің бірі – Боранбай Молдабай. Ол – Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының белді актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері, Ерен Еңбегі үшін медалінің иегері.

– Өнер жолында қай уақыттан бері еңбек етіп келесіз?
– Ауылда өскен балаға оқуға түсу деген қиынның қиыны, асқақ арманның бірі болатын. Сол арманым бір күні күтпеген жерде іске асты. Әрине, оның орындалуына, біріншіден, Алла тағала себепкер болса, екіншіден, Еламан атты досым себепкер болды. Бірде кездейсоқ Еламан үйге келе қалды. Қолына «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетін ұстап алған. Газет бетінде Тұңғышбай Жаманқұлов оқуға өнерлі жастарды қабылдайды делінген ақпарат бар екен. Содан арман қуып Алматыға жол тарттым. Емтиханда бар өнерімді салып, Тұңғышбай ағаның ақ батасын алдым. 1989 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер институтына оқуға түскеннен өнер жолына алғаш қадам баса бастадым десем де болады. Хадиша Бөкееваның класында тәлім алдым. Оның ішінде Тұңғышбай Жаманқұлов пен Әшірбек Сығай ағаларымыздан білім нәрін алып, өнерге деген махаббатымды жандандыра түстім. Ол кісілер менің екінші әкемдей болып кетті. Әрине, өз әкемнің жолы бөлек, бірақ, өнердегі жолыма көп көмегі тиген әкелерім осы кісілер. Оқуды өте үздік дипломмен тәмамдадық. Бәріміз биікке шыққымыз келеді. Сол кезде Әшірбек Сығай мені өзіне шақырды. «Бала, сен Алматыда оқыдың, Алматыда өстің. Енді сен облысқа бар. Мұнда қалсаң көптің бірі болып қаласың. Облыста көп нәрсе үйренуге болады. Шыңдалып кел» деді. Ол кісілердің әрбір сөзі бізге заң. Қарсы шығуға болмайды. Келісе кеттім. Сөйтіп, Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрына арнайы шақыртумен жол тарттым. Сол уақыттан бері өнерге бақандай 20 жыл азды-көпті еңбегімді сіңіріп келемін. Оралда Елбасының арнайы тапсырмасымен салынған ерекше дизайнды Қазақ драма театрынан алған тәлімім де, берген өнерім де аз болмады. Театр режиссері, марқұм болған Жамбылбек ағамның маған үйреткені өте көп. Ол кісілерді мәңгі ұстазым деп білемін. Жайықтың жағасы деген бір керемет жер ғой. Жібектің туып-өскен, сұлулығына себепкер болған әсем табиғатқа бай жер. Міне, сол жылдар менің өнеріме де өз үлесін қосты. Әр рөлді сомдамас бұрын Жайықтың жағасына барып, көп ойланып, өзімше кейіпкерді жан-жағынан тануға тырысатынмын. Қалалық №5 автобустың ең соңғы орнына отырып алып, қаланы түгелімен аралап шығатынмын. Сонда әр түрлі адамдарды көремін. Әр адам бір кейіпкер ғой. Солардың бәрін ойыма түйіп, өз рөлімде пайдалана кететінмін. 20 жыл бір мекемеде жұмыс жасау ол тек менің тұрақты мінезімді ғана көрсетпейді, сол театр ұжымы бірлігінің мықтылығы мен өнерінің биік екенін көрсетеді. Балаларымның жарқын болашағы үшін арман қаланың бірі елордамыз Астанаға арнайы жол тартып, міне, қазіргі күнге дейін Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының актері қызметін атқарып келемін. Бұл жақта тек мықтының мықтысы мен білімді мен біліктілер бас қосқан десем, артық айтқаным болмас.
– Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріңізбен бөлісе отырсаңыз?
– Шынымды айтсам, атақ-мансапқа құмар емеспін. Бірақ өнеріңді, еңбегіңді ескеріп, елеп жатса, мен де өз Отаныма өзімше үлес қалдырып жатырмын деп қуанамын. Айта кететін болсам, Оралхан Бөкей шығармасынан көркемсөз оқудан лауреат атандым. Сол секілді атақты актер, режиссер Нұрмұхан Жантөринге арналған көркемсөз оқу байқауында «Тырналар» өлеңін оқып, Гран-приді жеңіп алған болатынмын. Екі көркемсөз оқу байқауынан соң түс көрдім. Түсімде Оралхан ағам арқамнан қағып тұрды да, сағым болып кетті, Нұрмұхан ағам да солай түсіме кірді. Айтпақшы, Қырғыз еліне арнайы гастрольдік сапармен барып, Ромео мен Джульеттаны сахналаған болатынбыз. Сонда мен Пірадардың рөлін ойнап шықтым. Сол қойылымның арқасында Қырғызстан Респбуликасының Мәдениет қайраткері атандым. Одан соң Елбасымыздың өз қолынан «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Сол секілді Мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағына да ие болған жайым бар.
– Әр әртістің өзіне жақын кейіпкері болады. Сіздің сомдаған кейіпкерлеріңіздің қайсысы өзіңізге жақын? Көбіне қандай образдар сомдаған ұнайды?
– Кейіпкер таңдамаймын. Себебі, әр кейіпкер әртүрлі. Әрқайсынан өзіне керектісін алуға болады. Сондықтан жаман мен жақсы кейіпкерден де бас тартқан емеспін. Қандай спектакль болсын мен оны 15 не 20 рет көрмей ол туралы ештеңе айта алмаймын. Әр көргеніңнен әртүрлі ерекшелікті табуға болады. Қойылымға дайындаларда өзіммен өзім қалып дайындалғанды ұнатамын. Тіпті, сахналауға аз ғана уақыт қалса да мен дайындық үстінде жүремін. Режиссермен тығыз байланыста жұмыс жасағанды жаным сүйеді.
Мен үшін әр сомдаған кейіпкерім жаныма жақын. Себебі, мен қайсысын болмасын жан дүниеммен орындаймын. Менің жаныма жақын, іштей жаным ашып жылап алатын кейіпкер бар. Ол «Шойын қатын» деген комедия жанрындағы қойылымдағы Қошқарбек деген тракторшы. Ол – жаны жомарт, аңқау, ауылдың баласы. Бір мақтаса шыр айналып жұмыстың бәрін бітіріп тастайтын сондай аңқау, аққөңіл жан. Сол рөлді ойнаған сайын ауылдағы ағаларым есіме түседі. Ей, қайран тракторшы ағаларым-ай деп іштей жылап та аламын. Әртіс атанғалы 60-қа жуық кейіпкер сомдаған екенмін. Қазір олардың әрбірін сағынамын. Әрқайсының өзіндік мінезі, ерекшелігі бар. Мен әрбір кейіпкерді жақсы көремін.
– Жеке өміріңіз жайлы айта кетсеңіз?
– Менің туған жерім Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының Бөгенсу қоймасы ауылында 1969 жылы дүниеге келдім. Ал негізгі менің ата-жұртым, елді-мекенім Алматы облысының Кеген ауданы. Балалық шағымдағы әрбір қызықты аңсаймын. Әсіресе, Шарын шатқалының ғажайыбын айтсаңызшы. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары болды. Дегенмен, өнерге жақын болды. Әкем аздап өлең шығаратын, ал анам домбыра тартатын. Табиғат заңдылығына бағына отырып өз сүйгеніммен отбасын құрдым. Ұлдарымның анасы, жан жарым, үйіміздің шырағы, жұбайым – Алтынгүл. Негізгі мамандығы – экономист. Дегенмен, отбасының ұйытқысы болып, балаларының тәрбиешісі болып үйде отыр. Алтынгүл оқымаған, Алтынгүл ашпаған кітап қалмады-ау деймін (күлді). Кітап оқығанға жаны жақын, менің сыншым, ақылшым. Отбасын құрып, Аллаға шүкір, 2 азамат тәрбиелеп келеміз. Үлкен ұлымның есімі – Ақберен, кенжеміздің аты – Ерасыл. Үлкен ұлым әрі оқу оқиды, әрі жұмыс жасайды. Өнерден де алыс емес. Күйші десем, артық айтқаным емес, ұлымды, тіпті, мықты композиторлардың өзі мойындаған. Ноталарды керемет сәнін келтіріп жазады. Ал кенжемнің спортқа жаны жақын. Алланың сыйлаған ұлдарын өсіріп, болашақ ізбасарларыма өзімше жақсы үлгі-өнеге көрсетіп келемін деп ойлаймын. Балаларымнан көп үміт күтемін. Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз.

P.S. Боранбай Молдабай жаны жайсаң, аузын ашса жүрегі көрінетін, өнерге ғашық жан екен. Әрбір кейіпкерін зерттегенді жаны сүйеді. Ол өзі ойнаған рөлінен сабақ ала алатын әртіс. Отбасында ардақты да асқар таудай әке. Емен-жарқын әңгіме тиегін ағытып, құдды бір құрдасымен шүйіркелескендей сезімге баурады бізді. Ақкөңілділіге де жоқ емес. Сол ақкөңілділігі ғой, «Құнанбай» фильміне арнайы шақырту алғанын да айтып қойды. «Бұл картинада қандай рөлді сомдайсыз?» деп сұрағанымызда, «Құнанбайдың құманын ұстап жүрген құл болып ойнасам да еш қарсылығым жоқ» деп, өзінің қарапайымдылығын тағы бір мәрте дәлелдей түсті…

Әңгімелескен Жанқозы Болатбек

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*